
Отырыс барысында сенаторлар «Аквашаруашылық туралы» және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аквашаруашылық, агроөнеркәсіптік кешен, электр энергетикасы және жекелеген орталық мемлекеттік органдардың функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды екі оқылымда қарады. Құжаттар жаңа өндірістерді құру және жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту арқылы аквашаруашылықты орнықты дамытуды көздейді. Сондай-ақ бәсекеге қабілетті аквашаруашылық объектілерін өсіру көлемін ұлғайту мәселесіне де баса мән берілді.
Заңда балық өсіретін шаруаларға көмек көрсетуге қатысты норма да қарастырылған. Мемлекеттік субсидияларды беру өнімнің өнімділігі мен сапасын арттыру, асыл тұқымды балық шаруашылығын дамыту, инвестициялық салымдар кезінде шығыстардың бір бөлігін өтеу, су беру жөніндегі қызметтерге ақы төлеу, сондай-ақ кредиттеу кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау сияқты бағыттар бойынша жүзеге асырылады. Мұндай нормалар балық өсірумен айналысатын кәсіпкерлерге шаруашылықта кездесетін өзекті мәселелерді шешуге көмектесу үшін қолға алынып отыр.
«Бүгін қаралған заңдар аквашаруашылық саласында туындайтын құқықтық қатынастарды реттейді. Жаңадан әзірленген жеке заң аясында аквашаруашылық субъектілері мен олардың қызмет түрлері айқындалды. Сондай-ақ салаға жауапты мүдделі мемлекеттік органдардың құзыреттері де нақтыланды. Аквашаруашылық субъектілерін мемлекеттік ынталандыру және инвесторларға қолайлы жағдай жасау шаралары да назардан тыс қалған жоқ. Заңдарды қарау барысында сенаторлар бірқатар ұсыныс берді. Алдағы уақытта қаралған заңдар еліміздегі аквашаруашылықтың орнықты дамуына тың серпін береді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.
Талқылау нәтижесінде сенаторлар заңдарды қолдап, оларға бірқатар түзету енгізуді ұсынды. Атап айтқанда, ұсынылған өзгерістер бекітілген балық шаруашылығы су айдындары мен учаскелерінде тек Қазақстан Республикасының заңдарымен ғана тыйым салуды белгілеуге және аквашаруашылық субъектілері жосықсыз аквашаруашылық субъектілерінің тізіліміне енгізілетін негіздерді нақтылауға қатысты ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар депутаттар табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін ақы төлеуге байланысты нормаларды Салық кодексіне сәйкес келтіру қажет екенін айтты. Осыған байланысты заңдарды сенаторлар енгізген түзетулермен Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылданды.