
Былтыр облыста қант қызылшасы зауытқа сыймай қалды. Аста-төк шикізатты зауыттар жыл соңына дейін қабылдады. Биыл бұл түйткіл қайталанбас үшін шаралар қабылданып жатыр. Өткен жылы тәтті түбірге арналған егіс алқаптары 13,7 мың гектарды құрады. Одан жалпы 635 мың тонна өнім алынып, орташа өнімділігі гектарына 465 центнерден айналды. Алынған өнімнің 5 мың тоннасы мал азығына бағытталса, 630 мың тоннасы зауыттарға өткізілді. Оның 560 мың тоннасы таза салмақты құраған. Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, Ақсу және Көксу қант зауыттарына өткізілген өнімге 14 млрд теңге субсидия толық көлемде төленген.
«Ақсу, Көксу зауыттарына қант қызылшасын өткіздік. Бүгінде екі зауыт та шаруашылықтарымызбен тиесілі есеп айырысып болды. Қазір басым дақылдарға берілетін субсидияны алдық, соның арқасында көктемгі дала жұмыстарына дайындық қызу жүріп жатыр. Жыл сайын қант қызылшасын кем дегенде жүз гектар жерге себеміз. Биыл да қант қызылшасын, жүгері, майбұршақ сияқты бірқатар дақыл егуді жоспарлап отырмыз. Көктемгі дала жұмыстарына жеңілдік бағамен берілетін жанар-жағармай алатын қаржымыз да дайын», дейді Көксу ауданындағы «Кең дала» шаруа қожалығының басшысы Қалибек Алпысбаев.
Қант қызылшасы бойынша субсидиялауға 679 өтінім түсіп, субсидия толық көлемде берілген. Сондай-ақ Ақсу және Көксу қант зауыттары қабылдаған қант қызылшасы үшін шаруа қожалықтарына 8,4 млрд теңге төленді. Осы ретте бірнеше қытайлық компания өкілі сол кәсіпорындардан шығатын жомды тиімді пайдалануды ұсынып отыр. Сол үшін әлеуетті инвесторлармен облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов кездесіп, жобаны талқылады.
Суретті түсірген – Жеңіс ЫСҚАБАЙ
«Жетісу аграрлы аймақ болғандықтан ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге қатысты жобаларға ерекше қызығамыз. Қант қызылшасы – өңірдегі басым дақыл. Биыл 550 мың тонна тәтті түбір аламыз деген жоспар бар. Егер қант қызылшасы өнімін жинағанша барлық мәселені бірлесіп шешсек, қалдықсыз өндіріс орнын ашамыз. Маңызды инвестициялық жобаны жүзеге асыруда заңға сәйкес өз тарапымыздан тиісті қолдау көрсетеміз. Сіздерден нақты мерзім, өндіріс көлемі көрсетілген және барлық қажетті құжаттамалары бар егжей-тегжейлі жоба күтеміз», деді Ә.Қанағатов.
Жом – құнды мал азығының бірі. Бүгінде оны зауыттардан шаруалар бордақы малға арнайы сатып алады. Егер кәсіпорын салынса, онда ол өндірген жоғары сапалы өнімдер жергілікті нарықта сатылып, экспортқа да шығартылады. Аймақтағы екі қант зауытымен ынтымақтастық ортуды көздейтін жобаға 10 млн доллар көлемінде инвестиция тартылмақ.
Инвестор-компаниялардың айтуынша, кәсіпорында жұмыстың басым бөлігі автоматтандырылады. Экологиялық таза өнім шығарылып, 30-40 адам жұмыспен қамтылмақ. Кездесуде қос тарап жаңа кәсіпорынды логистика жағынан қолайлы, барлық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген «Талдықорған» индустриалды аймағының аумағында салу мүмкіндігін қарастыруға келісті.
Бүгінде қант қызылшасын егу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Осы жылы Қаратал ауданындағы балтамырға 760 гектар егістік жер берілді. Сепкіштер мен басқа да аспалы қондырғыларға соңғы тестілеу жүргізіліп жатыр. Былтыр бірнеше кәсіпорын лизингпен алынған жаңа техникамен толықты. Онда жас механизаторлар жұмыс істейді. Соның бірі – жас маман Арман Басшыбаев.
«Бәрі компьютерленген, мониторлар бойынша аспалы агрегаттардың деңгейін реттейміз. Өткен маусымда жаңа комбайндар қант қызылшасын жинап, ауқымды жұмыс атқарды. Жаңа технологияларды қолдану өте ыңғайлы. Қазір жаңа отырғыштармен жұмыс істеуді үйреніп жүрміз. Меніңше, егіс маусымы сәтті өтеді», дейді А.Басшыбаев.
Қаратал ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ілияс Саяқбаевтың сөзінше, осы маусымда өңірде 22 мың гектарға әртүрлі дақыл егіледі.
«Қант қызылшасы егістігін қысқартып, бақша дақылдарын көбейттік. Соған қарамастан, бағалы дақылды өсіргісі келетін шаруалар көп. Осының есебінен олар техниканы лизингке сатып алады. Өткен жылы қызылша өсірушілер 50 жаңа ауыл шаруашылығы техникасын жаңартты. Биыл да өтінім қабылдаймыз», дейді.
Шаруашылық иесі Марат Қоржынбаевтың сөзінше, былтыр шаруашылықта бір гектардан 700 центнерге жуық тәтті түбір жиналған. Оған жаңа техниканың да көмегі тиген. Басқа дақылдарды да жақсы өсіреді. «Өңірде қайта өңдеу кәсіпорнының аздығы қолбайлау болып тұр. Жаңа зауыт салынса, көп түйткілдің түйіні тарқатылар еді» дейді ол.