Ауданның туристік әлеуеті жыл сайын артып келеді. Қазір мұнда 28 туристік нысан қызмет көрсетеді, биылғы жарты жылдықта 18 мың турист келіп, көрсеткіш 4,7%-ға өскен. Аймақта «Жаркент Мешіті», Әулиеағаш, Керімағаш, «Жаркент-Арасан» сияқты тартымды орындардың болуы туризмді дамыту мүмкіндігін кеңейтеді. Осы мақсатта облыста Туризм басқармасы құрылып, бес ауданда, оның ішінде Панфиловта туризм бөлімдері ашылды.
Жаңа «Балқаш Тазалық» және «Алакөл Тазалық» кәсіпорындары жағалауды санитарлық тазалау, қоқыс шығару, қоғамдық әжетханаларды күтіп ұстау, жарықтандыру жүйесіне қызмет көрсету, көгалдандыру мен жол бөліктерін тазалау сияқты міндеттерді орындайды. «Алакөл Тазалыққа» 40-тан астам, «Балқаш Тазалыққа» 20-дан астам қызметкер қабылданып, маусым кезінде қосымша жұмысшылар тартылады. Әр мекемеге 20-дан аса арнайы техника (бульдозер, экскаватор, қоқыс тасығыш, трицикл, қайық және т.б.) сатып алу жоспарланған.
Көлдер жағалауының инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. Үшарал әуежайының ұшу-қону жолағы жаңартылды, «Талдықорған – Үшарал» және «Үшарал – Достық» жолдары қайта жасалды. Ақши ауылында кәріз жүйесі салынып, 56 шақырымнан аса электр желісі тартылды.
Балқаш жағалауында бей-берекет құрылысқа жол бермеу үшін жаңа жоспар бекітілді. Лепсіге дейінгі жолдар жасалып, биыл «Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай» трассасы ашылды. Қазір жағалауды абаттандыру және инженерлік желілерді тарту жұмыстары жүріп жатыр: 9,3 км жол, 32 км су, 17 км кәріз және 36 км электр желісі салынады.
Бұл шаралар туризмді дамытуға және өңірдің табиғи аймақтарын тиімді қорғауға бағытталған.