Аймақтар • Бүгін, 09:40

Майқайыңның мұң-мұқтажы шешіледі

60 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Майқайың кентіндегі «Шанхай» шағын ауданы тұрғындарының мұң-мұқтажы шешілуге жақын. «Алтыналмас АК» АҚ мәселені шешуге қатысады.

Майқайыңның мұң-мұқтажы шешіледі

Суреттерді түсірген – автор

Жұртшылық пікірімен санасқан «Алтыналмас»

Майқайың кентіндегі кеніштің дәл түбінде, санитарлық-қор­ғаныс аймағында орналасқан 76 үйдің мәселесі былтырдан бері сөзбұйдаға салынып келгені мәлім. Тұрғындардың қуанышына орай, «Майқайыңалтын» АҚ-ның 100 пайыз акцияларын сатып алған «Алтыналмас» АК кенттегі әлеу­меттік, инфрақұрылымдық мәселе­лерді қарастыруға бірден кірісіп кетті. «Шанхай» шағын ауданы тұрғындарының базынасын естіп білген акционерлік қоғам басшылығы 24 сәуір күні аталған аумақ тұрғындары­мен кездесу өткізді. Жұртшылық­пен жүздесуге жақында ғана «Майқайыңалтын» АҚ бас директоры болып тағайын­далған Даниал Нәбиев, «Алты­налмас» компаниясының іс басқару директоры Гүлнұр Халетова, қоғаммен байланыс бөлімінің бас­шысы Нұрбике Рахимова, қоғаммен қарым-қатынас жүргізу маманы Темірлан Мәдиев, Баян­ауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаев пен кент басшысы Ербатыр Мол­датаев қатысты.

Кездесуде толғағы жетіп тұрған «Шанхай» шағын ауданының мәселесіне қатысты көпшілік­тің ұсыныстары мен пікірлері тыңдалды.

ооо

– Біздің мақсатымыз – кәсіп­орынды дамыта отырып, кент тұрғындары үшін қолайлы өмір сүру ортасын құру. Бүгінгі кезде­суі­міздің мәні де осында. Ең әуелі сіздерді нендей мәселелер тол­ған­­ды­ратынын білгіміз келеді. Ұсы­ныс-тілектеріңіздің нәтижесін жи­нақтап, кейін оларды мұқият тал­дап, ең нақты әрі дұрыс ше­шім­дерді жария етеміз. Ескі баспа­налардың тұрғындарына өзге жерден үйлер салып береміз бе, әлде олар­ды сатып алып, тиісті деңгейде құнын өтеп береміз бе, соны сіздер­мен бірлесіп ақылдасуымыз керек. Мен сіздердің пікірлеріңіз бен мәсе­лелеріңізді жақынырақ білсем дей­мін. Бұл бар мәселелерді шешу үшін аса маңызды, – деді Даниал Нәбиев.

Кәсіпорын басшылығының халыққа жанашырлық ниеттерін  байқаған кент тұрғындары шеші­ліп сөйледі. Олардың сөзінше, «Шанхайдағы» үйлердің дені сонау 50-60-жылдары саман кір­піштен тұрғызылған. Кеніштің жерастында кен жару жұмыстары көптеген жыл бойы үзбей жүргі­зіліп келеді. Жарылыс салдарынан үйлердің сылағы түсіп, іргетасы, қабырғалары жарылып жатыр.

– Алтын кәсіпорнының гүл­де­нуіне ата-аналарымыз бар өмір­лерін арнады. Қартайған шақта дұрыс баспанаға қол жет­кізіп, бей­не­тінің зейнетін көргісі келеді. Өкі­ніш­ке қарай, ол бақыт біздің аға буынға әзірге бұйырмай тұр. Қауіп­ті аймақта тұрып жатқан тұр­ғын­дардың көбінің барар жері, басар тауы жоқ, – деп мұңын шақ­ты жергілікті тұрғын Асқар Айтма­ғамбетов.

Тәжік-ауған соғысының арда­гері Төлеген Ботаев – көпба­лалы отбасының отағасы. Егер кәсіп­орын оның баспанасын сатып аламыз десе, ол тұрғын үшін тиімді емес. Себебі үйі өте ескі. «Сон­дықтан менің тілегім – үй салып беріңіздер», деген нақты ұсынысын жеткізді ол.

