
Фото: Азамат Қанапия
Жиынға Ақжайық ауданының әкімі Мұрат Сердалин, облыс әкімінің әйелдер ісі жөніндегі кеңесшісі Жансұлу Төремұратова, облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева, аналар кеңесінің мүшелері, ұстаздар мен ауыл тұрғындары қатысты.
Аналар күні мен Халықаралық отбасы күніне орай ұйымдастырылған шара отбасы құндылығын дәріптеу, қоғамда ана мәртебесін көтеру, ұрпақ тәрбиесінің маңызын арттыру секілді маңызды тақырыптарды талқылады. Форум қонақтары әуелі аудан орталығындағы «Ақбота» балабақшасын аралап, мекеменің халқымыздың салт-дәстүрі, отбасы қадірін айшықтайтын жұмысымен танысты.
«Ардақты ана, ғазиз қарындас, адал жарды қастерлеу, сол арқылы отбасының берік негізі болар отанасын тәрбиелеу – халқымызға тән қасиет. Тәуелсіз мемлекетіміздің берік болуы, жасампаз ұрпақтың өсіп-жетілуі – шаңырақтың шаттығын ұстайтын әйелдің арқасы. Бүгінгі іс-шара әйел-аналардың белсенділігін арттырып, отбасы құндылығын дәріптей түседі деп сенемін. Ортақ мақсатымыз – бақытты отбасы, берекелі қоғам, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу үшін бір болайық!», деді аудан әкімі Мұрат Амангелдіұлы.
Форум қонақтары «Аңыз болған аналар» атты рухани көрмені тамашалап, ұлтымыздың тарихында ұлы істерге мұрындық болған атақты аналардың бейнесімен жақын танысты. Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастырған көрмеде Тұмар патшайым, Қыз Жібек, Абайдың әжесі Зере, күй анасы Дина, Жұбандай жасын ұлды қазаққа сыйлаған Зеріп ана, батыр қыздар Әлия, Мәншүк пен Хиуаз, «Қазақтың Нарқызы» атанған Қаламқас жайында халыққа мол дерек берілді.
Сахна төріне шыққан спикерлердің әрқайсысы өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, отбасындағы тәрбие, ана мейірімі мен жауапкершілігі, оның қоғамға тигізер ықпалы жөнінде ой қозғады. Жансұлу Меңешқызы отбасы құндылығының маңызын атап өтсе, Гүлжанар Болатқызы гендерлік теңдік, ана мәртебесі және әйелдің қоғамдағы орны жөнінде баяндама жасады. Ана мен баланы қолдау, отбасы институтын нығайту үшін мемлекет тарапынан жасалып жатқан бағдарламалар жайында ақпарат берілді.
Базаршолан ауылынан келген еңбек ардагері, көпбалалы ана, ауылдағы аналар кеңесінің төрайымы Орынша Ермұқанова өз сөзінде қыз бала тәрбиесіне, ұлттық салт-дәстүрді сақтау мен насихаттауға ерекше тоқталды. Ал Абай атындағы мектеп-гимназияның оқу ісі жөніндегі орынбасары Әсел Ерментаева тәрбиенің бастауы отбасында екенін мығым айтып, білім ошағындағы соны бастаманың нәтижесі жөніндегі ойын ортаға салды.
Шара соңында ұлағатты аналар мен өнегелі отбасылар облыстық қоғамдық даму басқармасының алғыс хатымен марапатталды. Олардың қатарында Базартөбе ауылынан Сәлімовтар, Жаңабұлақ ауылынан Сәрсеновтар, Будариннен Тілегеновтар отбасы болды.