
Фото: Ашық дереккөз
Алайда, бұл хабарламадан кейін, қазақстандықтардың көпшілігі шетел азаматына көрсетілген ерекше ілтипатқа наразы болып, ХҚКО-да бәріне бірдей қызмет көрсетілуі тиіс екенін алға тартты. Сын пікірлерден кейін мемлекеттік корпорациясы әлеуметтік желіде түсіндірме жазба жариялады.
«Аталған материалдың мақсаты – танымалдылығына байланысты біреуді ерекшелеу емес. Кей қонақтарға ерекше көңіл бөлуді теңдік принципін бұзады деп қабылданғанын түсінеміз. Осыған байланысты, ХҚКО-ларда көрсетілетін барлық қызметтер заңнама шеңберінде және барша азаматтар үшін тең жағдайда жүзеге асырылатынын ерекше атап өткіміз келеді. Жарияланымдағы жалғыз мақсатымыз – басқа мемлекеттерде де мойындалып жүрген қызмет көрсету сапасының жоғары деңгейін көрсету болатын», делінген хабарламада.
Баспасөз қызметі атап өткеніндей, мұндай қадам корпорацияның клиентке бағдарланған тәсілі, өкілдік форматы және қонақжайлылықтың белгісі ретінде жасалған. Бұл тәжірибе бұған дейін де қолданылған, төраға танымал қазақстандықтарды жеке қабылдап, мемлекеттік қызметтердің сапасын бақылап және кері байланыс алу мақсатында кездесулер өткізген.
Бұл жағдайдан кейін қоғамда «Яна Рудковская Қазақстанда тұруға рұқсат алған ба? Оған ықтиярхат немесе азаматтық берілген бе? Ол Қазақстанға қандай еңбек сіңірді? Мұндай ілтипат әрбір азаматқа бірдей көрсетіле ме?», деген сынды сұрақтар туындады.
Ресми дерекке сүйенсек, Яна Рудковская 1975 жылы Қостанайда дүниеге келгенімен, балалық шағында отбасымен бірге Ресейдің Барнаул қаласына көшіп кеткен. Әзірге тиісте орган ресейлік шоу бизнес өкілінің Қазақстан азаматтығын алған-алмағандығы жөніндегі ақпарат берген жоқ.
Ал корпорация басқармасының өкілдері басшылықтың еріп жүруі мемлекеттік қызметтерді алуда ешқандай артықшылық бермейтінін мәлімдеді. Барлық мемлекеттік қызметтер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, әрбір өтініш берушіге тең жағдайда көрсетілетінін атап өтті.
Айта кетейік, ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2022 жылдан 2024 жылдың қазан айына дейін 6 665 ресейлік Қазақстан азаматтығын алған, оның ішінде 2 199-ы – қандастар. Сол кезеңде 33 677 ресейлік Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алған.