Заң • Бүгін, 16:05

Еуразиялық тұрақтандыру және даму қоры жаңа мәртебеге ие болмақ

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаттары «2009 жылғы 9 маусымдағы Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорын құру туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын қарады, деп жазады Egemen.kz.

Еуразиялық тұрақтандыру және даму қоры жаңа мәртебеге ие болмақ

 

Аталған халықаралық шарттың мақсаты – Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорын (ЕТДҚ) дербес халықаралық ұйым ретінде қайта құру. Бұл өзгерістер Қордың қазіргі мәртебесін кеңейтуге, оны Еуразиялық кеңістіктегі неғұрлым тиімді және ықпалды қаржы құралына айналдыруға бағытталған.

Қаржы және бюджет комитеті дайындаған қорытындыда көрсетілгендей, заң жобасы Үкіметтің 2024 жылғы 28 қазандағы №896 қаулысына сәйкес Мәжіліске енгізілген. Қордың құрамына Қазақстаннан бөлек Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Армения мемлекеттері кіреді. Ал оның қаражатын басқару міндеті Еуразиялық даму банкіне жүктелген.

Жаңа хаттама аясында ЕТДҚ-ны Еуразиялық даму банкінен институционалды түрде бөліп шығару көзделген. Бұл шара, ең алдымен, санкциялық тәуекелдерді азайтуға және қатысушы елдер арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, хаттамада ұлттық валюталармен есеп айырысу механизмін енгізу, техникалық көмек көрсету, траст-қорлар арқылы қаржы бөлу сынды жаңа құралдарды пайдалану қарастырылған.

Бүгінде қор қаржылық және инвестициялық кредиттер мен гранттар беру арқылы қатысушы мемлекеттердің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Алдағы өзгерістер осы құралдарды толықтырып, қор қызметінің тиімділігін арттырады.

Комитет өз қорытындысында заң жобасын қабылдап, оны Парламент Мәжілісінің жалпы отырысының қарауына ұсынуды жөн деп тапты. Құжатты Мәжілістегі барлық комитеттер қолдап отыр.

Бұл хаттаманың ратификациясы Қазақстанның өңірлік қаржылық құрылымдармен байланысын нығайтып қана қоймай, ұлттық мүддені қорғауға бағытталған жаңа тетіктерді іске асыруға жол ашады. Еуразиялық кеңістіктегі экономикалық ықпалдастықтың жаңа кезеңі басталғалы тұр.