Оның сөзін Атшабар Алтыбай да қостады. Ақсақалдың үйіндегі екі бөлменің ішінде ағаш тіреулер тұр. Жаңадан баспана салып берсе, қазір көшуге дайын екенін білдірді.

Енді бір тұрғындар өз үйле­рін қымбат материалдар қолда­нып, зәулім етіп қайта салып алғандықтан, аймақтан қозғалмай­тынын жеткізді. Себебі мүлікті бағалаушылар олардың үйлеріне өздері қалаған бағаны ұсынбауы мүмкін.

Майқайыңдық әжей Кәжен Сынғадолла былтырдан бері көп­қабатты үйдегі пәтерге көшіп кеткенін айтады. «Шанхайда» ескі жер үйі қалып отыр. Ескі үйін  бағалап, қолына қаражат берсе, соған қанағат қылмақшы.

«Алтыналмас АК» АҚ өкілдері санитарлық-қорғау аймағында орналасқан үйлер иелерінің әрқай­сысымен жеке-жеке сөйлесілетінін жеткізді. Бұл жерде үйдің жағдайы ғана есепке алынбайды, көлемі, жер телімі, ауласы, бәрі-бәрі баға­лау өлшемдерінде көрсетіледі.

– Бұған дейін Ақмола облы­­сын­дағы Ақсу кентінде орна­лас­қан біздің компанияға тиесілі кәсіп­орын айналасында осындай мәсе­ле туындаған. Тұрғын­дармен келісім бойынша, тәуел­сіз бағалау компаниясының көмегімен 2020 жылдан бастап қауіпті аймақта орналасқан 202 үйді бағалап, сатып алдық. 2025 жылдың басынан бері 42 үй сатып алынды. Бізге әр үй иесінің шешімі маңызды. Егер ақшалай төлемге келіссе, екі күннің ішінде барлық ресімдерді жүргізіп, есепшотына қаражатты аударып береміз, – деп атап өтті.

Осылайша, қазіргі уақытта «шан­хайлық» үй иелерінің пікірі үшке жарылып тұр. «Алтыналмас АК» АҚ басшылығы тек «Шанхай» ғана емес, тұтас кенттің әлеуметтік-инфрақұрылымдық жағдайын дамытуға ынталы екенін білдіріп отыр. Бұл үшін компания облыс әкімдігімен әлеуметтік жауап­кершілік бойынша арнайы мемо­ран­думға отыруды ойға алған.

 

Өндірістік көрсеткіштер кемімейді, тек үдей түседі

Бас директор Даниал Нәбиев­тің айтуынша, акционерлік қо­ғам жылдар бойы үйіліп қалған техно­генді минералды түзілімдерді (ТМТ) өңдеу мақсатында жаңа фабрика салуды ұйғарып қойған. Ол ашылғанда, ТМТ өңдеу кезеңінде өндірістік көрсеткіштер ұлғайып, Майқайың халқы үшін жаңа жұмыс орындары құрылады. Қазір кәсіпорында 1000-нан аса адам еңбек етсе, оның 380-і кеніште қызмет жасайды. Бұған қоса келешегі бар деп саналатын тағы 6 алаң анықталған. Олардың бірі – Алпыс кен орны, онда геологиялық барлау жұмыстары жүргізілетін болады.

– Біз үшін негізгі басымдық – еңбек қауіпсіздігін арттыру. Жеке қорғаныс құралдарын, арнайы киімдерді жаңартуды бастадық. Өткен жылдан бері бетон толтыру кешені іске қосылды. Маусым айында әр қызметкердің орналасқан жерін қадағалайтын шахта жұмыскерлерін позициялау жүйесі іске қосылады. Екінші маңызды мәселе – еңбек жағдайын жақсарту. Киім ауыстыру, жуыну бөлмелерін жаңарту, тамақтану сапасын арттыру, тағы басқа жайттар назарға алынды. Үшіншіден, өндірістік жоспарды орындау. Қызметкерлеріміздің еңбекақысы, бюджетке төленетін салық, кентке әлеуметтік қолдау – өндірісіміздің үнемі тоқтамай жүріп тұруына тәуелді, – дейді ол.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы,

Майқайың кенті