Әйел әлемі • 16 Мамыр, 2025

Астанада репродуктивті денсаулық мәселелеріне арналған дөңгелек үстел отырысы өтті

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

15 мамырда Астанада Репродуктивті денсаулық апталығы аясында дәрігерлер, сала мамандары, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері мен журналистердің қатысуымен дөңгелек үстел отырысы өтті.

Астанада репродуктивті денсаулық мәселелеріне арналған дөңгелек үстел отырысы өтті

Іс-шара Қазақстандағы әйелдердің репродуктивті денсаулығы саласындағы өзекті мәселелер, үрдістер мен шешімдер талқыланған сараптамалық диалог алаңына айналды. Қатысушылар профилактика, білім беру және заманауи медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды.

Негізгі тақырыптар қатарында — репродуктивті денсаулықты қорғаудағы заманауи тәсілдер, әлеуметтік факторлардың әсері, контрацепцияның заманауи әдістері туралы ақпараттың қолжетімділігі, эндометриозды емдеу, әйелдерге арналған контрацепция және гормоналды терапия, сондай-ақ барлық жастағы әйелдердің денсаулығына бағытталған кешенді стратегияларды әзірлеу шаралары бар.

Кездесу Gedeon Richter Kazakhstan компаниясының қолдауымен және Kazakhstan Women’s Health жобасы аясында ұйымдастырылды. Жоба әйелдердің өз денсаулығына қатысты білім деңгейі мен белсенділігін арттыруға бағытталған.1

ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Жұлдызай Ысқақова іс-шараны ашып, Репродуктивті денсаулық апталығы аясында өңірлерге ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті.

Комиссия мүшелері қоғам және жастармен кездесулер барысында әлеуметтік мәселелерді ашық талқылап, медициналық қызметтерге қолжетімділік, түрлі аурулардың алдын алу маңыздылығы, АПВ-ға (адам папилломасы вирусы) қарсы вакцинация қажеттілігі туралы мәселелерді көтерді.

Gedeon Richter Kazakhstan компаниясының өкілі Динара Бірмағанбетова репродуктивті денсаулық жөнінде халықты ақпараттандырудың маңыздылығын айтты.1

«Биыл біз әйелдер денсаулығына қатысты халық арасында сауалнама жүргіздік. Гинекологқа алдын ала қаралу көрсеткіштері мынадай: сауалнамаға қатысқан әйелдердің 50%-ы дәрігерге жылына бір рет баратынын айтты. Тағы 38%-ы 1,5–2 жылда бір рет барады, ал 12%-ы нақты аралықты атай алмады. Мұндай алдын алу көрсеткіші жеткіліксіз», – деді Динара Бірмағанбетова.

Сауалнама нәтижесінде тек 44% респондент қана әйелдер денсаулығына нақты анықтама бере алған. 30% толық емес жауап берсе, 26% мүлде жауап бере алмаған. Бұл деректер халықтың бұл салада жеткілікті білімі жоқ екенін көрсетеді.

«Сондықтан да репродуктивті денсаулықты тек медициналық мәселе ретінде емес, кешенді әлеуметтік құбылыс ретінде қарастыру аса маңызды. Біз Gedeon Richter Kazakhstan компаниясында осы бағытта белсенді жұмыс істеп келеміз, дәл осылайша Kazakhstan Women’s Health әлеуметтік жобасы дүниеге келді», – деп қосты компания өкілі.

ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының урология бөлімінің меңгерушісі Бахтияр Қасымов ерлер денсаулығы мәселесінің де өзектілігін атап өтті.

«Менің бір ғана ұсынысым бар — мүмкіндігінше "Ерлер денсаулығы жылын" жариялап, оны жас ерекшеліктеріне қарай тақырыптарға бөлу. Мысалы, балалар урологиясы. Бүгінде туа біткен және жасөспірім кезде пайда болатын урологиялық аурулар жиі кездеседі», – деді ол.

Ашық пікірталас барысында жасөспірімдердің жыныстық жетілуі, ерте жүктілік, ЖЖБИ (жыныстық жолмен берілетін инфекциялар), сондай-ақ ер азаматтардың репродуктивті денсаулықты сақтаудағы рөлі мен жауапкершілігі секілді тақырыптар да көтерілді.

«Әйелдер әлсіз болып көрінемін деп қорқады, сұрақ қоюға ұялады, кейде тіпті кейбір белгілердің маманға қаралуға себеп екенін білмейді. Міне, сондықтан да Kazakhstan Women’s Health секілді жобалар өте маңызды. Олар қоғамға жаңа норманы – ашық сөйлесу, сұрақ қою, өзіне қамқор болу мәдениетін сіңіреді», – деді репродуктолог дәрігер Алмаз Ибрагимов.

Дөңгелек үстел барысында АПВ-ға қарсы ұлттық вакцинация бағдарламасын кеңейту, яғни ұл балаларды да ерікті түрде вакцинациялауды енгізу бастамасы айтылды.

Басқа ұсыныстар қатарында Дюшенн ауруы мен СМА-ны анықтауға арналған генетикалық скринингтерді, егде жастағы әйелдер үшін остеопороз скринингін енгізу туралы бастамалар болды.

Іс-шара қорытындысында қатысушылар әйелдер денсаулығын жүйелі дамыту үшін мемлекеттік, қоғамдық және бизнес құрылымдардың күшін біріктіру қажет екенін атап өтті.