
Рухани жиынға еліміздің әр аймағынан және бұрынғы Бесқала, бүгінгі Қарақалпақстаннан келген өнерпаздар қатысып, өз өңірлерінің мақам-саздарымен ән-жыр орындады.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің басқарма басшысы Рига Талғатқызы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын жолдап, ізгі лебізін білдірді.
«Сіз текті сөздің тұнығынан нәр алып, тағлымды жырлармен тыңдарман жүрегіне жол тауып, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленіп келесіз. Өзектілігін ешқашан жоғалтпайтын жыр мұрасын бүгінгі буынға жеткізудегі еңбегіңіз әрдайым жоғары бағаланады. Бұл сіздің тыңдарманға, ұлт өнеріне жасаған тағы бір тағзымыңыз, рухани тартуыңыз. Алдағы уақытта да еңбегіңіздің жемісін көріп, мерей-мәртебеңіз арта берсін! Сізге мықты денсаулық, шығармашылық табыс, отбасыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін!», делінген министрдің құттықтау хатында.
Фольклор зерттеушісі, ғалым Рахманқұл Бердібаев ежелгі жыр мәтіндерінің бүгінгі күнге дейін аман жетуіне Бесқала жырауларының үлесі зор екенін «Жыршылық дәстүр» атты толымды еңбегінде жазады:
«Біздің байқауымызша, бұл күнде жырды ғасырлар бойы қалыптасқан өз мақамымен айтатын жыршылар, термешілер өте аз. Бүкіл Орта Азия мен Қазақстан бойынша, жыршылардың әзірге бай жері – Қарақалпақстан. Жыршы-жыраулардың көбі Сыр бойынан, Қарақалпақстан жерінен табылды. Әсіресе, жыршы-жыраулықтың дәстүрі Қарақалпақстанда қуатты қалпында, онда жыршылық өнер өте қастерлі екені анықталды. Қазақ жыры сақталған жаңа «Эпикалық аудан» – Қарақалпақстан фольклоршылар үшін аса қызғылықты, жанды мағлұматтар беретін тың өріс секілденіп отыр», дейді Р. Бердібай.
Бесқаланың жырларын тыңдағанда тыңдарман арнасынан асып-төгіліп жатқан жыр тасқынын көргендей болады. Оны буын шеңберіне сыймай құйылып жатқан теңіз тектес сөздерден аңғарады. Жыршы домбырасын бебеулетіп шығарма орындап емес, құдды жырдың өз ішінде өмір сүріп жатқандай һәл кешеді. Жырлап отырып, сөйлейді. Сөйлеп отырып жырлайды. Тыңдарманын ыстыққа да, суыққа да салып әрі-сәрі күй кештіреді. Жырдың құдіреті де осында емес пе? Бір қызығы Бесқалада дүниеге келіп күллі алаштың ақынына айналған Төлеген Айбергеновтің де поэзиясынан осы құбылысты байқайсың. Ақын туған топырағынан жаралады деген осы емес пе? Қоныс жыршының қоп-қоңыр үніне кіріп кетіп ойымызға осы дүние оралды. Кешті жүргізген мәдениет саласының үздігі, жыршы Күнқожа Қайрулланың айтуынша, Бесқала жыраулық дәстүрінде мақамдарды қолданудың өзіндік реті бар. «Бұл өңірде «жыр сарыны, сазы, мақамы» дегенді «жолы» деп айтады. Кешегі ХХ ғасырдағы жыршылардың ғана емес, ХІХ ғасырда өмір сүрген жыраулардың да мақамдары мен жыр-күйлері бүгінге жетіп отыр. Ел арасынан мұндай дүниелерді әлі де көптеп кездестіруге болады. Бір ғана Наурызбек жыраудың өзі қырыққа жуық мақаммен жырлаған. Соның ішінде жиырмадан астам мақамды өз жанынан шығарған», дейді зерттеуші.
Мәдени мәжілісте осынау Наурызбек жыраудың толғауы оның төл шәкірті Өсербай Сәрсенбайұлының көмейінде бебеуледі. Қайқы домбырасымен жыр сабасын пісіп-пісіп жібергенде кеудеден кеулеген үн күрпілдеп шыға берді.
Ал Еділ Басығараев күй қағаны – Қазанғаптың «Күй шақырғыш ақжелеңін» орындады. Өнертанушылар Қазанғап «Ақжелеңінің» 62 түрі барын жеткізеді. Күйшінің алпыс екі тамырынан күркіреп аққан осы күй көрерменнің көңіл айдынында тасқындап құйды. Халық сусап қалған екен. Тағы сұрады. Күйші «Жем суының тасқынын» тартты.
ХІХ ғасырда қазіргі Ақтөбе өңірінде Қызыл деген әнші өткен. Өнертанушы, композитор Ілия Жақанов «Қызыл әнші» деген мақаласында: «Атыраудың ескі көне көздері: «Ой, Қызыл әнші дегеніңіз, Жайықтың мына ішкі бетіндегі біздің елдің әншілерін шақ келтірмеген үні зор құдірет еді ғой» десіп отырады» деп жазады. Сол құдірет иесінің әнін Қоныс Жүсіптің жұбайы Ырысты Сүлейменова орындап берді. Қызылдың «Мешін-тауық» әнін шырқағанда ашаршылық заманындағы қазақ халі баяндалды. «Қазаққа қиын соқты мешін-тауық, жігітке атқа мінген төнді қауіп. Алашта ән оздырған Қызыл ағаң, үйінен іше алмай жүр көже тауып» деп күңірентті ән-тарихты.
Жоғарыда қазақ даласында әртүрлі жыр мектептерінің қалыптасқанын айтқан едік. Соның айшықтысы Сыр өңірі. Бірақ оның да өз ішінен мақамына, мазмұнына, орындалу ерекшелігіне қарай үш мектепке бөлінеді. Оның бірі Жиенбай жырау мектебі, екіншісі Нұртуған мектебі, үшіншісі Нартай жыр мектебі. Үшінші аталған Нартайдың әнін осы кеште Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Клара Төленбаева шырқады.
Әрімен қарай жер-жерден жеткен жыр жүйріктері өз өңірінің шығармаларын нақышына келтіріп шырқай берді. Бесқаланың белді өкілі Ринат Тәжібаев Құдайберген жыраудың термесін орындаса, қызылордалық Майра Сәрсенбаева атасы Сәрсенбай жыраудың жырын бебеулетті. Бұдан бөлек ордалы Оралдан келген Фархад Оразов Сартайдың термесін, батыс жыр мектебінің өкілі Ақмарал Ерімбетова Тастемірдің әнін, жетісулық Құралай Шаяхметова Дәнештің әнін салса, дауысында сахараның құмының сусылы бар Қайрат Кәкімов Мұхиттың «Кіші айдайына» басты.
Кештің қорытынды бөлімі «Барақ батыр» жырымен аяқталды. Қоныс Жүсіп келген қауымға ризашылығын білдіріп, жыраулық өнерге қолдау көрсеткен барша жанға алғысын жеткізді.