
Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Кез келген қазақ ауылдары тәрізді ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты сақтап, өсіп-өнген. Ел есін жинап, кемеліне келе бастаған кезде сүттей ұйыған дүниені дүр сілкіндіріп Екінші дүниежүзілік соғыс басталды. Соғыс деген жалғыз ауыз сөздің қаншалықты қасірет арқалататынын ел айқын сезінген. Әйтсе де, «еркек тоқты құрбандық» дегендей, арыдағы азуын айға білеген аруақты аталардың жолымен Отан қорғауды парыз санаған. Қан қасап майданға шағын ауылдан елуден аса ер-азамат аттанған. Бәрін бірдей тізіп шығу мүмкін емес. Әйтсе де, зұлмат соғысқа бір әулеттен төрт, бір әулеттен үш адам дегендей, қаншама боздақ кетті.
Уақыт көші алға жылжыған сайын бір кезде ұмытылмастай көрінген оқиғалардың да көмескі тартары бар. Қазіргі күні майдан даласынан аман келген ардагерлер де арамызда жоқ. «Орнында бар оңалар» дегендей, немере-шөберелері түтін түтетіп жатыр. Олардың жүрегінде аталарының қан майданда көрсеткен қаһармандық ерлігі, жорықты жолдардағы ерлік дастаны іспетті қажыр-қайраты сақталып қалған. Тұтас, түгел болмаса да жұқанасы. Осынша азаматқа ыстық ұя, ақ бесік болған осы топырақтан түлеп ұшқан қырандар туралы айта кету – парыз. Кейінгі жасқа үлгі-өнеге болуы үшін.
Қан майданда ел қорғаған қаһарман аталарымыздың бірі – Мейрамбек Камалов. 1942 жылдың 15 қаңтарында әскери комиссариаттан шақырту алған жас жігіттің көкірегінде басқыншы жауға деген өшпенділік оты лаулап тұрған. Алғашқы әскери дайындықтан өткеннен кейін Украина топырағын зұлым жаудан қорғауға қатысты. Сан мәрте жан алып, жан беріскен шайқаста қазақтың өрімдей жас жігіті асқан ерлік көрсете білді. Қайтпас қайсар мінездің арқасында қарулас достарының сенімді серігі, командирлерінің әрдайым тапсырмаларды тап-тұйнақтай етіп атқаратын сенімді сарбазына айналды. Ат жалын тартып мінгелі шаруашылықпен айналысып, шар болаттай шыңдалған дала ұлы құралайды көзге атқан мерген болған. Сонысына орай атқыштар полкінде қызмет етіпті. Майдан даласындағы қауіп-қатер алдымен атқыштарға төнері бар. Кейінгі ұрпағының айтуына қарағанда, қан қасап майдан даласындағы адамның ерік-жігері, қажыр-қайраты таразы басына тартылар тұста жауынгерлігі жайында тіс жарып айта бермесе керек. Майдан даласында бірнеше рет жарақат алды. Әскери госпитальда емделіп шығысымен қатарға қосылды. Соңғы рет снаряд жарықшағынан алған жарақаты өте ауыр еді. Ол Днепропетровск, Ферғана қалаларындағы госпитальдарда ем қабылдады. 1944 жылдың маусым айында туған жерге оралды. Майдан даласынан келген соң М.Камалов бірден жұмысқа араласты. Ақмола облысындағы ауылдарда есепшілік қызмет атқара жүріп, ауыл шаруашылығының дамуына үлкен үлес қосты. Соғыс басталмай тұрып үйленген жары Қалиман Нұрмағанбетқызы екеуі 52 жыл тату-тәтті ғұмыр кешті. Жарық дүниеге әкелген перзенттерін әкелік ақ махаббатымен, ананың ыстық мейіріміне бөлеп өсірді.
М.Камаловтың майдан даласындағы көзсіз ерлігі, бейбіт өмірдегі ересен еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Еңбек ардагері» тәрізді бірнеше медальмен марапатталды. 1994 жылы 72 жасында өмірден озған майдангердің есімі – туған елінің есінде.
Тағы бір майдангер Сағынтай Калиманов 1910 жылдың 10 қыркүйегінде Қосшы ауылында туған. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, жастай жетім қалып, тәрбиесімен немере ағасы Калиман айналысса керек. Еңбекпен есейген жас жігіт 1927 жылы Рождественка ауылындағы машина-трактор стансасына жұмысқа орналасады. Қазақ даласына техниканың жаңа келе бастаған кезі. Тумысынан зерек, жалындаған жас жігіт трактор жүргізіп, комбайнға отырады. Техника тілін терең меңгерген адам болған екен. Әрдайым алдынан жұмыс үркіп отыратын Сағынтай ата – стахановшылар қозғалысының белді мүшесі, еңбек озаты. Шаруашылық басшыларының бірі Н.Рафиковтің ұсынысымен Петропавл қаласындағы ауыл шаруашылығы училищесінде оқып, жүргізушілік куәлігін алған.
