Фото: primeminister.kz
Тараптар сенім мен кәсібилікке негізделген стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейін атап өтті. 1993-2026 жылдар аралығында көлік, білім беру, экология, «жасыл» технология және цифрландыру салаларында 8 млрд доллардан астам қаржыға 50-ден аса жоба іске асырылған.
Дүниежүзілік банк Қазақстандағы экономикалық реформаларды ілгерілетуге, инфрақұрылымды дамытуға және макроэкономикалық әрі фискалдық тұрақтылықты қамтамасыз етуге маңызды үлес қосып келеді.
Кездесу барысында Серік Жұманғарин соңғы жылдардағы шешуші қадамдардың бірі – бюджет-салық реформасы екенін атап өтті. Оның айтуынша, реформаның тиімділігі биылғы бірінші тоқсан қорытындысымен расталған.
2026-2030 жылдарға арналған жаңа әріптестік стратегиясында ынтымақтастықтың басым бағыттары айқындалды. Олардың қатарында:
– көлік және цифрлық байланыстарды дамыту;
– су және энергетика секторын жаңғырту;
– қаржы нарығын жетілдіру;
– жеке инвестиция тарту;
– климаттық күн тәртібін күшейту;
– жаңартылатын энергия көздерін кеңінен пайдалану бар.
Дүниежүзілік банк 1 млрд доллар бөлді: Оны Қазақстан қай мақсатта қолданады?
Үкіметтің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, қазіргі таңда бірлескен портфель аясында 2 ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, құны 1 182,5 млрд теңге болатын Қарағанды – Жезқазған автожолын қайта жаңарту жобасы (2025-2028 жылдар) және шамамен 84 млн доллар сомасында қаржыландыруды көздейтін «Қазақстанның инклюзивті экономикасы үшін жеделдетілген цифрландыру» жобасы.
Сонымен қатар, көлік, энергетика, су ресурстары және цифрландыру салаларында тағы 8 жоба пысықталып жатыр. Перспективалы бастамалар қатарында Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру, «Бейнеу – Сексеуіл» автожолын салу және теміржол-көлік жүйесін трансформациялау жобалары бар.
Кездесуде «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасына ерекше назар аударылды. Бұл бастама аясында 200-ден астам табиғи монополия субъектісін жаңарту жоспарланып отыр, бұл елдің тұрақты экономикалық өсіміне тікелей ықпал етпек.
Қазақстан экономиканы әртараптандыру, цифрлық трансформация және «жасыл» өсімге көшу бағытын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Осы ретте Дүниежүзілік банкпен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделілік білдірілді.
Дүниежүзілік банктің SPI-2024 рейтингінде Қазақстан нешінші орында тұр?
Антонелла Бассани ұйымның барлық талқыланған жобаларды іске асыруға дайын екенін жеткізді.
«Теңізге шығатын жол жоқ болуына қарамастан, Қазақстан айтарлықтай әлеуетке ие бола отырып, тұрақты өсу қарқынын көрсетіп жатыр. Сонымен қатар, жаһандық өзгеріс бейімделу мен өнімділікті арттыруды талап етіп отыр. Біз елді инфрақұрылымға инвестиция салу арқылы да, реформаларды жүзеге асыру арқылы да қолдауға дайынбыз», деді ол.
Сондай-ақ, энергетика мен су секторларын жаңғырту ынтымақтастықтың ең ауқымды және капиталды қажет ететін бағыттарының бірі екені атап өтілді. Дүниежүзілік банк бұл салада мемлекеттік қаржыландырумен қатар, жеке инвестиция тартуға да жәрдемдесуге ниетті.
Тараптар алдағы мамыр айында жоспарланған инфрақұрылымдық инвестициялық бағдарламаларды талқылауды қоса алғанда, ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге дайын екенін растады.