Өшпес даңқ • Бүгін, 08:20

Момышұлы ардақ тұтқан Мұхаметқұл

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Социалистік Қазақстан» газетінің 1944 жылғы 28 наурыз күнгі №62 (6567) санына Екінші дүниежүзілік соғыстың қаһарманы, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының «Серігім» атты жоқтау жыры жарияланыпты.

Момышұлы ардақ тұтқан Мұхаметқұл

Батыр бабамыздың жан жүрегін жарып шыққан бұл жырдың толық мәтіні мынадай:

Келбетті, орта бойлы, өжет мінез,

Кең маңдайда ақылды жайнаған көз.

Әдепті һәм өнерлі салтанатты,

Сендей жігіт анадан туа бермес.

Деуші едім ішімнен мен сені көріп,

Айтпағанмен өзіңе шын сыр беріп.

Болашақта қолбасшы болатын ер

Өткелден өтсе қиын жорық көріп.

Қия жерден қисаймай,

Тіке жүріп кетіп ең.

Сескенбестен қауіптен,

Қайтпастан алған бетіңнен.

Бірнеше қырғын соғыста,

Жалтақтамай артыңа,

Жігіттік, ерлік, батырлық,

Қаһармандық етіп ең.

Тосыннан тиген дұшпанға

Тапқырлықпен, әдіспен,

Табандылық етіп ең.

Полкқа бұйрық болғанда,

Бір өзіңе аманат

Ерлерді табыс етіп ем.

Қан майданды қақ жарып

Шыққаныңа сүйсініп,

Біздің батыр мынау деп,

Көрсетіп мақтан етіп ем.

Өршіл, өжет батырым,

Ерлігіңе сенуші ем.

Қас батырдың бейнесін

Сипатыңнан көруші ем.

Ақылға да кең едің,

Үлгі, өнеге көрсетер,

Ер серкесі болар деп

Ішімнен баға беруші ем.

Серігім едің сенімді

Жауды бірге шабысқан.

Жүрекке суық, жанға жат

Есіттім хабар алыстан:

Сыймай кеттің маңдайға

Қыршын, шейіт арыстан.

Қазаңа қатты қайғырып,

Жігер, бауырым, құм болып,

Қабырғам менің қайысқан.

 

Осы жырдың газетке жариялан­ған нұс­­қасының соңында «Мұхаметқұл Исламқұлов­тың қаза бол­­­ғанын есті­генде» деген сіл­­­теме бар. Демек батыр атамыз бұл жоқтау-жырды Мұхаметқұл Исламқұлов деген досының қаза­­сы­на арнап жазған екен. Ендеше, батыр бабамыз жоқтаған бұл адам кім?

Мұхаметқұл Исламқұлов 1906 жылы оңтүстіктегі Арыс-Бадам өңірінде дүниеге келіпті. Ата-бабасы патшалық Ресей кезінде би-болыс болған, оқыған-тоқыған адамдар екен. Өзі 1920 жылы Ташкенттегі Орта Азия мем­лекеттік университетін журна­лис­тика мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын «Оңтүстік Қазақстан» газетінде тілші болып бастапты. 1938 жылы «Социалистік Қазақстан» газетіне ауысып келіп, 1941 жылы соғысқа редакция табал­ды­рығынан аттаныпты.

Осы оқиғаның басы-қасында болған майдангер-журналшы Қаби Мыңжанов «Егеменді Қазақстан» газетінің 90 жылдығына орай шық­қан кітабында: «Соғысты естіген кезде, барша қызметкерлер, біріміз қал­май редакцияның кең бөлмесіне жиналдық. Әркімнің жүзінен күндегідей жайраңдаған қуаныш нышаны емес, ызғарлы ызбар еседі. Левитанның дауысы: «...началась война, немцы нарушили границы Советского Союза...», деп айтып жатқан кезде адамдардың барлығы үрейлері ұшып, үнсіз қалды. Бұл үнсіз­дікті газеттің ауыл шаруашылығы бөлімінің әдеби қызметкері Мұхаметқұл Исламқұлов бұзды. Ол Қызыл әскер­дің запастағы командирі еді. «Осы түні мен сіздермен қоштасамын», деді Мұхаметқұл. «Қазір үйге де соқпастан тура әскери бөлімге тартамын, барлық жігіттерге сәт сапар тілеймін, жеңіспен жолығайық, жолдастар!», деп бәрімізбен қоштасты. Осы­лай­ша, «Социалистік Қазақ­стан» ұжымынан бірінші болып май­данға аттанған Исламқұлов еді» деп еске алыпты.

