Ауыл • 16 Мамыр, 2025

Қарауылтөбедегі қайырлы істер

80 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданына қарасты Қарауылтөбе ауылында жаңа бақ ашылды. Туып-өскен ауылына 30 түп алма, 30 түп алмұрт ағашын сыйлаған – соғыс ардагері Қамеш Әбірұлының ұрпақтары.

Қарауылтөбедегі қайырлы істер

Жеңістің 80 жылдығын қарауылтөбеліктер ұйым­­шылдықпен атап өтті. Мереке қарсаңында ауылды абат­тандыруға, «Зерде» саябағын жаңартуға, жеңіс мейрамын лайықты атап өтуге ауылдастар 7 млн 150 мың теңге қа­ражат жинапты. Демеушілердің бір тобы «Туған өлкем – Қарауылтөбе» архитектуралық нысанын орнатса, енді бір тобы ауылға кіре берістегі қақпаны жаңартқан. Тіпті аялдама жанына жаңа әжетхана орнатылып, көпшіліктің бір қажеті түгенделген.

– Ауылдағы көрнекі тақталарды да талапқа сай жаңарттық. Қазір ауыл көшелерінде тазалық, ұлттық құндылықтарымыз, еңбекқорлық, ел бірлігі, отбасы тәрбиесі туралы оншақты баннер іліне бастады. Бұл іс те толығымен Алмас Өтежанов, Асылхан Шайхиев, Мереке Тұрсынғалиев секілді азаматтардың қолдауымен жүзеге асты. Әр бастамаға қол ұшын созуға дайын азаматтар аз емес. Сондай жандардың арқасында соғыс және тыл ардагерлерінің суреттері ілінген тақта жаңартылды, ауыл­да дала қызықтары ұйымдастырылып, қос киіз үй тігіліп, ас берілді, – дейді ауылдық округтің әкімі Жәнібек Әбіров.

Сұрапыл соғыс жылдары Қа­рауылтөбе ауылынан 400-ге жуық азамат майданға аттанса, елге тек 151-і аман оралған екен. Сол майдангердің бірі – фин және Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан, кейін ауылда еңбек еткен марқұм Қамеш Әбірұлы болатын. Батырдан тараған ұрпақ бүгінде үлкен әулетке айналған. Олар жеңіс күні қарсаңында ат шаптырым жерге жаңа бақ орнатып, оған «Жеңіс бағы» деген атақ берді.

Ауылда бұдан басқа да игі іс көп. Жақында қос пәтерлі үй салу қолға алынды. Бұдан бөлек, «әлеуметтік кеңсе» деп аталатын ғимараттың да қабырғасы тіктеліп, шатыры жабыла бастапты. Округ басшысының айтуын­ша, кеңсе ашылған соң ауыл тұрғындары кез келген құжат үшін аудан орталығына шапқыламай, осы жерден шаруасын бітіреді екен. Электронды үкімет, тағы сол сияқты порталдар арқылы мемлекеттік қызмет алуға, банк қызметіне қолжетімді орталық болмақ. Екі нысан да шілде айында пайдалануға берілмек.

 

Батыс Қазақстан облысы