Ең қысқа әңгіме • 15 Мамыр, 2025

Бақытын сатып алған адам

50 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Төкен қария үй іргесіндегі дүке­нінде қарыз-құрыз жазылған қалың көк дәптерді парақтап отыр. Әр бетін ашқан сайын жүй­кесі жүндей түтіледі. Азық-түлікті өсімсіз несиеге алып, онысын айлап, жылдап төлемейтіндер қаншама. Біреулері қарызының үстіне қарыз жамаумен жүр, екінші біреулер «әне төлеймін, міне төлеймін» деп діңкелетіп-ақ бітті. 300 мың, 400 мың теңгеге дейін қарызға батқандар бар. Көпшілігі жоқ-жұқаналар.

Бақытын сатып алған адам

Қарызға бермесе тағы болмайды, сауда жүрмейді. Ақшасы барлардың көбі супер, гипермар­кеттер тұрғанда мұның жа­пырайған жұпыны дүкенін қайт­сін? Жалпы, дүкенін «өлтір­мей» тұрғандар – жаздырып алушы­лар. Сондықтан бұл қарыз алушы­ларға, олар бұған кіріптар.

Төкен қария қолындағы көк дәптерді қоя бергенде бойы сырық­тай, сақал-мұрты өсіңкі бір бейтаныс «ассалаумағалейкү-ү-үүм» деп кіріп келді.

– Уағалейкүмассалам.

– Сіздерде бақыт сатыла ма? – деді бейтаныс адам.

– Ол не?

– Адамдар өмір бойы қол созып өтетін кәдімгі бақыт.

Төкен қария бөгде кісінің ақыл-есінің бүтіндігіне күмәндана қарады да, не болса да алдап-сулап шығарып салу қамымен:

– Жо-жоқ, бізде бақыт сатылмайды, – деді де, еріксіз мырс етті.

– Неге мырс еттіңіз?

– Дәріханаға барып нан сұра­ғандай болып тұрсың ғой. Соған, жай...

– Жарайды делік, дегенмен бақыт болса сатыңыз.

– Бізде ондай «тауар» жоқ. Болуы да мүмкін емес. Түсінесіз бе, бақыт бастағы игілікті се­зіну, барға шынайы пейілмен қанағаттану, қолдағының қадірін жете түйсіну ғана. Бақыт Алланың бергенін сезіне алатын көкіректе ғана болады, мынандай дүкенде емес, қарағым. Бізде әлгі сен іздегеннің баламасы ғана бар.

– Ол не сонда?

– Бақытты болып көріну сатылады бізде.

– Ойбай, атай көрмеңіз, керек емес, бақытты болып көрінуден шаршадым. Мына қоғам бақытты болып көрінуден жарысқа түсіп жанталасқандардың ыстық демі­нен буланып, ащы терінен сасып тұр. Мен осыдан қашып жүр­мін. Бұдан мені шын бақыт қана құтқарады.

– Шын бақытты табу оңай ма?

– Меніңше, оңай.

– Оңай болса таппайсың ба...

– Менің бақытым мына сіздің алдыңызда жатқан қалың көк дәптердің ішінде.

– Қалайша?

– Маған өзіңізге ақшалай қарыз жандардың ішіндегі шын мұқтаждардың барлығының бере­шегін төлеп кетуіме жағдай жасап беріңіз. Сонда мен де бақыттың жұпарын жұтамын, осы істе әділетті болсаңыз, сіз де бақыттың аңқыған иісін иіскейсіз.

Бейтаныс жанның үзірін орындауға Төкен қария көп әуреленген жоқ. Күнде есептеп, көңілінен көктей өткізіп жүрген мәселесі: қарыз алушылардың бәрін жақсы танитын дүкенші әлеуметтік жағдайлары нашар, қаржыға, рухани қолдауға мұқ­таж деп білетін отыздан астам адамның барлық жиынтық берешек ақшасының көлемін аппақ параққа әдемілеп жазып берді: 3 миллион 200 мың 440 теңге.

Бақытын іздеген адам бума-бума ақшаны жан қалтасынан бірінен соң бірін суырып Төкен қарияның алдына тастады.

– Санап алыңыз.

– Жарайды, – деп ақша санауға кіріскен Төкен өзіне ұсынылған қаржыдан 2 миллион алды да, қалғанын өзіне қайтарып берді.

– Неге бұлай еттіңіз?

– Қалған 1 миллион 200 мың 440 теңге қарызды өз есе­бімнен жабамын, өйткені бақытты саған түгел сатып жібере алмаймын.

– А, солай ма? Жо-жоқ, мен оған көне алмаймын, дүкен сіздікі, жоқ-жұқаналар алдыңызға әлі талай келеді, сол кезде оларға қолұшын созып, соның арқасында бақытқа кенеле бересіз, ал мен аумалы-төкпелі көңіл күйде жүре­тін, бірде бар, бірде жоқ адаммын, бүгін менің жолыма тұрмаңыз, – деді де дүкеншіден бір тиын да қайтарып алмады.

Төкен қария қайтадан ақша санап, оны 3 миллион 200 мың 440 теңгеге толтырып, қалғанын қайтарып бермек болғанда әлгі адамды таппай қалды. Бұл оны іздеп жүгіре басып тысқа шығып еді, қап-қара «мерседес» орнынан жұлқына қозғалып, қас пен көздің арасында ғайып болды.

Төкен дүкеніне қайта кіргенде үстелінің үстінде бір парақ қағаз жатты. Онда былай деп жазылыпты: «Сіз көрсеткен ақшадан артылғанын менің есебімнен жоқ-жұқаналарға көмек ретінде беріп тұрарсыз. Бақыттың құны ақшамен өлшенбейді. Десек те менде бары ақша ғана, соны бейтаныс жандарға беру арқылы бақытқа жанасып көрсем деп жүрген жанмын. Бүгін алғашқы қадамымды жасадым. Өмірде бүгінгідей қуанышқа кенеліп көрген емеспін».

Төкен қария бұл жағдаятты қарыздары өтелген жандарға жолыққанда айтқанда олардың қуанғанын көрудің өзі үлкен бақыт еді. Белгісіз адам содан кейін қайта төбе көрсеткен жоқ. Төкен қария өмірден өткенше бейтаныс жанның әлгі іс-әрекетінен сабақ алып, қайырымдылық, жақсылық жасаудан танбады. Бақыт қайырымдылықтың өзегінде, игі ниеттің, ізгіліктің ішкі иірімінде жататынын айтумен өтті. Жанына қанша супер, гипермаркеттер салынса да, Төкен қарияның дүкені қызмет көрсетуін тоқтатпады.