
Оңтүстік Кореяда мерзімінен бұрын өтетін президенттік сайлау 3 маусымға белгіленді. Бұл сайлау елдің бұрынғы басшысы Юн Сок Ёльге жарияланған импичментке байланысты өткізілмек. Осыған байланысты премьер-министр әрі президенттің міндетін уақытша атқарушы Хан Док Су қызметінен кетіп, сайлауға қатысатынын мәлімдемек.
Хан Док Судың орнына елдің қаржы министрі және экономикалық мәселелер бойынша премьер-министрдің орынбасары Чхве Сан Мок президенттің уақытша міндетін атқарады.
Хан Док Су бұл шешімін халыққа үндеуінде мәлімдеп, бірнеше апта бойы жалғасқан алып-қашпа сөздерге нүкте қойды. Ол президент Юн Сок Ёль желтоқсан айында әскери төтенше жағдай енгізгені үшін биліктен шеттетілгеннен кейін, Халық билігі партиясының ықтимал кандидаты ретінде қарастырылған еді.
«Менің алдымда екі жол тұр. Бірі — қазіргі міндеттерімді соңына дейін атқару, екіншісі — қызметтен кетіп, одан да үлкен жауапкершілік алу. Мен шешім қабылдадым. Қызметімді тастап, алда тұрған дағдарысты еңсеруге бар күшімді салуға бел будым», деп қосты Хан Док Су.
Еске сала кетейік, 4 сәуір күні Оңтүстік Кореяның Конституциялық соты Юн Сок Ёльге қатысты импичментті мақұлдады.