– Сержан Бараханұлы, «Музей түні» акциясы ел мәдениетінің маңызды мерекесі ретінде күнтізбеге енгеніне ширек ғасырға жуықтады десек, жоба алғаш Мемлекеттік орталық музейде қанат қаққанын білеміз. Жобаның өткені мен бүгінін қысқаша зерделеп өтсек...
– Иә, солай. Әлемдік мәдени кеңістікте ауқымды орын алатын бірегей жоба өзге елдердің тәжірибесінде бұрыннан бары мәлім. Дегенмен «Музей түні» акциясының елімізде салтанат құруына мұрындық болған осы Орталық музейді ұзақ жылдар басқарған белгілі ғалым Нұрсан Әлімбай. Сол кісінің идеясымен 2006 жылы жүзеге асқан бағдары мол бастама тұтас ел көлеміне танылды. «Музей түні» – бұл жай ғана экскурсия емес, бұл – тарихпен тілдесудің, ұлттық құндылықпен қауышудың сәті. Бұл түні музей шамдары жарқырап, келушілерге ерекше формат ұсынылады. Шеберлік сағаттары, театрландырылған көріністер, концерттік бағдарламалар, сирек жәдігерлер көрмесі көпшілік назарына ұсынылады. Ашық диалогтар алаңында ғалымдармен, тарихшылармен тілдесудің таптырмас мүмкіндігі туады. Мұндай акциялар әсіресе жастар үшін маңызды. Себебі олар музейді тек ресми мекеме емес, рухани серуен жасауға, ой бөлісуге болатын заманауи мәдени кеңістік ретінде қабылдай бастайды. Бұл – ұлттық сана мен тарихи жадыны жаңғыртудың бір жолы. Мәдениет және ақпарат министрлігі жобаның кең өріс алуына үлкен қолдау танытып отыр. Санаулы күннен кейін өтетін шара соның дәлелі.
– Осы жобаның еліміздегі ізашары ретінде ҚР Мемлекеттік орталық музейі биыл көрерменді қандай тың жаңалығымен қуантпақ?
– Акция биыл «Музей – тарихты сақтаушы: қазіргі қоғамдағы музей рөлі» тақырыбын айдар қылып отыр. Бұл тақырып музейдің әлеуметтік, технологиялық және экологиялық өзгерістерге бейімделген қоғамдағы орнын айқындауға бағытталған. Тарқатып айтсақ, «Музей түні – 2025» екі негізгі бағытты қамтиды. «Музей – руханият шаңырағы» және «Ерлік пен елдік – егіз» дейтін қос бағдар биылғы шараның мазмұнын айшықтай түседі. Өткенге салауат айтпай – келешекке керуен тарту мүмкін емес. Сондықтан ел тарихындағы елеулі оқиғаларға, тұғырлы тұлғаларымыздың мерейлі даталарына арналған бірнеше ауқымды көрме ұйымдастырылмақ. Атап айтқанда, Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына, ЮНЕСКО көлемінде атап өтіліп жатқан Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына, Қазақстанның көрнекті музыкатанушылары Ахмет пен Ғазиза Жұбановтардың шығармашылығына арналған іс-шаралар солардың қатарында. Сондай-ақ, Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдарында ерлік көрсеткен Мәншүк Мәметова мен Боран Нысанбаевтың мемориалдық музейлерінің қатысуымен өтетін «Музейлік шеру», Шоқан Уәлихановтың мемориалдық музейі (Жетісу облысы, Алтын Емел) ұсынған бірегей экспозицияны екшеп атауға болады. Сол секілді «Музей – руханият шаңырағы» бағыты аясында өтетін көрмелер де көпшіліктің қызығушылығын тудырады деген сеніміміз мол. Мәселен «Шабыт жаңғырығы» көрмесінде М.Кенбаев, Х.Наурызбаев, В.И.Антощенко-Оленев, Н.Цивчинский, Е.Сидоркин, Е.Сергебаев секілді даңқты қылқалам шеберлері мен өнер қайраткерлерінің мерейтойлық даталарына орай өтетін көрмелер олардың рухани мұрасына, өмір өнегесіне қайта үңілуге серпін бермек. Атыраулық суретші Юлия Проскураның «Көшпелілер рухы» атты авторлық жеке көрмесі де тақырыпқа сай таңдалып отыр. Музей қорындағы сирек хаттар мен жазбалар негізінде дайындалған «Хат жазып тұр...» көрмесінде әр дәуірдегі хат алмасу үлгілері, пошта маркалары, ашықхаттар, конверттер ұсынылады. Морзе аппараты, жазу машинкасы секілді байланыс құралдары да экспозицияны толықтырады. Көрмеде Ш.Уәлиханов, А.Құнанбаев, Ә.Марғұлан, М.Әуезов, С.Мұқанов сынды зиялы тұлғалардың түпнұсқа және көшірме хаттары, қарапайым халықтың Е.Өмірзақов, И.Есенберлин, М.Ғабдуллинге жазған хаттары да көпшілік назарына ұсынылады. Кештің басты көрмесі – «Жауһар жәдігерлер»! Бұл көрмеде музейдің тұрақты экспозициясынан тыс сақталған, ерекше құнды әрі бірегей экспонаттар қойылады. Көрермен назарына тек «Музей түні» аясында ұсынылатын сирек жәдігерлер көрмесі ешкімді бей-жай қалдырмайды.