Осылай соғысқа аттанған азамат 1941 жылы шілде айында Талғарда жасақталған 316-атқыштар дивизиясына өз еркімен тіркеліп, дивизия командирі генерал-майор И.В.Панфиловтың жетекшілігімен Мәскеуді қорғау майданына қаты­са­ды. Бұл туралы әскери тілші А.Бек «Волокалам тас жолы» атты кітабында: «...Біз де, немістер де күтпеген тұстан «Ура» естілді. Бұл бізге көмекке келген лейтенант Исламқұловтың взводы екен. Ең шешуші сағатта ол өзін нағыз батыл жауынгер ретінде көрсете білді. Жаудың артына байқатпай шығып, қолайлы сәт туғанда атылу – оңай іс емес» деп жазған екен.

Баукең полк командирі лауазымына көтерілгенде, орнына бірінші батальонға командир етіп лейтенант М.Исламқұловты өзі тағайындайды. Бұл туралы өзінің «Москва үшін шайқас» кітабында және «Лениншіл жас» газетінің 1970 жылғы 6 маусымдағы санында жарияланған «Арысым еді...» атты естелігінде: «От пен судан өткен батальонымды кімге сеніп тапсырамын, – деп ойлап келемін. Көп ойланып, көп толғанып, батальонымды Мұхаметқұл Исламқұловқа тапсыруға шешімге келдім» депті.

Баукеңнің батасымен батальон командирі Мұхаметқұл қол бастап, жауды жапырып, қазақтың абы­ройын асырады. Бұл туралы Панфилов дивизиясының гвардия капитаны А.Трефиловтың естелігінде Исламқұловтың ерлігін былай деп баян­дайды: «1942 жылдың 3 ақпанында Исламқұлов батальоны екі жүз бөліктен тұратын жаудың ең мықты қосынымен шайқасты. Батальон командирі Старая Русса қасындағы Малее Горби селосының маңында жаудың қорғанысын қиратқан кезде тағы да ең қауіпті шайқаста ерлік пен батырлықтың үлгісі болды» десе, Бауыржан Момышұлының естелігінде: «Жауынгерлердің қалай орналасқанын көрейік деп блиндаждан шығып келе жатыр едім, мені біреу шақырды. Дауыс шыққан жаққа қарай бұрылсам Мұхаметқұл екен. Ол алға қарай озып кетті. Білмеймін, осы кезде оның нені байқағанын, сірә неміс мергенінің мылтығындағы оптикалық көздеуішке шағылысқан сәу­лені көріп қалса керек, Мұхаң жалт бұрылып мені бас салды. «Бұған не болды?» деп ойлап үлгер­генімше болған жоқ, ол мені құшақ­таған күйі жерге құлады. Мен «не болды?» десем үн жоқ. Жүріп кеткен екен. Оқ сол жауырынының астынан дәл жүрекке тиіпті. Мұхаңды Крюководағы «бауырластар қабі­ріне» жерлеу үшін санитарларды шақырып, денесін арбаға артып, алғы шептен артқа қарай жібердім», депті.  

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Бүгін, 11:20

Жезді жәдігерлері

Көрме • Бүгін, 11:00

Елімізде 3 300 Жеңіс бар

Қоғам • Бүгін, 10:50

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Бүгін, 10:30

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:50

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:40

Ерікті болу – елдік іс

Архив • Бүгін, 09:30

Мәншүк есімі – АҚШ мұрағатында

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:20

Бел жазбай жұмыс істеген балалар

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:50

Ерлердің еңселі ескерткіші

Аймақтар • Бүгін, 08:45

Отыз жасында опат болған оғлан

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:40

Жеңіске ерекше үлес қосқан өңір

Аймақтар • Бүгін, 08:30

Момышұлы ардақ тұтқан Мұхаметқұл

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:20

Аңдатпа

Аңдатпа • Бүгін, 08:15