Өшпес даңқ • Бүгін, 08:55

Бір тәулікте төрт танк талқандаған батыр

120 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

ХХ ғасырда 50 миллионнан аса адамның өмірін қиған сұм соғыстағы Жеңіс­тің тағылымы терең. Оның 20 миллионы – кеңес азаматтары. Елімізден майданға 1 миллион 200 мыңнан аса адам аттанды. Түркістан облысы Төле би ауданы Қарасора (қазір Кеңесарық) ауылынан соғысқа 111 адам аттанса, соның 75-і шейіт кетті.

Бір тәулікте төрт танк талқандаған батыр

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Сондай Отан үшін от кешкен жауын­гер­дің бірі – Сүлей Айна­бе­ков. 2023 жылы туған ауыл­да мектеп музейін жасақтай жүріп, Ресей Фе­де­рациясы Қорғаныс министрлігі «Ха­лық жа­ды» порталынан 140-атқыштар диви­зия­сы 371-Сібір артиллериялық полкі коман­ди­рінің төрт солдатты, соның ішінде Сүлей Айна­бековті «Жауынгерлік ерлігі үшін» меда­лімен марапаттау туралы 8.8.1943 жыл­ғы № 010 ⁄п115 бұйрығының көшір­ме­сін тап­тық. Ол деректі РФ Қорғаныс Министір­лігі­нің «Орталық архиві» толығымен растады.

Бұйрық мәтіні: «КСРО Жоғарғы кеңесі төралқасы атынан 7 батареяның зеңбірек нөмірі қызыл әскер Сүлей Айнабековті «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапаттаймын. 1943 жылғы 7 және 8 шілдедегі шайқаста 238,1 биіктікте жаудың қатты оқ жаудыруы мен бомбалау кезінде Айнабеков бекітуші болып жұмыс істеген зеңбірекпен 4 танк жойылды. 1921 жылы туған, БЛКЖО мүшесі, қазақ, Оңтүстік Қазақстан облысы Леңгір әскери комиссариаты арқылы Қызыл Армия қатарына шақырылған...».

Бұйрықтың бір «әттеген-айы» тегі «Анибеков» деп жазылыпты. Мұндай қате­лік соғыс уақытындағы құжаттарда (ұлт тілі ерекшелігін білмеу) жиі қайталанады.

140-атқыштар дивизиясы КСРО Мемле­кеттік қорғаныс комитетінің Қызыл Армия үшін КСРО Ішкі істер халық комиссариаты әскерлерінің құрамында алты дивизиядан тұратын жеке армия құру туралы 1942 жылы 14 қазандағы қаулысы мен 1942 жылы 26 қазанда Ішкі істер халық комис­сариатының оны Сібір атқыштар дивизиясы ретінде қалыптастыру туралы бұй­рығының негізінде 1942 жылы қазан­да Новосібірде жасақтайды. Осы дивизия 15.02.1943 жыл мен 11.05.1945 жыл аралығында майдан ­армиясы құрамында болды.

Архив деректеріне сәйкес, Курск шайқа­сының алғашқы күндерінде дивизия негізгі ұрыстарға қатыспаған, алайда 1943 жылы 7 шілдеде ол Самодуровка – Теплое маңында шоғырланып, 19-танк корпусына бағынған. Дивизияға 3-жойғыш-танк бригадасымен бірге Ольховатка, Самодуровка және Теплое төңірегін қорғауға алу міндеті жүктелді.

8 шілдеден бастап дивизия бекітілген шепте қорғаныс жүргізеді, бұл жерде жау әскері алдымен 50, кейін 80 танктің қолдауымен шабуылдады. Кей бөлімдер шегінуге мәжбүр болды. Шайқастардың ауырлығын 96-атқыштар полкінің 2-батальо­нының жағдайы айғақтайды – Самодуровка маңын қорғаған бұл бөлім жеке құрамының 60 пайызын, ал қарсы танк қаруы мен пулеметтерінің 80 пайызын жоғалтты.

10 шілдеде Теплое елді мекенінде жау әскерлері 96-атқыштар полкінің бөлім­ше­ле­рін қоршауға алды. 7 және 8-рота толықтай қаза тапты. Сол күні Теплое маңындағы аты белгісіз биіктікте 258-атқыштар полкінің 3-батальоны да толықтай опат болды. Күні бойы дивизия бөлімдері ауыр ұрыс жүргізді, ондаған шабуылды тойтарып, қарсы шабуылға шықты. Ресми деректер бойынша 10 шілдеде дивизия 513 жауынгерінен айырылды, 943 сарбаз жараланды. Осыдан кейін дивизияның қалған бөлімдері шайқастан шығарылды.

