
Соның бірі – Ақтау қаласынан 36 шақырым жерде, жағажай аумағында, танымал «Золотое солнышко» демалыс базасына жақын жерден ашылған «Шахристан» демалыс орны. Жеке кәсіпкердің қаржысына шығыс стиліндегі сәулеттік нақыштармен әрленіп салынған үш қабатты кешенде демалушыларға барлық жағдай жасалған. Қонақүйде аумағы 25-тен 60 шаршы метрге дейінгі 20 бөлме бар және барлық бөлме заманауи жабдықпен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ кешен инфрақұрылымында 25 орындық мейрамхана, 30 адамға арналған VIP-зал, түрік хамамы, жазғы күрке, тегін автотұрақ бар, кешенде тәу-
лік бойы тіркеу қызметі жұмыс істейді.
Жаңа демалыс орнының тағы бір ерекшелігі туристерге Маңғыстау облысының киелі және тарихи орындарына арнайы турлар ұйымдастыруды ұсынады. Бұл – «Ашық аспан астындағы мұражай» атанған Маңғыстауды аралап, табиғатымен, тарихи ескерткіштерімен танысамын деген қонақтар үшін тамаша мүмкіндік.
Жаңа туристік нысанның салтанатты ашылу рәсіміне Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев қатысты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау өңірінің туризм саласын дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Бүгінде сол міндеттер аясында өңірімізде жаңа туристік нысандар бой көтеріп жатыр. Теңіз жағалауындағы «Шахристан» қонақүйі шетелдік курорттардан кем түспейді. Бұл жоба өңірдің туристік тартымдылығын арттырып, келушілер легінің артуына септігін тигізеді деп сенеміз. Облыс әкімдігі мұндай бастамаларды әрдайым қолдайды, – деді Аббат Өрісбаев.
Жаз маусымы басталар алдында жаңа бір демалыс орнымен толыққан Ақтауға биыл демалушылар легі ағылары анық.
Маңғыстау облысы