
Фото: Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің хабарлауынша, іріктеу нәтижесінде 58 қатысушы бағдарламаға өткен. Олардың орташа жасы – 33. Қатысушылар қатарында технология мен бизнес саласында мол тәжірибесі бар мамандар бар. Арасында тәжірибелі кәсіпкерлер, корпоративтік сектор қызметкерлері, фрилансерлер, сондай-ақ халықаралық компаниялар мен ірі технологиялық жобаларда жұмыс істеген мамандар да кездеседі.
Бағдарлама аясында қатысушылар өз стартап идеяларын нақты AI-өнімдерге айналдыруға мүмкіндік алады. Бұл ретте, AI’preneurs қатысушылары деректер жиынтықтары, есептеу ресурстары, сондай-ақ SAFE келісімі шеңберіндегі бастапқы инвестициялар сияқты маңызды ресурстармен қамтамасыз етіледі.
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев бұл бастаманың ұлттық деңгейдегі маңызын атап өтті.
«AI’preneurs – жай ғана акселератор емес, бұл – ертеңгі күннің мәні мен технологиясын жасайтын адамдарға жасалған инвестиция. Бүгінде жасанды интеллект айналасындағы экожүйе тез дамып келеді. Біз, мемлекет ретінде, мықты командалар мен таланттарға даму үшін нақты алаң ұсынуымыз керек. Осы ретте, қатысушылар өз идеяларын нақты AI-өнімдерге айналдыру үшін жан-жақты қолдауға ие болады. Біз оларды деректер жиынтықтары мен есептеу қуаттылығынан бастап, SAFE келісімі аясындағы бастапқы инвестицияларға дейін маңызды ресурстармен қамтамасыз етеміз. Бұл бастамалар – Мемлекет басшысы қойған стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу жолындағы маңызды қадам. Атап айтқанда, 2030 жылға қарай 10 мың AI-маман даярлау, 5 технологиялық «юникорн» шығару және жыл сайынғы IT-қызметтер экспортын $5 миллиард жеткізу көзделді», деді министр Жаслан Мәдиев.
AI’preneurs бағдарламасы оффлайн форматта Астанада өтеді. Басқа қалалар мен елдерден келген қатысушылар үшін бағдарлама кезеңінде тегін тұрғын үй қарастырылған. Үш айлық оқыту кезеңі барысында қатысушыларға білім беру іс-шаралары, салалық сарапшылармен жеке кеңестер, интенсивті практикалық жұмыс ұсынылады.
Бұл бағдарлама жасанды интеллект саласын дамытуға бағытталған ұлттық бастама аясында жүзеге асырылып отыр. Оның мақсаты – AI технологияларын қолданатын кәсіпкерлердің мықты экожүйесін қалыптастыру.
Айта кету керек, AI’preneurs бағдарламасының бірінші легі де жоғары қызығушылық тудырған болатын. Былтыр 250 өтінімнің ішінен 50 маман іріктеліп, 21 команда құрылған. Соның ішінде 9 команда акселерацияны сәтті аяқтап, Seed Money аясында қаржыландыру алған.