Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Мұның әсері кәсіпкерге де, жалданып жұмыс істейтіндерге де, өз күнін өзі көріп жүрген жұртқа да тие бастады. Сондықтан қазір «табысын жасырып, тасада жүретін ескі тәсілдің заманы өтті ме?» деген сауал маңызды болып тұр.
Қаржы саласының маманы Дмитрий Казанцевтің бағалауынша, салықтық әкімшілендіру сапалық тұрғыдан жаңа кезеңге өтті. Өнеркәсіптік деңгейде іске қосылған «Smart Data Finance» жобасы мемлекетке азаматтар мен бизнестің қаржылық әрекетін бұрынғыдан әлдеқайда терең талдауға мүмкіндік беріп отыр. Бұл жүйеде 20 миллионнан астам жеке тұлға мен бірнеше миллион кәсіпкер туралы мәлімет жинақталған. Жүйе 74-тен астам дереккөзден ақпарат алады. Яғни азаматтың қалай табыс табатыны ғана емес, ақшаны қайда жұмсайтыны, қандай төлем жасайтыны, несиені қалай өтейтіні, қайда саяхаттайтынына дейін цифрлық із ретінде көрінеді.
«Smart Data Finance» жүйесі мемлекетке азаматтар мен кәсіпкерлердің қаржылық мінез-құлқын кешенді түрде көруге мүмкіндік беріп отыр. Бұрын табысты жасыру үшін қолма-қол есеп айырысуға көшу жеткілікті сияқты көрінетін. Қазір олай емес. Адам ақшаны бәрібір бір күні айналымға шығарады: жылжымайтын мүлік алады, көлік сатып алады, саяхатқа барады, несие төлейді немесе ірі төлем жасайды. Сол сәтте жүйе табыс пен шығыстың арақатынасын көреді. Сондықтан көлеңкелі табысқа құрылған бизнес-модель ұзаққа бармайды», дейді Дмитрий Казанцев.
Демек, салық реформасының маңызды бағыты – өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды ресми экономикаға шығару. Кейінгі жылдары енгізілген жаңа режім бейресми табыс тауып жүргендерге қызметін заңдастыруға мүмкіндік берді. Мұндағы басты қағида қарапайым. Чек соғылса, қызмет заңды. Чек болмаса, табыс та ресми емес. Айына шамамен
1 миллион 300 мың теңгеге дейін табыс табатын азаматтарға жеңіл әрі түсінікті мүмкіндік ретінде ұсынылып отыр. Әсіресе такси жүргізушілері, курьерлер, жеткізу қызметінде және платформалық сервистер арқылы жұмыс істейтіндер осы режімге белсенді тіркеле бастаған. Алайда бұл жеңілдікті теріс пайдалану қаупі де бар. Дмитрий Казанцев кейбір компаниялар штаттағы қызметкерлерін қысқартып, оларды өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлға ретінде қайта рәсімдеуге тырысып жатқанын тілге тиек етіп отыр. Себебі қызметкер үшін төленетін салық пен әлеуметтік төлем көлемі 30 пайыздан асады. Бизнес шығынды азайтқысы келеді, бірақ бұл режім еңбек қатынасын жасыруға берілген жоқ. Егер мұндай тәжірибе жаппай сипат алса, мемлекет өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған жеңілдіктерді қысқартуы мүмкін.
Қазіргі реформаның маңызды тұсы – мемлекет пен бизнес арасындағы диалогтің күшеюі. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркеновтің айтуынша, Үкімет өзгерістерді мүмкіндігінше жеңіл енгізуге тырысып отыр. 2025 жылғы 20 қаңтарда Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында жаңа Салық кодексіне қатысты нақты тапсырма беріп, фискалдық өзгерістерді кезең-кезеңімен әрі қоғаммен толық талқылау арқылы енгізу қажетін айтқан. Осыдан кейін мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер палатасының қатысуымен ондаған жұмыс кездесуі ұйымдастырылды. Қазір салық салу тетіктері, ауыл шаруашылығының ерекшеліктері, шағын және орта бизнеске түсетін жүктеме, ақпараттық жүйелердің жұмысы сияқты мәселелер талқыланып жатыр.
«Бизнес өкілдерінің ұсыныстары бұрынғыға қарағанда жиі тыңдалып жатыр. Бұл – жақсы үрдіс. Себебі салық реформасы тек мемлекеттің кірісіне ғана емес, кәсіпкерлердің тағдырына, жұмыс орындарына, тұтас экономикалық ортаға әсер етеді. Қазір әр кәсіпкер мемлекеттік орган өкілдеріне тікелей сұрақ қойып, өз мәселесін ашық айта алады. Бірақ мұндай мүмкіндік тек шағым айту үшін емес, нақты ұсыныс беруге пайдаланылуы керек. Егер бизнес бұл үдерістен тыс қалса, ертең қабылданған шешімге әсер ету әлдеқайда қиын болады», дейді Тимур Жаркенов.
