Оқиға • Кеше

Астанада «Қазақстан – майдан арсеналы» көрмесінің ашылуы өтті

60 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

 

2025 жылғы 2 мамырда Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі мен Мәкен Төрегелдин атындағы Жезді кентіндегі Тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінің бірлескен жобасы – «Қазақстан – майдан арсеналы» атты көрменің салтанатты ашылуы өтті. Көрме Ұлттық музейдің Атриум залында ұйымдастырылып, 9 маусымға дейін жалғасады. Бұл мәдени шара – еліміздің тарихындағы маңызды белестердің бірі – Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Астанада «Қазақстан – майдан арсеналы» көрмесінің ашылуы өтті

 

Жеңіс пен бірліктің 80 жылдығына орай аталып өтетін бұл жыл, халық жадына отты жылдардағы ерлік пен қажырлы еңбек, тыл мен майдан арасындағы мызғымас байланыс, елдік пен бірлік ұғымдарын тереңінен сіңіруге мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда, «Қазақстан – майдан арсеналы» көрмесі – рухани жаңғыру мен ұрпақ сабақтастығының  көрінісі.

Көрменің басты мақсаты – Қазақстан халқының Ұлы Отан соғысындағы жеңіске қосқан сүбелі үлесін, тыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегі мен патриоттық рухын музей қорындағы тарихи жәдігерлер арқылы көпшілікке таныстыру. Сонымен қатар, бұл көрме жас ұрпақтың тарихи санасын жаңғыртып, отансүйгіштікке, елге деген махаббатқа тәрбиелеуді көздейді. Экспозиция төрт тақырыптық бөлімнен тұрады.

Қазақстанның кен орындары мен мұнайы – еліміздің табиғи ресурстарын тиімді пайдалану арқылы майданды қажетті шикізатпен қамту барысы. Әсіресе, соғыс жылдарында Қаныш Сәтбаевтың жетекшілігімен ашылған Жезді марганец кен орнының маңызы ерекше атап өтіледі. Бұл кен орны майдан үшін қажет стратегиялық металдардың бірі – марганецтің негізгі көзіне айналды.

Соғыс жылдарындағы Қазақстанның өндіріс орындары – елімізге эвакуацияланған зауыттар мен фабрикалардың жұмыс істеуі, қорғасын, мыс сияқты металдардың өндірілуі мен оның майдан қажеттіліктерін қамтамасыз етуі.

Ауыл шаруашылығы – тылдағы ауыл халқының жанқиярлық еңбегі, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы күріш, бидай, мақта алқаптарының өнімділігі. Атақты күрішші Ыбырай Жақаевтың орағы мен кетпены – ауыл шаруашылығындағы еңбектің символы ретінде ұсынылған.

Майдан бригадалары – Қазақстанда құрылған әскери бөлімдер, олардың майдандағы ерліктері мен жауынгерлік жолы. Сонымен қатар, халықтың майданға көрсеткен көмегі – Қажымұқан Мұңайтпасовтың өз қаржысына ұшақ жасатып, оны Қызыл Армияға сыйға тартуы жөніндегі тарихи құжаттар мен алғыс хат ерекше назар аударарлық.

Сонымер қатар көрме аясында архивтік құжаттар, фотоматериалдар, сирек кездесетін жәдігерлер мен тұрмыстық бұйымдар ұсынылды. Жәдігерлер арасында заманауи интерактив технологиялармен толықтырылған экспозициялар да бар: виртуалды шолу, 3D модельдеу, аудиогидтер. Осы көрме арқылы Ұлы Отан соғысы жылдарындағы халқымыздың төзімділігі мен бірлігін қайта жаңғыртып, жауынгерлер мен тыл еңбеккерлерінің еңбегі көрсетілді.

Соңғы жаңалықтар

Көкшетау көркейіп келеді

«Таза Қазақстан» • Кеше

Өндірістегі өзгеше отау

Мереке • 01 Мамыр, 2025