
Фото: gov.kz
2000-2024 жылдар аралығындағы ресми сандерекке сүйенсек, елімізде 2013 жылы ең көп - 168 447 неке тіркеліпті. Жаңа ғасыр басында бұл көрсеткіш 90 873 болса, 2023 жылы 120 851 отау тігілген. Былтыр бұл сан – 123 626-ға артқан. Қоғамда өкінішке қарай, ерлі-зайыптылардың екі жаққа кетісу жағдайы да тіркеледі. Біз мысал еткен 2013 жылы - 51 482 жұп ажырасқан. 2000 жылы - 27 391 неке күшін жойса, 2023 жылы - 40 227, 2024 жылы – 40 569 отбасының шаңырағы шайқалған. Кейінгі келтірген деректеріміз қоғамдағы отбасы рөлін нығайту шарасын одан әрі күшейтуге жол сілтейді.
Мемлекетке қызмет етіп, оның әлеуметтік, саяси, экономикалық арсеналын отбасы мүшелері, халық қамтиды. Сондықтан ел еңсесінің тік болуы – отбасындағы бірлік пен тәлім-тәрбиемен байланысып жатыр. Осы орайда Философия ғылымдарының кандидаты, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Қазақстан халқы Ассамблеясы және әлеуметтік саяси пәндер кафедрасының меңгерушісі Үмбетхан Серсенбин отбасы құндылықтарының құнын құлдыратпай, бекем етудің тарихи қалыптасқан моделін жаңғырту керек екенін атап өтті.
«Азаматтық, ұлттық бірегейлік отбасында қалыптасады. Қоғамда отбасы қауқары мықты болса мемлекет іргетасы – мығым. Әр ата-ана, ата-әже қоғам, мемлекет алдындағы өзінің жауапкершілігін жете білу керек. Ол бірінші кезекте - баланы, ұрпақты тарихи қалыптасқан модель негізінде тәрбиелеу. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы отбасы институтының негізгі прнициптері тәлім-тәрбие төгілген аңыз, әфсана, батырлар жыры, есті әңгіме, ертегіде тұнып тұр. Ондағы кейіпкерлердің өмірлік мысалы – балаға да өмірлік бағыт-бағдар. Поляк жазушысы Адольф Янушкеевичтің: «Әр кеш қазақ отбасына келсек, ақсақалдар хандардың, батырлардың тағлымын айтып отырады», деп жазғаны сөзіміздің айқын айғағы. Сондай-ақ, батырлар жыры адамның ішкі жан дүниесін тәрбиелеп, тарихи, елдік сананы серпілтеді. Бұл қатарға ұлттық ойындарды да қосар едім. Олар отбасы мүшелерін рухани тұрғыда жақындастырып, бірлікке, тату туыстыққа үндейді», деп ойын ортаға салған Үмбетхан Қуандықұлы ұрпақты еңбекке баулу, жауапкершілігін жүгін абыроймен атқаруға шақыру да отбасының негізгі міндеті екенін қаперге салды.
«Мәдениеттің өзі адамның еңбектену қызметімен байланысты. Еңбек - адам табиғатына қатысты құндылықтың бірегейі. Әр отбасы баланы еңбеқорлыққа, жауапкершілікке тәрбиелеу керек. Неміс философы Иммануил Кант «Тарих - қоғамға үлгі болатын бағыт» деген. Бұл сөздердің қазіргі жаһандану заманында құндылықтарымызды қайта қарауға үлкен міндет жүктеп тұрғанын аңғарамыз», дейді Үмбетхан Серсенбин.
Үмбетханның отбасын біріктіруде ұлттық спортты мысал еткеніндей, Астана қаласында өткен «Үздік жас отбасы - 2024» байқауының жүлдегерлері Ендібаевтар отбасы сайыс оларды шыңдап, жұбының пікіріне ден қою сынды дағдыларын дамыта түскенін жеткізді. Екі қыздың ата-анасы Мағжан Ендібай мен Маржан Нұртазина шығармашылық сәттердің отбасы мүшелерін жақындата түсетін сырын да атап өтті.
«Біз үшін өте керемет тәжірибе болды. Қысқа ғана уақыт ішінде тұщымды дүние шығару үшін барымызды салдық, артылған жауапкершілікті жұмыла көтеріп, бір-бірімізге қолдау білдіре алдық. Өнер сайысына тарих парақтарынан сыр шертетін қойылым сахналадық. Қойылымды дайындау барысындағы ізденіс, тың фактілермен танысу, оны бойымыздан өткізіп, сезініп жеткізуіміз біздің отанға деген сүйіспешілігімізді арттыра түскендей, әрі тарихи оқиғаларды уақыт өткен сайын басқаша - тереңірек қабылдайтынымызды да осы байқауда ұғындық. Қыздарымыз кішкентай болған соң, белсенді араласа алмады. Бірақ сайыста балаларымен бірге өнер көрсеткен жұптар да болды. Көз қызығады. Мұндай шығармашылық сәттер отбасы мүшелерін жақындататыны сөзсіз», деді Маржан Нұртазина.
Отбасын қолдау - мемлекет стратегиясында белгіленген негізгі бағыттардың бірі. Осы бағытта елімізде отбасын қолдау орталықтары да қарқынды жұмыс істеп тұр. Заңнамалық, әлеуметтік қолдауды да айрықша атап өтуге болады.