
Бұл оның «Әлем шыңдарындағы домбыра» атты бірегей жобасының бір бөлігі болды. Жоба «Әлемнің жеті шыңы» халықаралық бастамасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Оның мақсаты – қазақ мәдениетін, соның ішінде домбырамен орындалатын ұлттық музыканы әлемге таныту және бұл аспапты ең биік шыңдарды бағындырған музыкалық аспап ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енгізу болып табылады.
Айленд Пикке бағытталған экспедиция 15 күнге созылды және альпинистің бастамасымен ұйымдастырылды. Бұл өрлеу ол үшін тек спорттық жетістік қана емес, сонымен қатар патриотизм мен азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісі болды. Әлібек Конституцияның мәтінін еліміздің Ата Заңына деген құрмет белгісі ретінде шыңға көтеруді ұсыну мақсатында Конституциялық Сотқа жүгінді. Конституциялық Сот бұл бастаманы қолдап, Конституцияның ресми мәтінін ұсынды.
Әлібек биіктік пен ауа райының күрделі жағдайларына қарамастан, Конституцияны Гималайдың әйгілі шыңдарының біріне салтанатты түрде алып шығу үшін барлық сынақтардан өтті.
«Мен үшін Конституция – барлық заңдардың шыңы. Бұл жай ғана құжат емес, бұл – рухани тірек, бірлігіміздің, құқықтарымыз бен бостандығымыздың символы. Ата Заң мен домбыраны алып шыққанда мен жүк емес, күш сезіндім. Экспедицияның қатал жағдайларында олар менің мотивациямды арттырып, рухымды күшейттті. Айленд Пик шыңын Қазақстанның дәл осы нышандарымен бағындырғаныма мақтанамын», - дейді Әлібек.
Осы тарихи өрлеу барысында Әлібек Эверест етегінде ұлы қазақ композиторы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай оның «Әлқисса» күйін де орындады.
Альпинистің таудағы лагерьлерде және көршілес Непал ауылдарында орындаған музыкалық өнері халық тарапынан үлкен ықыласқа ие болып, экспедицияны ұлттар мәдениетінің диалогына айналдырды. Домбыра мен Конституция Қазақстанның бейбітшілік, ашықтық және ұлттық қадір-қасиет символдарына айналды.
Қайырбек Әлібектің бұл жобасы коммерциялық емес және халықаралық мәдени дипломатияны нығайтуға бағытталған.