
Фото: Ашық дереккөзден
Компания Астана әуежайын қаржыландыруды бір жылдық жіті тексеруден кейін шешкен. Кешенді талдау кезінде әуежайдың қазіргі уақыттағы жай-күйін егжей-тегжейлі сарапталып, әуежайдың 2023 жылғы 14 млрд теңгеден астам шығыны бар екені анықталған.
Terminals Astana Airport Limited компаниясы өздері басқарған 1 жылда (2024) әуежай 790 миллион теңге кіріске қол жеткізгенін мәлімдеді.
«Жолаушылар ағыны 2023 жылы жылына 7,5 миллион жолаушыдан 2024 жылы 8,3 миллион жолаушыға дейін өсті. 2024 жылы жүргізілген талдау нәтижелері мен жобаның болашағын айқындаған алғашқы табыстарға сүйене отырып, біз Астана әуежайын дамытуға бағытталған кешенді бағдарламаны жүзеге асыру туралы шешім қабылдадық. Бағдарлама аясында тікелей инвестиция көлемі 153 миллиард теңгені құрайды. Сонымен қатар, алдағы 25 жыл ішінде үшінші тараптардан 393 миллиард теңгеге дейін жанама инвестициялар тарту көзделіп отыр. Бұл қаражат инфрақұрылымды ауқымды түрде кеңейтуге бағытталады», делінген компания хабарламасында.
Қаражат қайда инвестицияланады?
Қаражат халықаралық қауіпсіздік және тиімділік стандарттарына сәйкес келетін ұзындығы 3,5 км құрайтын жаңа (қосымша) ұшу-қону жолағының құрылысына жұмсалмақ. Жаңа ұшу-қону жолағы әуежайдың өткізу қабілетін айтарлықтай арттырып, ұшып-қону операцияларын қатар жүргізу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
Компания әуежайдың өткізу қабілетін 2033 жылға қарай жылына 15 миллион жолаушыға дейін және 2053 жылға қарай 30 миллион жолаушыға дейін арттыруға мүмкіндік беретін қолданыстағы Т2 жолаушылар терминалын кеңейтіп, жаңа халықаралық Т3 терминалының құрылысын бастауды жоспарлар отыр.
2053 жылға қарай жүк айналымын қазіргі максимум 12 000 тоннадан 130 000 тоннаға дейін ұлғайту мақсатында жүк терминалы да жаңғыртылып, оның ішінде қойма кеңістігі кеңейтіліп, заманауи логистикалық технологиялар енгізіледі.
Саны артып жатқан рейстерге үздіксіз қызмет көрсету мақсатында жанар-жағармай құю кешенінің аумағы 5,2-ден 11,6 гектарға дейін ұлғайтылады.
«Инвестициялық бағдарламамызда қонақ үй кешендерін, іскерлік және сауда орталықтарын, сондай-ақ заманауи көрмелер мен конференц-залдарды қамтитын Aero City инновациялық көпфункционалды кластерін құруға ерекше көңіл бөлінеді. Aero City жобасы әуежайдың тартымдылығын арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашып, бүкіл аймақтың экономикалық дамуының катализаторына айналады. Сонымен қатар, бұл жоба үшінші тараптардан қосымша инвестициялар тартуға және жергілікті экономиканың өсуіне ықпал етеді.Барлық инвестициялар Қазақстанның мемлекеттік бюджетінің қаражатын пайдаланбай жүзеге асырылатынын ерекше атап өткен жөн», делінген министрлік хабарламасында.
Негізгі инфрақұрылымға меншік құқығы «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ-да қалады, ал мемлекет бюджетке тұрақты кірістерді алуды жалғастырады.
Әуежайдың барлық қызметкерлері кепілдендірілген тұрақты жұмысқа орналасу арқылы өз жұмыстарын жалғастырады, сонымен қатар қызметкерлерді оқыту және біліктілігін арттыру бойынша арнайы бастамалар да бар.