Соғыс басталғанда ел қорғауды өзіне парыз санаған ол майданға баруға талай рет өтініш жасайды. Ал мұндағы шаруашылыққа да адам керек. Маман механизаторларды майданға аттандырмай, бронь арқылы босататын тәртіп болған. Сағынтай ата тым-тым алыста күндей күркіреп өтіп жатқан соғыс туралы еміс-еміс естіп, тылдағы жұмысты қарқынды жүргізсе, өз көмегі сол боларын түйсінген. Түнді күнге, күнді түнге ұластырып, табаны тастан таймаған тарланбоздай қажырлы еңбек етсе де шаршап-шалдықпайтын, мейлінше шыдамды адам болған. Ал майдан даласындағы қайғының қара бұлты шалғайдағы шағын ауылдың да аспанын түнерткен. Қаралы қағаздар бірінен соң бірі келіп жатыр. Осы жайды біле отырып, тылда жүргенін намыс санаған. Ақыры 1943 жылы 33 жасында майданға аттанған. Қысқамерзімді әскери дайындықтан өткеннен кейін шабуылдаушы батальонның құрамына енгізілген. Бұлардың батальоны – бесінші әуе десант армиясының құрамында.
Жастайынан батырлар туралы дастанды жадына тоқып өскен, ұлы ерліктің рухында тәрбиеленген Сағынтай жауынгерлік тапсырмаларды мүлтіксіз орындайды. Барлаушылар, десантшылар – үнемі майданның алғы шебінде. Қауіп-қатер де көп. Ол замандастарына сұрапыл соғыс туралы жадында жатталып қалған бірқатар естелікті айтқан да екен. Сол естеліктің сорабын қайта жаңғыртсақ, өткен өмір шежіресі өзегіңді тілгілейді. Бірде арнайы тапсырманы орындап келе жатқанда қаумалаған қалың жаудың ортасында қалады. Ит тұмсығы өтпейтін қалың орманның іші. Жау тылында үш күн жүріп әбден қажыған бұлардың тобын басқыншылар қолға түсіреді. Одан әрі де фашистердің «Освенцим» концентрациялық лагеріндегі адам төзгісіз жағдай. Дес бергенде тұтқынға түскен кеңес әскерлерін америкалықтар азат етеді. Ендігісі – еңбек армиясы. Сағынтай ата Башқұртстандағы Октябрьский қаласында бүлінген шаруашылықты қалпына келтіруге қатысады. Сол жерде өмірлік серігі Сайма апайға кезігеді. Екі жастың тілегі бір арнада тоғысып, отау көтереді. 1946 жылы елге оралады. Майдангер ата машина-трактор шеберханасына жұмысқа орналасады. Зейнетке шыққаннан кейін де қол қусырып қарап отырмаған. Қан қасап майдан даласында көзсіз ерлігі үшін орден-медальдармен марапатталған. Бейбіт өмірдегі еңбегі де елеусіз қалмапты. Сайма әжеміз екеуі мынау жарық дүниеге он бала әкеліп тәрбиелеген.
Қызылжар ауылының майдангерлерінің бірі Несіпбек Құрманбаев 1912 жылы дүниеге келген. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап майдан даласында қан кешіп жүріп, алдыңғы шептен табылған. Соғысқа дейін ұжымдастыру жұмысына белсене араласқан, еменнің иір бұтағындай әбден шыныққан жас жігіт майдан даласында да қазақ баласының рухы өр екенін көрсете білген. 1941 жылы Сталинград түбіндегі қиянкескі ұрыстан басталған жорықты жолдары жеңісті күнге дейін үзілмеген. 78 және 74-атқыштар дивизиясының барлаушылар ротасында қызмет еткен. 1942 жылы ауыр жараланып, әскери госпитальға түседі. Оң қолынан айырылған майдангер «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Соғыстан кейін Петропавл қаласында білім алып, ауыл шаруашылығының айтулы маманы атанған.
Жоғарыда есімдері аталған ардагерлерден бөлек бұл ауылдан майдан өтіне аттанған жандар көп еді. Солардың қатарында Серікбай Түсіпбаев, Қасқатай Акимжанов, Әбікен Қоспанов, Самат Садықов, Төлеген Омаров, Абдрахман Сүлейменов және тағы басқалары да бар еді.
Құстың ұясындай жып-жылы, кішкентай ғана ауылдан осындай үлкен азаматтар шыққан. Біз бүгін аталар рухы ұмытылмасын деп ерлігін паш еттік.
Ақмола облысы,
Целиноград ауданы