– Сөз басында ғылыми-танымдық мұраларды заманауи үлгіде насихаттау туралы айтып қалдыңыз. «Музей түні» акциясы көрерменді зеріктіріп алмас үшін, бұл бағытта қандай қызықты бағдарламалар әзірледіңіздер?
– Сауалыңыз орынды. Биылғы бағдарлама бұл бағытта да құры алақан емес. Бірнеше музыкалық, танымдық, қызықты бағдарламалар жоспарда бар. Айталық, «Сирек кездесетін қияқты саз аспаптарының мемлекеттік коллекциясынан» классикалық музыка концерті өтеді. Гварнери мен Страдивари секілді атақты шеберлердің аспаптарынан шыққан әуендер кештің көркін аша түседі. Ахмет және Ғазиза Жұбановтардың мемориалдық музей-үйі мен Нұрғиса Тілендиевтің мемориалдық музейі өз жәдігерлерін ұсынады. Музейдің ғылыми кітапханасы әзірлеген «Білім беру жүйесін дамыту» атты кітап көрмесі өтеді. «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының кітап көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Сондай-ақ Халықаралық музейлер күні аясында Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығы жанындағы Мәдени өкілдік «Иранның дәстүрлі мәдениеті мен өнері» көрмесін ұсынады. Қонақтар парсы каллиграфиясы мен бейнелеу өнерінің туындыларын тамашалап, Ираннан арнайы келген шеберлердің (Исфахан қаласынан келген Нафиса Оруджи ханым, Мариям Джаффари және Хоссейн Хушбатен мырза) қатысуымен сол елдің мәдени құндылықтарымен жақынырақ таныса алады. «Happy Place» брендімен бірлесе отырып, музей жәдігерлеріне негізделген заманауи өнер бұйымдары (ашықхаттар, стикерлер, сыйлыққа арналған орау қағаздары) ұсынылады. Интерактивті және танымдық бағдарламалар аясында: қолөнер шеберлерінің және музей реставраторларының шеберлік сағаттары, ғылыми интерактивтер, квест ойындары, балалар мен жасөспірімдерге арналған викториналар мен сайыстар өтеді. Кеш елге белгілі өнер майталмандарының қатысуымен өтетін мазмұнды концерттік бағдарламаға ұласады. Осылайша, «Музей түні – 2025» акциясы – мәдениет пен тарихты тоғыстыра отырып, көрерменге ерекше рухани әсер, жарқын эмоциялар мен ұмытылмас кеш сыйлайтын маңызды мәдени оқиға болмақ.
– «Музей түні» акциясы тек науқан емес, мазмұны терең жоба дедіңіз. Оның көпшілікке берер тағылымы не?
– «Музей түні» – ұлт тарихын бүгінгі ұрпақтың жүрегіне жақындатудың жарқын үлгісі. Ол өткенге құрметпен, болашаққа сеніммен қарауды үйретеді. Демек, бұл – тек бір күндік шара емес, ұлттық тәрбиенің, тарихи танымның ұзаққа созылатын нәтижелі мектебі. Жоба бірте-бірте елдің ішкі туризм саласына серпін әкеледі. Әсіресе Астана мен Алматы қалаларындағы ірі музейлердің түн ортасына дейін жұмыс істеуі – тұрғындардың да, қала қонақтарының да қызығушылығын арттырады. Адамдар отбасымен, достарымен келіп, кешті мәдени демалысқа айналдырады. Бұл үрдіс – руханият пен отбасылық құндылықтың қатар өрілуінің бір көрінісі.
– Мемлекеттік орталық музей Президент пәрменімен ұлттық мәртебе алғаны мәлім. Соған сай музейдің жұмыс сипаты өзгеруі мүмкін бе? Бұл бағытта қандай жұмыстар қолға алынды?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында сөйлеген сөзінде тарихи-мәдени мұрамызды заманға сай жаңғыртып, жүйелі түрде дәріптеуді, сонымен қатар тарихи ескерткіштерді қалпына келтіріп, музей ісін дамытуға ерекше назар аударуға шақырған болатын. Осы орайда Мемлекеттік орталық музей кейінгі жиырма жылдың бедерінде көптеген ғылыми іс-шараларды қолға алып келеді. Бұл – бос өткен жылдар емес. Осы уақыт аралығында қаншама ғылыми еңбектер жарық көрді, монографиялар мен энциклопедиялар жұртшылыққа жол тартты. Соңғы бір жылдың өзінде 300-ге тарта іс-шара ұйымдастырылды. Ұлттық статус біздің заманауи озық жүйеге көшуімізге ықпал ететіні анық. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызының басшылығымен жаңа тұжырымдама әзірленуде. Осы тұжырымдама аясында музейдің экспозициялық залдары соңғы үлгідегі технологиялармен жарақталып, сандық жүйеге көшетін болады. Бұл тұрғыда Еуропа елдерінің озық тәжірибелері қолданылмақ. Жалпы музей қорын толықтыру, қолда бар жәдігерлерді зерттеп-зерделеу, ғылыми ізденістердің ауқымын кеңейту жалғаса бермек.
– Әңгімеңізге рахмет!