Қосылған құн салығы төңірегіндегі пікірталас та қызу. Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әміриннің сөзінше, өзгерістер, ең алдымен, бюджет тапшылығын жабуға емес, нарықтағы әділетсіз бәсекені азайтуға бағытталған. Былтыр реформаны талқылау кезінде қосылған құн салығының мөлшерлемесін 20 пайыз ету мәселесі көтерілген, кейін бизнес пікірін ескеріп, 16 пайыз деңгейі қаралған. Бірақ мәселе тек мөлшерлемеде емес. Нарықта бір телефон бір дүкенде 1 млн теңге, басқа жерде 600 мың теңге тұруы мүмкін. Мұндай айырмашылықтың бір себебі көп. Мәселен, бір кәсіпкер қосылған құн салығын төлейді, екіншісі төлемейді, бірі тауарды заңды импорттайды, екіншісі көлеңкелі жолмен әкелуі кәдік. Мемлекет осы теңсіздікті азайту мақсатында қосылған құн салығындағы тіркеу шегін төмендеткен еді.
«Алғашқы нәтижелер байқалып жатыр. Биылғы төрт айдың қорытындысында қосылған құн салығындағы түсімдер өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26 пайызға өскен. Бақылау-кассалық машиналар арқылы өтетін операциялардың жалпы сомасы шамамен 30 пайызға, операция саны 17 пайызға артқан. Бұл халықтың сатып алу белсенділігі күрт төмендеді деген пікірді толық растамайды. Жыл сайын кәсіпкерлердің шамамен 30–35 пайызы өткен жылмен салыстырғанда төмен табыс көрсетеді, ал 65 пайыздан астамы кірісін арттырады. Биыл да осы үрдіс сақталып отыр. Қазірдің өзінде 256 мыңнан астам кәсіпкер жалпыға бірдей салық режіміне тіркелген, оның шамамен 238 мыңы бұрын жеңілдетілген режімде болған», дейді А.Әмірин.
Мойындауымыз керек, салық реформасының ең ауыр тұсы – цифрландыру болып тұр. Электронды шот-фактура, бақылау-кассалық машиналар, қойма жүйелері, тауарларды ұлттық каталогке енгізу, түрлі есеп формалары шағын және орта бизнес-ке едәуір салмақ түсірді. Көп кәсіпкер мен бухгалтер бірнеше платформаны қатар жүргізуге мәжбүр. Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов болса осы қиындықты мемлекет те көріп отырғанын жасырмады. Оның сөзінше, қазіргі ауыр кезең – еліміздегі ірі цифрлық трансформацияның салдары. Бұрын кәсіпкер бір-екі есеппен жұмыс істесе, қазір бірнеше жүйеге қатар кіреді, бірнеше базаға ақпарат енгізеді. Бұрын екі бөлімнен тұрған есеп қазір 6 бөлім болуы мүмкін. Әрине, халық шаршайды. Бірақ мемлекет салықпен қатар әлеуметтік төлемдерді, медициналық сақтандыруды, еңбек қатынастарын, қызметкерлердің ресми табысын заңдастыруға көшкендіктен, есептілікке қосымша ақпарат енгізіліп отыр.
«Қазір көптеген кәсіпкер тауар карточкасын енгізсе, ертең тексеріс басталып кетеді деп қорқады. Бірақ бүгінгі мақсат – бәрін жаппай жазалау емес, нарықты бір жүйеге көшіру. Мемлекетке, елге қандай тауар кіріп жатқанын, оның қайда сатылып жатқанын көру маңызды. Біз импорттан бастап соңғы чекке дейінгі бүкіл тізбекті цифрлық форматта бақылауға көшіп келеміз. Бұл тек салыққа ғана емес, экономикалық қауіпсіздікке де қажет. Көлеңкелі импорт – жылдар бойы жиналған мәселе. Заңды жұмыс істейтін кәсіпкерлер бейресми тауар әкелетіндермен тең емес жағдайда бәсекелесіп келді. Реформаның түпкі мақсаты – бизнесті тұншықтыру емес, болашақта артық есептілікті азайту. Барлық дерек бір базаға жиналған кезде көптеген есеп автоматты түрде қалыптасуға тиіс. Бірақ оған дейін өтпелі кезеңнен өту қажет. Бұрын көп нәрсе «шамамен» жүргізілсе, енді мемлекет те, банк те, серіктес те нақты цифр сұрайды», дейді Ә.Тұрысов.
