Заң • Бүгін, 17:24

Мәжілісте азаматтық қорғау мәселелері бойынша заң қабылданды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғаныс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Egemen.kz

Мәжілісте азаматтық қорғау мәселелері бойынша заң қабылданды

Депутат Аян Зейноллиннің мәлімдеуінше, заң жобасының негізгі нормалары мынадай бағыттарға арналған:

  • азаматтық қорғау жүйесін күшейту және қызметкерлердің мәртебесін арттыру;

  • мемлекеттік материалдық резерв жүйесін орталықсыздандыру;

  • өрт қауіпсіздігіне бақылауды қайта енгізу;

  • сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;

  • өмірге қауіп төндіретін қол жетуі қиын аймақтарға саяхат кезінде маршруттар туралы хабарлау тәртібін белгілеу.

Заң жобасының екінші оқылымына дайындық барысында оның нормалары депутаттар тарапынан едәуір қайта қаралды. Сонымен қатар, келесі жаңа бастамалар енгізілді:

  • адамдар көп жиналатын нысандардың иелеріне өрт салдарынан үшінші тұлғаларға зиян келтірілген жағдайда азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру;

  • төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметіне мемлекеттік бақылау жүргізу;

  • жаһандық немесе өңірлік ауқымдағы төтенше жағдайларды жою бойынша республикалық жедел штаб құру және оның жұмыс тәртібін айқындау;

  • өрттің алдын алу және сөндіру іс-шараларына ерікті өрт сөндіруші ретінде тартылған қызметкерлердің еңбек кепілдіктерін сақтау;

  • ерікті өрт сөндірушілер жарақат алған, ауруға шалдыққан жағдайда ең төменгі жалақыдан кем емес мөлшерде өтемақы алу құқығын бекіту;

  • инфляция мен валюта тәуекелдерін ескере отырып, электр энергиясы өндірісі саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін электр қуатын ұстап тұру қызметіне арналған жеке тарифтерді жыл сайын индекстеу;

  • мемлекеттік мүлікті тікелей сату арқылы жекешелендіру нормаларын алып тастау;

  • аффилиирленген тұлғалардың аукциондарға және сауда-саттықтарға қатысуына тыйым салу арқылы жекешелендіру механизмін айқындау;

  • жарғылық капиталында мемлекеттің 100% қатысуы бар акционерлік қоғамдарда корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру.

Сонымен қатар, заңда азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің келесі құқықтары бекітіледі:

  • тұрғын үйге мұқтаж қызметкерлерге тұрғын үй төлемдерін алу;

  • қызметтік тұрғын үйді жекешелендіру;

  • қызметтік ауысым кезінде отбасын көшіру мен жол шығындарын өтеу үшін көтерме жәрдемақылар мен өтемақылар алу.

Сондай-ақ, төтенше жағдай, әскери немесе ерекше жағдай кезінде, сондай-ақ терроризмге қарсы операциялар жүргізу кезінде қызмет еткендерге үш есе ақшалай төлем мен бір күн қызмет үшін үш күн еңбек өтілі есебінде есептелетін үстемеақылар қарастырылған.