Жоғарыдағы архив деректері Сүлей Айнабековтің 1943 жылғы 7-8 шілдеде фашизмге қарсы соғыстың ең қиян-кескі танк шайқасына – Курск иініндегі ұрысқа тікелей қатысқанын көрсетеді. Оның зеңбірегі бір тәулікте жаудың төрт танкін жойған.

Ең ауыр ұрыс жағдайында 140-атқыштар дивизиясының 371-Сібір артиллериялық полкінің командирі 1943 жылы 8 тамызда КСРО Жоғарғы кеңесі төралқасы атынан «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен ерекшеленген жауынгерлерді тек өз құқының дәре­жесінде ғана марапаттай алды деп бол­жауға болады. Кейінірек полк командирі қайтыс болса керек. Әйтпесе ол жауын­герлерді әлдеқайда жоғары мара­­пат­қа ұсы­нар еді деп ойлаймыз.

Сүлей Айнабеков сол сұрапыл шай­қас­тан аман қалып, соғыстың барлық сынағынан абыроймен өтіп, елге оралды. Берекелі отбасы құрып, ұжымшарда аянбай жұмыс істеді, кейін зейнетке шықты. Мен майдангердің балаларымен бірге оқыдым, көрші болғандықтан, үйлеріне жиі баратынмын. Сүлей ақсақал әрдайым жинақы, қарапайым, көп сөйлемейтін адам ретінде есімде қалыпты. Аңшылықты ерекше жақсы көретін, құралайды көзге атқан мерген еді.

Майдангер 1993 жылы дүниеден өтті. Бүгінде оның перзенттері, немере, жиен, шөберелері – өсіп-өнген бір қауым. Өкінішке қарай, олар да, ауыл тұрғындары да Сүлей Айна­бек­ұлының осы ерлігі туралы білмеген. Расын айтайық, бұл мақала батырдың бір ерлігі туралы ғана. Қарапайым қазақ сарбазы, оның қаруластары қаһармандықтың талай үлгісін көрсетті деп санаймыз. Рухтары шат болсын!

…Екінші дүниежүзілік соғыс іс жүзінде әр отбасын ойсыратып өткені мәлім. Майданға бармағандар тылда жан­қияр­лық­пен еңбек етіп, жеңісті жақындатуға үлесін қосты. Менің әкем Бекбау Исақұлов Сталинград түбінде шайқасып, 1943 жылы ауыр жарақатпен елге оралды. Сол соғыс зардабынан (жүрегінде снаряд жарықшағы қалыпты) 1959 жылы көз жұмды. Оның туған інісі Байсейіт Исақұлов 1939 жылы әскерге алынып, фин соғысына қатысты, 1943 жылы Мәскеуде десант әскері қатарына қосылып, Днепр үшін шайқасты бастан өткеріп, хабар-ошарсыз кетті. Әжем жарықтық 1958 жылы көзі жұмылғанша баласын күтумен болды. Бұл соғыс аңыратып кеткен ауылымыздағы 75 отбасы қан майданнан оралмаған атасын, әкесін аңсап, жетім-жесір күйде қалды.

Қазір біз аса аласапыран заманда өмір сүріп отырмыз. Әлемнің де, кешегі одақтың да біраз жерінде соғыс, түрлі қақтығыс жүріп жатыр. Бір-біріне аяусыз қару кезенгендер көбейді. Адамзат өткеннен неге сабақ алмайды? Осы сұрақ бәрімізді мазалайды.

Бүгінде әрқайсымыз қолымыздан келген­нің бәрін жасап, айналамызда бейбіт өмір орнатуға, ұрпағымызға жарқын болашақ сыйлауға тырысуымыз керек.

 

Ержан Исақұлов,

саясаттану ғылымдарының докторы, генерал-майор

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Бүгін, 11:20

Жезді жәдігерлері

Көрме • Бүгін, 11:00

Елімізде 3 300 Жеңіс бар

Қоғам • Бүгін, 10:50

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Бүгін, 10:30

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:50

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:40

Ерікті болу – елдік іс

Архив • Бүгін, 09:30

Мәншүк есімі – АҚШ мұрағатында

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:20

Бел жазбай жұмыс істеген балалар

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:50

Ерлердің еңселі ескерткіші

Аймақтар • Бүгін, 08:45

Отыз жасында опат болған оғлан

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:40

Жеңіске ерекше үлес қосқан өңір

Аймақтар • Бүгін, 08:30

Момышұлы ардақ тұтқан Мұхаметқұл

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:20

Аңдатпа

Аңдатпа • Бүгін, 08:15