Десе де реформаның әлеуметтік жағы да маңызды. А.Әмірин көптеген кәсіпорын қызметкерлерге нақты жалақы төлегенімен, ресми құжатта ең төменгі жалақыны ғана көрсететінін айтты. Бұл бизнеске салық жүктемесін азайтқанымен, жұмыскердің әлеуметтік қорғалуын әлсіретеді. Егер әйел адам шын мәнінде 300 мың теңге алып жүріп, құжатта
85 мың теңге ғана көрсетілсе, декреттік және бала күтіміне байланысты төлем де сол ресми сомамен есептеледі. Ресми жалақы толық көрсетілсе, бала күтіміне байланысты төлем ай сайын шамамен
120 мың теңге болуы мүмкін, ал ең төменгі деңгейде рәсімделсе, 50–60 мың теңгенің айналасында ғана қалады. Елімізде
1,3 млн-ға жуық жеке кәсіпкер мен 9 млн-нан астам жалдамалы жұмыскер бар екенін ескерсек, мемлекет тек бизнеске ыңғайлы шешім қабылдай алмайды. Бұл жерде жалдамалы қызметкердің де мүддесі бар емес пе?
Салық өзгерісіндегі алаңдатып отырған сауалдар мұнымен бітпейді. Мысалы, Т.Жаркеновтің айтуынша, қазір көптеген есеп формасы бір-бірін қайталайды. Оның үстіне кей ақпарат мемлекеттік органдардың өз жүйесінде онсыз да сақталған. Әлеуметтік аударым, зейнетақы жарнасы, табыс туралы мәліметтердің бәрі цифрлық базаға түсіп тұрғанына қарамастан, кәсіпкерлерден қайтадан қосымша форма талап етіледі. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы қазір осы мәселеге қатысты арнайы талдау дайындап жатыр.
«Бизнес мемлекет үшін жұмыс істейді, мемлекет те бизнес пен халық үшін жұмыс істеуі керек. Егер қандай да бір есеп немесе қосымша форма кәсіпкерге де, әлеуметтік жүйеге де нақты пайда бермесе, онда оның қажеті қанша деген сұрақ туындайды. Қазір кәсіпкерлердің негізгі наразылығы да осыдан шығып отыр. Мемлекеттік органдардың өзінде әлеуметтік аударым да, зейнетақы төлемі де, табыс туралы ақпарат та цифрлық жүйеде бар. Бірақ соған қарамастан кәсіпкерлерден сол мәлімет қайта сұралады. Әсіресе шағын бизнес қатты қиналып отыр. Өйткені үлкен компанияларда бухгалтер де, заңгер де бар. Ал шағын кәсіпкердің көп жағдайда бәрін өзі жүргізуіне тура келеді», деді Т.Жаркенов.
Контрагенттер үшін жауапкершілік мәселесі де кәсіпкерлер арасында үлкен мәселе туғызып отыр. Әсіресе құрылыс, логистика және өндіріс саласында жұмыс істейтін бизнес өкілдері серіктес компаниялардың әрекетіне тәуекел күшейгенін айтып, дабыл қағады. Тіпті адал салық төлеушінің өзі контрагентінің мәселесіне бола жауапкершілік арқалап кетуі мүмкін. Ендігі сұрақ: осы жүктемені неге Мемлекеттік кірістер комитеті толық өз мойнына алмайды? Бұған жауапты Қаржы вице-министр Ә.Тұрысовтан алдық. Ол мемлекет қазір ашық дереккөздер көлемін біртіндеп кеңейтіп жатқанын айтты.
«Қазір кәсіпкерлер үшін ашық ақпарат бұрынғыдан әлдеқайда көп. Компанияның қандай тәуекел деңгейінде тұрғанын, қандай мәртебесі барын көруге болады. Әрине, салық құпиясына жататын ақпараттың бәрін толық жариялауға заң мүмкіндік бермейді. Бірақ кәсіпкер өз контрагентінің сенімділігін алдын ала бағалай алатындай негізгі мәліметтер ұсынылып отыр. Біз қазір ақпараттық жүйелерді өзара байланыстыру арқылы тәуекелдерді ертерек анықтауға көшіп келеміз. Егер кәсіпкер ашық дереккөз арқылы серіктесінің тәуекел деңгейін көрсе, бұл болашақтағы даулардың алдын алуға көмектеседі», деп түсіндірді вице-министр.
Жалпы, түсінгеніміздей, әр табыстың, әр төлемнің, әр айналымның цифрлық ізі қалыптасатын уақыт келді. Сондықтан көлеңкеге сүйенген ескі тәсілдің «ғұмыры» қысқарып барады. Бірақ бизнесті тек бақылаумен дамыту мүмкін емес. Кәсіпкерге түсінікті ереже мен тұрақты орта керек. Ашық жұмыс істеген адам ұтылмайтын, адал еңбек еткен кәсіпкер қысым көрмейтін жүйе қалыптаспайынша, реформаның толық нәтижесі де сезілмейді. Алдағы кезеңде нақты есепке сүйенген, табысын жасырмайтын, қаржысын ретімен жүргізетін бизнес қана берік болмақ.