Шаруашылық • Кеше

Ауыл шаруашылығын дамытудың алғышарты

70 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «Ауыл шаруашылығын дамытудың алғышарты» тақырыбында өткен дала семинарына қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ауыл шаруашылығын дамытудың алғышарты

Суретті түсірген - Ақәділ Рысмахан

Жиынға ғылыми-зерттеу институтының өкілдері, ауыл шаруашылығы саласының ғалымдары және агробизнес өкілдері, аудан басшылары мен шаруа қожалық жетекшілері қатысты. Семинар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың IV отырысында ауыл шаруашылығы саласына қатысты берген тапсырмаларын талқылауға және оларды іске асыру жолдарын айқындауға арналды.

Іс-шарада ауыл шаруашылығы көрмесі мен «QazMeatExport» шаруа қожалығының егістік алқабы көпшілік назарына ұсынылды. Айдарбек Сапаров жергілікті тауар өндірушілердің өнімін жоғары бағалап, жұмыстарына табыс тіледі.1

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес, сондықтан саладағы жұмысты ширатуға барлық тарап мүдделі болуы тиіс.

«Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауы ауыл шаруашылығы саласының дамуына тың серпін берді. Алда бізді егістікті цифрландыру, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, егіс алқаптарын әртараптандыру, суармалы жерлердің көлемін арттыру, минералды тыңайтқыштарды енгізу және шаруаларды жоғары өнімді тұқымдармен қамтамасыз ету сынды ауқымды міндеттер күтіп тұр. Ауыл шаруашылығының стратегиялық маңызын ескерсек, заманауи ғылыми жетістіктерді тиімді пайдаланудың маңызы зор», дейді Е. Қарашөкеев.

Министр А. Сапаровтың айтуынша, аграрлық саланы қолдау үшін билік тарапынан қарастырылған қаржы көлемі жыл сайын артып келеді. Шаруаларға мемлекеттік қолдаудың тетігін түсіндіру үшін сала мамандары білек түріп жұмыс істеуі керек.

«Жамбыл облысында ауыл шаруашылығына жіті көңіл бөлініп, ветеринария саласына жаңашылдықтар енгізілді. Мал дәрігерлері қызметтік көлікпен қамтылып, ветеринариялық пункттердің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар көрсетілетін қызметтің сапасын жақсартып, халықтың тұрмыс деңгейін көтеруге ықпал етеді» дейді А. Сапаров.

Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшеновтің айтуынша, биыл саланы дамытуға 48,2 млрд теңге бөлінді. Бүгінге дейін 3,4 мың шаруаға мемлекеттік қолдау көрсетілді. Нәтижесінде І тоқсанның қорытындысы бойынша 38 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, салаға 4,1 млрд теңге инвестиция тартылды.

Биыл 641,2 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,5 мың гектарға артық.

Көктемгі дала жұмыстарына Үкімет тарапынан 20 мың тонна дизель отыны бөлінді. Қазіргі таңда шаруаларға тарату жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. 498, 5 мың гектар алқапқа 99,7 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланған.

Жиында сөз алған Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Басқарма төрағасы Шолпан Бастаубаева жамбылдық шаруалармен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеуге дайын екенін жеткізсе, Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Басқарма төрағасы Теміржан Айтбаев Жамбыл облысында тұқым шаруашылығын дамыту жөнінде бастама көтеріп, нақты бағыт-бағдарын ұсынды.

Кейіннен ведомство басшысы жаңа типтік үлгіде салынған ветеринариялық пунктті аралап, «Алель Агро» АҚ-ның тәулігіне 144 мың бас тауық етін өңдейтін комбинатының құрылыс барысын көрді. Сонымен бірге аса қауіпті Марокко шегірткесіне қарсы химиялық күрес шараларын зерделеді.                                                                                                       

Жамбыл облысы