Заң • Бүгін, 11:57

Павлодарда ер адам 45 жыл бойы ешбір құжатсыз тұрып келген

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

48 жасар Андрей Дягель Ертіс-Баян өңірін 1980 жылдан бері мекендейді. Осы уақыт бойы ешбір құжатсыз өмір сүріп келіпті, деп жазады Egemen.kz.

Павлодарда ер адам 45 жыл бойы ешбір құжатсыз тұрып келген

Ол облыс орталығының іргесіндегі Кенжекөл ауылында 18 жылдан бері тұрып жатыр. Айтуынша, Ресейдің Новосібір өлкесінде 1977 жылы дүниеге келген. Тағдырдың жазуымен ол үш жасқа толғанда отбасы Павлодар қаласының жанындағы Мичурино ауылына көшіп келеді. Балалық шағын осында өткізген Андрей Дягель қызық болғанда кеңестік үлгідегі төлқұжатты да ала алмаған. Оған туу туралы куәлігін жоғалтып алуы себеп болған.

– Мектеп бітірген соң Павлодар қаласына келіп, пәтер жалдап тұрдым. Қолға ілікккен жұмыстың бәрін істей бердім. Құжатым жоқтығына байланысты әскерге бармадым. Ал 2007 жылы Кенжекөл ауылына көшіп, ол жерде болашақ жарыммен таныстым. Тұңғыш қызымыз да сонда дүниеге келді. Әйеліміз екеуіміз некемізді заңдастырғымыз-ақ келген. Алайда ол үшін әуелі жеке куәлік немесе төлқұжат ресімдеуім керек болды. Бірақ оны ресімдеу ұзақ жылдарға созылды, – дейді ол.

Андрей өз еркімен екі мәрте облыс орталығындағы панасыз жандарға арналған арнайы қабылдағышқа барып, 30 тәуліктен отырып қайтқан.

– Солай жасасам, құжатым тез арада ресімделіп кете ме деп ойладым. Бірақ бәрі мен ойлағандай болмай шықты. Ресейлік азамат емес екенімді, 30 жылдан астам уақыт жыл бойы Павлодар іргесінде тұрып келе жатқанымды дәлелдеуім қажет болды. Осылай жүргенде 2018 жылы жергілікті учаскелік полицей Ресейдің Қарасуық қаласынан туу туралы куәлігімнің көшірмесін алдырды. Одан соң арнайы қабылдағышта тағы отырып шықты. Одан да нәтиже болмады, – деп еске алады отағасы.

Бірде әйелі емделіп жатқан медициналық орталыққа барғанда ондағылар мемлекеттік мәліметтер қорында Андрей Дягель туралы бірде-бір мәлімет жоқ екенін хабарлайды. Бұл жағдай құжат ресімдеу ісіне бар ынта-шынтасымен кірісуге түрткі болған тәрізді. Ақпан айында жергілікті әкімдік өкілдері құжат жинауға көмектесіп, оның көршілерін куәгер ретінде тартқан. Яғни осыншама уақыт ішінде ер адамның расында облыс аумағын мекендеп келгенін, ешқайда шықпағанын дәлелдеу қажет еді.

Куәгерлер барлығын нақтылаған соң сәуір айында өңірлік көші-қон қызметі басқармасы Андрей Дягельді Қазақстанның азаматы деп таныды. Ал мамыр айында оған ЖСН берілді. Нәтижесінде ҚР азаматтарына арналған жеке куәлік ресімдеуге мүмкіндік алады.

– Биылғы 17 қарашада көптен арман болған куәлігім қолыма тиді. Бес балам бар, ең кіші ұлым 6 айға толды. Олардың барлығы кезінде әйелімнің тегін алған. Енді балаларымды өз тегіме жаздырып аламын, – деген қуанышын жеткізді отағасы.

Андрей өмір бойы кафель желімдеумен айналысып келген. Осы уақытқа дейін жұмыс ұсынған азаматтар одан ешбір құжат сұрап көрмеген.

Павлодар облысы