
Көрмеде ғалымның Мемлекеттік орталық музей қорында сақталған жеке бұйымдары, қолжазбалары және шығармалары, сондай-ақ ол туралы жарық көрген кітаптар мен басылымдар насихатталды. Әсіресе Шоқанның бөрігі мен мылтығының дүмі, Қашқар сапарынан әкелген қытай құмырасы, сапарда алып жүрген жолторсығы және «Алтынемел» мемориалдық музейінен әкелінген мыс тостағаны, күміс қасығы, парша белбеуі көрермен назарын аударады.
Сол секілді Шоқан Уәлихановтың IV дәрежелі әулие Владимир ордені, Орыс географиялық қоғамының толық мүшесіне сайланғандығы туралы дипломы (көшірмесі), сондай-ақ экспедициясы барысында әкелінген бағалы тастары да көрнекті жәдігерлер қатарынан табылған.
Көрменің елеулі бөлігінен Шоқанның туысқандарына қатысты экспонаттар орын алған. Атап айтқанда, қарындасы Тәжібайдың аққу терісінен тігілген бірегей ішігі, әпкесі Әпиянің көйлегі, қарындастары Бәдіғұлдың бешпенті, Нұриланың орамалы, нағашысы Иса Шормановтың шекпені көрме маңызын аша түскен.
Мазмұнды жобаның елеулі бөлігі Н.Третьяков, Н.Хлудов, П.Дьяков сынды қылқалам шеберлерінің Шоқанның портреттері мен сол заманның көрінісін бейнелейтін шығармаларына арналды. Көрме аясында өткен «Шоқанның ғылыми өнегесі» атты дөңгелек үстелде ғалымнан қалған мұраның мәні мен маңызы, оның игерілуі туралы құнды деректер айтылды. Тарихшы Самат Өтениязов Шоқан Уәлихановтың еңбектері әлі күнге дейін толық жинақталып, жүйеленбегенін, бұл жағдай ғалымның ғылыми мұрасын толыққанды зерттеуге кедергі келтіріп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, Шоқан мұрасын зерттейтін мамандарды даярлау үшін арнайы оқу бағдарламаларын енгізу және ғылыми зерттеу жұмыстарын кең көлемде қолдау қажет.
АЛМАТЫ