
Акция моноқаланың дамуына мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға жастардың ризашылығын білдірудің бір көрінісі болды. Айта кетейік, Мемлекет басшысы Арқалықта бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруды тапсырды. Олардың қатарында әуежайдың қайта жаңғыртылуы және «Астана – Ырғыз» автожолының құрылысы бар. Бұл жобалар Торғай өңірінің дамуына серпін береді деп күтіледі.
«Павлодар қаласынан келдім. Арқалық маған қатты ұнайды, осы қалада қалғым келеді. Қала дамып келеді: әуежай ашылады, жаңа жол салынып жатыр. Президентіміздің Арқалықты қолдап отырғанына қуаныштымын», деді Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің студенті Жазира Болатова.
Қатысушылар қала көшелерімен мемлекеттік туларды алып, патриоттық ұрандармен жүріп өтті. Бұл – елдің дамуына жастардың қолдау білдіруінің айқын көрінісі болды.
«Қаламыздың тұрғындары мен жастары өзгерістерге өте қуанышты. Арқалыққа бөлінген көңіл үшін алғысымызды білдіргіміз келеді. Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып, болашаққа жол ашады», деп атап өтті Арқалық қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Данияр Қожахметов.
Тұрғындардың айтуынша, алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобалар тек Арқалыққа ғана емес, жақын маңдағы ауылдарға да оң әсерін тигізеді. Жаңа инвестициялар тартылып, кәсіпкерлік пен инфрақұрылым дамиды, өмір сапасы артады деп күтіледі.
Алғаш болып іске асатын жоба – «Орталық – Батыс» бағдарламасы аясындағы автожол құрылысы. Құрылыс жұмыстары маусым айында басталады деп жоспарланған.