Тағзым • Кеше

Тоқтаров тағылымы

90 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары әдебиет айдынына қатар келген «бес тапалды» білмейтін оқырман кемде-кем. Әдебиет біріктірген бес сырлас достың әрқайсысы ұлттық әдебиетке адал еңбек еткен қаламгерлер еді. Солардың ішінде керекулік жазушы, биыл 90 жылдығы аталып отырған Рамазан Тоқтаровтың есімі жеткілікті ұлықталмай жүргендей көрінеді.

Тоқтаров тағылымы

Суретті түсірген – Қасиет Мұхтаров

Сайын Мұратбеков, Қалихан Ысқақ, Рамазан Тоқтаров, Қабдеш Жұмаділов, Әкім Тарази – заманында «бес тапал» аталған қазақ әдебиетінің ірі өкілдері. Ертіс бойын­да туып-өскен Рамазан Тоқтаровтың қаламынан «Бақыт», «Ертіс мұхитқа құяды», «Тұлпардың сыны», «Жердің үлгісі», «Ғасыр наны», «Сусамыр», «Таңбалы жарғақтың құпиясы», «Жендет», «Бақытты құлдықтың ақыры», «Абайдың жұмбағы» секілді романдар туған. «Абай­дың жұмбағы» үшін Мемлекеттік сый­лыққа ие болды. Оқырманға кесек дүниелер ұсынған жазушының туғанына биыл 90 жыл толды.

Қазақтың қабырғалы жазушысының құр­метіне орай Бұқар жырау атын­дағы әдебиет және өнер музейінің ұйым­дастыруымен «Ертіс перзенті» атты әде­би-танымдық кон­ференция өтті. Игі іс-шараға жергі­лікті әдебиетші ғалымдар, қаламгердің қарын­дасы Жаңыл Тоқтарова мен оның күйеуі Қаһарман Зағыт, өзге де туыстары қатысып, қазақ әдебиетінде үркердей жарқ еткен әйгілі жерлесіміз туралы естеліктер айтты.

«Рамазан Тоқтаров шет тілін білген­діктен, шетел әдебиетін сол кездегі ақын-жазушылардан ертерек меңгеріп, шет­елдік мәдениетті кеңінен сезіне алғанын мойындау керек. Өңірлік «Қызыл ту» газетінде еңбек ете жүріп, Алматыға барып «Лениншіл жасқа» жұмысқа тұрды. Сол уақыттан бастап оның әдеби ортаға танылуы, қазақ әдебиетіне кесек дүниелер қоса бастағаны аңғарылады. Шығармалары жаңашылдық сипатымен ерекшеленіп тұратын. «Абайдың жұмбағын» жазуға үлкен дайындықпен келді. Бұл шығарманы жазуда үлкен мəн бар. Кітапты оқи отырып, «Абай жолында» жазылмай қалған кейбір дү­ние­лерді байқадық» дейді филология ғылым­дары­ның докторы, профессор Сейфитден Сүт­жанов.

Рамазанның әкесі Айып үш ағайынды, ағасы Шұғайып пен інісі – Төлеш. Әкесі Айып дүниеден озған соң туыстары анасын әмеңгерлік жолмен Төлешке қосады. Сөйтіп, Рамазан Төлештің отбасына ке­леді. Төлештен туған Жаңылды ерекше жақсы көріп, өле-өлгенше сыйласқан.

«Рамазан мен Жаңыл екеуінің аналары бір ғой. Ал Жаңыл отбасында қыздан жалғыз бола-тұғын. Қарындасын ерекше жақсы көрді. Мінезі жібектей, қарапайым, үлкенмен де, кішімен де тіл табысып кететін абзал жан болды. Өкінішке қарай, тағдыр арамыздан ерте алып кететінін кім білген», дейді еңбек ардагері, жазушының күйеу баласы Қаһарман Зағыт.

Жаңыл Тоқтарова ағасының бауыр­малдығын есіне алды. Айтуынша, «Абай­дың жұмбағын» сонау 50-жылдары ойға алған қаламгер ұзақ жыл ұлы ақын туралы деректерді іздеумен өткен.

«Ата-анамның тұрмысы тәуір болды. Рамазан ағам қалаға келген сайын біздің үйге қона жатады. Ата-анамның өзі Рамазан аға ас алмай табаққа қол соз­байтын. Кішкентай кезімнен тағы бір есте қалғаны – Павлодарда Абай атын­дағы қазақ мектебінде білім алды. Адам­дармен қарым-қатынасқа ерекше мән беретін, сыйластыққа берік еді. Әлі күнге «Абайдың жұмбағын» толықтай шеше алмай кеткендей көрініп тұрады», деп толғанды қарындасы.

Конференцияда бүкіл саналы ғұмы­рын қазақ әдебиетіне, әсіресе, проза жанрының дамуына арнаған жазу­шы Рамазан Айып­ұлының шығарма­шылығына байланысты түрлі тақырыпта баяндамалар жасалды. Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі мен С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана жазушының жеке заттары мен кітаптарынан арнайы көрме-экспо­зициясын ұсынды.

 

Павлодар облысы