Айбын • Кеше

Бітімгер күштер ел беделін көтереді

50 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміздің қарулы күштері 2014 жылдан бері Біріккен Ұлттар Ұйымының бітім­герлік қызметіне өз үлесін қосып келеді. Осы уақыт ішінде 80 азамат бай­қаушы және штаб офицері ретінде бірнеше миссияға атсалысса, 700-ге жуық әскери қызметші БҰҰ-ның арнайы операцияларына қатысқан. Ал өткен жылдан бас­тап еліміз бітімгерлік қызметті дербес құраммен өз бетінше орындауға кірісті.

Бітімгер күштер ел беделін көтереді

Жуырда Сирия мен Израиль арасындағы Голан жоталарында бір жылдық бітімгерлік миссиясын ойдағыдай аяқтаған бір топ әскери қызметшіміз елге оралған соң, оларды Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдағаны белгілі. Сол кездесуде Мемлекет басшысы: «Бұл әскеріміздің аса күрделі мін­деттерді орындауға қабілетті екенін көрсетеді. Сіздер Сирия дағдарысының шешуші сәтінде ұтымды әрі батыл әрекет жаса­дыңыз­дар. Қазақстан армиясының кәсіби деңгейі жоғары екенін дәлелдеп бердіңіздер. Сол күндері қазақ жауынгерінің асқақ рухы мен қайсарлығына бүкіл әлем куә болды», деп баға беріп, бірқатар офицер мен сарбазды Голан жоталарында көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Солардың бірі – Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операция­лар орталығының басқарма бас­тығы, Сирияға аттанған алғашқы ұлттық бітімгерлік контингенттің командирі, подполковник Жігер Айыпов. Президенттің қолынан Сағадат Нұрмағамбетов атындағы I дәрежелі «Айбын» орденін кеу­десінен таққа кейіпкеріміздің айтуынша, әу баста оның әскери саланы таңдауына Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауда­нындағы балалық шағы өткен Өре­лі ауылының шекара заставасына жақын орналасуы себеп болыпты.

«Бала күнімнен әскери киім­дегі шекарашыларды көріп, солар сияқты болуды армандай­тын едім. Осы арманым алға жетелеп, Астанадағы Сағадат Нұрма­ғамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебіне оқуға түстім. 2004 жылы оны бітірген соң, Ресейдегі әуе-десанттық учи­ли­щесінде білім алдым», дейді ол.

2009 жылы елге оралған Жігер Мұ­ратұлы Аэроұтқыр әскер­лері қатарын толықтырады. Кейін де­­санттық-шабуылдаушы әскер­лер болып қайта құрылған осы әскери құрылым қатарында Талды­қорған, Қонаев, Алматы қалала­рын­да взвод командирінен бас­тап Бітімгерлік полктің штаб бас­­ты­ғына дейінгі түрлі қызмет тізгі­нін ұстаған соң, 2022 жылы Қорғаныс министр­лігі Бітімгерлік опера­ция­лар ор­талығы­ның Оқу үде­рісін қамтамасыз ету басқар­масы­ның бастығы лауазымына та­ғайын­далады. Содан былтыр елі­міз­дің тұңғыш ұлттық бітімгерлер кон­тин­гентін бастап Голан жоталарына аттанды.

«Шетелге бітімгер ретінде ба­руға, әрине, әскери қызметшінің өз қалауы болуы керек. Егер адам өзі бар­ғысы келсе, ол алдымен қа­таң ірік­теуден өтеді. Біріншіден – ме­ди­­ци­налық, екіншіден – психо­ло­гиялық, үшіншіден – дене дайын­дығы тексерісінен сүрінбеуі қажет. Сондай-ақ мамандығы бо­йынша сынақ тапсырады. Бұған қоса офицерлер мен сержанттар міндетті түрде ағылшын тілін білуі керек», дейді кейіпкеріміз.

Былтыр 14 наурызда 139 адам­нан тұратын бітімгерлік кон­тингенті Алматы қаласынан Го­лан жоталарына жеткен соң, сол жақта бір жыл бітімгерлік мис­сиясын аяқтаған Ирландияның кон­тингентін алмастырған. Жалпы, Сирия мен Израиль арасындағы даулы аймақ саналатын бұл өлкеде Қазақстаннан бөлек, Үндістан, Не­пал, Аустралия секілді 12 елдің де әс­керилері қызмет өткеріп жатыр.

«Біз Голан жоталарында ор­наласқан Біріккен Ұлттық Ұйымы миссиясы қолбасшысының ре-зер­в­­і ретінде қызмет еттік. Басты мақсатымыз – Израиль мен Сирия арасындағы атысты тоқтату тура­лы келісімнің сақталуын қада­ғалау. Осы мақсатта біздің қарама­ғымыздағы БҰҰ полкпосттарын күзету, патрульдеу, жарылыс қау­пі бар заттарды жою, сондай-ақ БҰҰ персоналдарын алып жүру мен эвакуациялау жөніндегі мін­деттерді орындадық», дейді ол.

Ж.Мұратұлының айтуынша, жергілікті халық қазақ жа­уынгерлерін «Бейбарыс сұлтан мен әл-Фарабидің ұрпақтары келді» деп құрметпен қарсы алған.

«Сириялықтардың қазақтарға деген көзқарасы жақсы екен. Бізге үнемі жылы ілтипат білдіріп тұр­ды. Біз ол жақта жүріп бейбіт­шілік деген ұғымның қадірін түсіндік. Бұл – менің ғана емес, бірге болған барлық әріптесімнің пікірі. Елдегі бүгінгі тыныштық пен татулықты бағалау керек деген ой түйіп қайт­тық. Кез келген нәрсенің құны салыстыру арқылы белгілі болады ғой. Си­риядағы халықтың өмірін, бо­лып жатқан түрлі жанжалды көріп, «Жақ­сы даудан жаман бітім артық» деген тәмсіл еске түсті», дейді подполковник.

Сәуір айында еліміздің алғаш-қы дербес ұлттық контингенті қайтып оралған соң, 139 адамнан тұратын екінші контингент Сирияға аттанған еді. Олардың алдына да бірінші құрамға жүктелген міндеттер қойылып отыр.

«Бізді Жоғарғы Бас қолбас­шы­мыз, еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы қа­былдап, ізгі сөздерін арнап, кеу­де­мізге марапат таққаны менің өмірімдегі ең қуанышты сәттің бірі болды. Әрбір әскери қыз­метші үшін еңбегінің бағалан­ғанынан артық сый жоқ. Мемле­кет басшысына, Қорғаныс ми­нистр­лігі басшылығына бізді үлкен құрметпен қарсы алып, марапаттағаны үшін жеке құ­рам­ның атынан алғысымды біл­діремін», деді Ж.Айыпов.

Оның айтуынша, шын мәнін­де, бір жыл бойы шет жерде жү­ріп жинақтаған тәжірибе – отан­дық әскери қызметшілер үшін құнды жетістік. Алдағы мақсат – осы тәжірибені әскери салаға енгізіп, ізбасар жауынгерлерді де бітімгерлік қызметке баулу. Бұл армиямыздың күш-қуатын одан әрі арттырумен қатар, Қазақ елінің бейбітсүйгіш мемлекет екенін дүниеге әйгілемек.