
Көрмеге тұқымы бөлек, тұрпаты ерек 400-ден астам ит қатыстырылды. Оның ішінде 50 қазақтың құмай тазысы көрермен назарын ерекше аударды. Бітімі сидаң, құлағы делдең, жанары өткір, сирақтары шымыр бірінен-бірі өткен тазылар кезегін күтіп асқан паңдықпен тыныстап жатты.
Иттер арнаулы алаңда айрықша қасиеттерін көрсетіп, дайындықта шыныққандығын анық аңғартты. Иесінің бұйрығын бұлжытпай орындап дегдарлығын танытты. Қазылар алқасы әр қатысушының жүріс-тұрысына, дене бітіміне, жүнінің күтіміне дейін бағалады. Әсіресе, тазыларға қойылатын талап жоғары болды. Асыл тұқымдыларға төрешілік ету міндетін елімізден бөлек Жапония, Сербия және Латвиядан арнайы шақырылған халықаралық санаттағы қазылар атқарды.
Көрменің басты ұйымдастырушысы, Қазақстан кинологтар одағының президенті Бауыржан Серікқалидің айтуынша, мұндай іс-шаралар қоғамдағы ит баптау мәдениетін арттырып, оны халықаралық стандарттарға сай дамытуға серпін береді.
«Былтырғы жылдың қыркүйегінде Халықаралық кинология федерациясы қазақтың тазы тұқымына халықаралық мойындау мәртебесін берді. Расында тарихи оқиға. Бұл ғасырлар бойы бабаларымыздың сейілдегі серігі болған құмай тазының әлемдік деңгейде танылуы. Алайда әлі де маңызды жұмыстар атқарылуы тиіс. Федерация ережелеріне сәйкес, қазақы тазының толыққанды мойындалуы тек 10 жылдан кейін ғана жүзеге асады. Бұл кезеңде халықаралық кинологиялық іс-шараларға белсенді қатысу, тұқымның тазалығын сақтау, денсаулығын бақылау, аңшылық қасиеттерін дамыту және тазының халықаралық беделін нығайту басты міндет болып тұр», дейді Бауыржан Серікқали.
Айтқандай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та тазыны ерекше жақсы көреді. Франциялық әріптесіне тазының күшіктерін сыйға тартқаны жұрт көңіліне жылу сыйлады. Сондай-ақ президент Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайбергенге де ерекше ілтипатпен осы бағалы сыйды тарту еткен болатын. Әнші тазыға «Ғарышкер» деп ат қойып, бірге түскен суретін әлеуметтік парақшасына жариялаған еді. Орайлы тұста Бауыржан Серікқалидан осы оқиғалардың тазы брендіне қалай әсер еткенін сұрап көрдік.
«Әлбетте, Президенттің тазыға деген қызығушылығы мен оны халықаралық аренада танытуға жасаған қадамдары тазының мәртебесін одан әрі көтерді. Қасым-Жомарт Кемелұлының Эмманюэль Макронға тазы сыйлауы мен Димаш Құдайбергеннің осы киелі жануарға көңіл бөлуі – ұлттық брендімізді әлемге танытудағы айрықша оқиға. Тазыны сый ретінде табыстау – оның тек жануар ғана емес, ұлттық символ екенін білдіреді. Бұл жайттар халықаралық деңгейде қазақы тазының танылуына ықпал етіп, оның әлемдік кинологиядағы орнын нығайтуға зор әсер етті», дейді кинологтар одағының президенті Б. Серікқали.
Көрмеге келген тазы баптаушылар тазының негізгі қасиеті жүйріктігінде екенін айтады. «Оны баулу – ұзақ үдеріс: тоқ тазының ішін айдатып, қоясын түсіреді, оны әбден жүгіртіп, тынысын ашады. Содан кейін ғана түлкінің құйрығымен ауыздандырып, қоянға салып баптайды», дейді олар. Міне осындай қажырлы қайратты талап ететін жұмысты көрменің аясында ғана емес, үлкен аренада бағаласа – нұр үстіне нұр деген тілегін жеткізді.