
Осылайша бес бірдей спортшы баспаналы болып, Олимпиаданың күміс жүлдегері Нариман Құрбанов екі бөлмелі, қола жүлдегерлер – Назым Қызайбай мен Ислам Сәтбаев бір бөлмелі пәтер иегерлері атанды.
Ал қола медаль иегерлері – дзюдошы Гусман Қырғызбаев пен пневматикалық мылтықтың мергені Александра Ле жаттығу жиындары мен халықаралық жарыстардан оралған соң пәтерлерін кілттерін алады.
«Сіздердің жеңістеріңіз – көп жылғы қажырлы еңбектің нәтижесі әрі спортшылардың жаңа буыны үшін лайықты үлгі. Алматы Сіздердің жетістіктеріңізді жоғары бағалайды және Сіздерді жаңа жетістіктерге жету жолында үнемі қолдайтын болады», деді Бейбіт Шаханов.
Өз кезегінде спортшыларымыз да қуаныштарын жасырмай, алғыстарын білдірді.
Орайы келіп тұрғанда, 2024 жылдың 11 тамызында Парижде XXXIII жазғы Олимпиада ойындары өтіп, алматылық спортшылар жеңісті орындардан табылып, халықаралық аренада еліміздің беделін көтергенін еске сала кеткен жөн.
Осыған орай 20 тамызда Алматы қаласының әкімдігінде Олимпиада жүлдегерлерімен салтанатты кездесу өткен еді. Кездесу барысында спортшыларға ақшалай сертификаттар, автокөлік кілттері, сондай-ақ тұрғын үй алуға сертификаттар табысталған болатын.
Спортшыларға бұйырған пәтерлерге келетін болсақ, жүлдегерлерге берілген сертификат жүлделі спортшыларды пәтерлермен қамтамасыз етудің бастапқы шарты болатын. Сертификаттар табысталғаннан кейін тұрғын үй сатып алу рәсімі іске қосылды. Бұл процесс жеке бюджетті қалыптастырып, конкурс жариялаудан бастап шарттар жасасуға дейінгі барлық қажетті мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізуді қамтиды. Бұл процедуралар заңнамамен қатаң реттеледі және белгілі бір уақытты қажет етеді.
Сонымен 2025 жылдың 9 қаңтарында барлық заңды және сатып алу процедуралары аяқталды. Спортшылардың жайлы өмір сүру жағдайларын қамтамасыз ету үшін пәтерлерде әрлеу жұмыстары жүргізілді.
Спорт басқармасының қызметкерлері осы уақыт ішінде әр жүлдегермен байланыста болды және кілттерді тапсыру күні әрқайсысымен келісілді.