Қоғам • Бүгін, 10:37

Таразда мәслихат депутаты соққыға жығылды

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әлеуметтік желіде Таразда Алматы облысы Іле аудандық мәслихатының депутаты Нұрлан Байғазиевтің аяусыз соққыға жығылғаны туралы ақпарат тарады. Полицейлер ұрып-соғу фактісін растады, деп хабарлайды Egemen.kz

Таразда мәслихат депутаты соққыға жығылды

Фото: Нурлан Байгазиев/Facebook

Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға 13 мамыр күні кешке қаланың бір дәмханасында болған. Депутатты соққыға жыққаннан кейін ол бет жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Алайда Жамбыл облыстық полиция департаментінің мәліметінше, ол ауруханаға жатудан бас тартқан.

«Бұл факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 1-бөлігі «Бұзақылық» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаға қатысы бар адам анықталып, полицияға жеткізілді. Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты анықталып жатыр, қажетті тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде», деп хабарлады құқық қорғау органдары.

Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, Нұрлан Байғазиев Тараз қаласына іссапармен келген. Заңгер ретінде ол клиенттермен кездесу өткізіп жатқан. Сол сәтте оған шабуыл жасалғаны хабарланған. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам депутатты кастетпен ұрған.

Айта кетейік, 28 сәуірде Нұрлан Байғазиев Алматы облысында кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі полиция қызметкерлерінің 17 жастағы қызды тоқтатып, оны қызметтік көлікпен қыдыртып қайтуға ұсыныс жасаған сәтін видеоға түсіріп алған болатын. Видеода ол полиция қызметкерлерінің тарапынан болған заңбұзушылықтарға назар аударды. Қызметтік тексеруден кейін кінәлі полицейлер жұмыстан шығарылды.