Тұлға • Бүгін, 08:40

Лауазым. Сынақ

20 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

«Тұлғаны дәуір туғызады» деген тәмсіл бар. Әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік лауазымды қызметтегі тұлғалар да өз дәуірінің қайшылықты оқиғаларымен, оның соқтықпалы қиян қиындықтарымен, асуларымен, өткел бермес ағыстарымен айқаса жүріп, кейде үндесіп, кейде түсінісіп, кейде түсініспей, ақыры бір мақсатқа жұмылғанда қоғамда келісім қалыптасып, табыстар да, жемісті жеңістер де елге танылады.

Лауазым. Сынақ

Тәуелсіз мемлекеттігіміздің Конституциясында тайға таңба басқандай айшықты, әрі ең маңызды, ең сезімтал буыны – атқарушы билік, басқарушы аппарат, басқару жүйесі.

Бүгінгі әңгімеміздің арқауы – сол атқа­рушы биліктің көрнекті өкілі Қырымбек Елеуұлы Көшербаев.

Ел басқару, халықтың тұрмыс, тір­шілігін ұйымдастыру – билік басын­да­ғы азаматтан шынайы адалдық пен әділдікті, орасан білім­ділік пен білік­ті­лікті, жауапкершілік пен іскерлікті, сезім­талдық пен көрегендікті, қажымас қай­раткерлік пен жасампаздықты, сарқыл­мас төзімділік пен тапқырлықты талап ететінін айтсақ, осы қасиеттердің бәрі Қырымбек Елеуұлының жүрегі мен санасында терең ұялаған.

Қырымбек Елеуұлы Көшер­баев арғы тегі елін, жерін қаһар­мандықпен жаудан қорғап, қайсар ұрпақ жалғастырған Жалаңтөс, Жанқожа батырлардың, бе­­ріде – көш бастап, жылқы айдаған атасы Көшербай, ел басқарған әкесі Елеу, анасы Дәнеш Құрманбайқызы қа­зақ ру­ханиятының қайнар бұла­ғының көзін ашуға жанын салған Темірбек Жүргеновтің туысы болса, Қырымбектің ұлт­қа қызмет ету жолына түсуі де кездей­соқтық емес. Тектілік жалғасы – парасат парызы десек болар еді.

Алайда тегі қанша мықты бол­ға­нымен ол өздігінен діттеген жерге жете бермейді. Талпынбаған адам­ға қандай да мықты тек өздігі­нен кепілдік бере алмайды. Тектілік пен қанның қасиетін көтере алған адам ғана мұратқа жететінін Қырымбек ерте түсінген жігіт.

...1994 жылдың басы Мем­лекет­тік тәуелсіздік алға­нымыздың үшінші жылы. Кеңес одағы кезін­дегі сайланған Жоғарғы Кеңес депутаттардың өз бастамаларымен тарап, жаңа сайлау өткізуге дайындалып, еліміздің жаңа мем­лекеттік құры­лысы, экономикасы, халықаралық қатынастары, ішкі саясаты – тағы басқа салаларды жү­йелеп, қалыптастырып, қарбаластап жат­қан шақ.

Алматы қаласы КОКП бас­қаруы тұ­сында саяси партия жағынан да, әкім­шілік басқару жа­ғынан да Алматы облы­сының басшылығында болатын. Жаңа заманда, облыспен теңестіріліп, тікелей республика Президентіне бағынатын құзыр­лы әкім­шілік мәртебеге ие болып, оның басшысына Тұңғыш Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаев­тың жар­лы­ғымен Заманбек Нұрқаділов бекі­тілді.

Бүгін үйреншікті болып қал­ған қалып­ты жағдай – ол жылдары шын мә­нін­де ас­тананың да беделін көте­ріп,­ бас­қару жүйесіне жаңа тыныс беріп, қала тұр­ғындарының қоғамдық бел­сен­ділігін күшейткен көтеріңкі көңіл күйде еді. Заманбек те өзінің құрылысшы ма­ман­дығын, қала басшылығының әртүрлі лауазымдарында жинақтаған мол тәжі­рибесін жұмылдырып, төңі­регіне білікті қызметкерлерді топтастырып, жаңа дәуірдің талаптарына сай еңбек етуге барын салып жүрді.

Бір күні менен Заманбек Қырымбек Көшербаев туралы пікірімді сұрады. Оның да жас маман, құрылысшы-ин­женер, өндіріс, комсомол, Мәскеудегі қо­ғамдық ғылымдар академиясын бітіріп, кан­дидаттығын қорғап, қай қияға салсаң да ері ауытқымайтын қай­­­раттылығын, сенімділігін айттым. Мұқият тыңдап:

– Бәрі жақсы, бірақ Алматыны біл­мейді ғой, – деді.

– Замаш, сен екеуміз де осы Алматыға ауылдан, елден келдік емес пе?..

Біраз үнсіздіктен кейін өзінің міне­зіне тән батыл шешімдігімен: «Мен кез­десейін», – деп кесіп айтты.

...Сол күні Респуб­лика Президентінің жар­лығымен Алматы қаласының ең үлкен Бостандық ауда­нының әкімі болып Қырымбек Елеуұлы Көшер­баев та­ғайындалды.

Қырымбек сол қызметке келгенде жан-жа­ғына қарайлап, алды-артын өл­шеп, пі­шіп, елмен танысып, уақыт өт­кізбеді. Дәл бір осы қызмет оны кү­тіп тұр­ғандай – өзі де осы Бостандық ауда­нын­да туып-өскендей, азаматтармен ежелден таныс, біліс араласып жүргендей құ­зырындағы ауданына жаңа леп, серпін беріп, қала тұрмысына кірісіп-ақ кетті.

Біздің бауырымыз Алланың берген сыйы – өмірінің өсу кезеңдерін­де уа­қытын босқа өткізбеді. Шашылмады. Әуел бас­тан ата тәр­бие­сінен үйренген ширақ­тығын ширықтыра түсуден айнымады.

Жастық шақтың жарқ-жұрқ еткен қы­зыққа толы жылдарының шақыруларына алданбады, тұр­мысының қамсыздығына мастанбады. Шатаспай, жаңылмай жолын таба білді. Мектептен бастап, бар­­лық жоғары, ірі оқуларын үздік жүріп тәмамдады. Оқуын, ізде­нуін жыл өткен сайын өрістетіп, оның ең биік дәрежелерін игерді. Диссертацияларын Мәскеудегі ең мықты, ең алдыңғы қатар­лы, талабы биік ғылыми кеңестерде қорғады.

Оқу білімімен қатар қоғамдық жұ­мыстардың да белсендісі болды. Спорт­пен шұғылданып, жарыстарға қатынасып, спорт шебері дәрежесіне де жетті.

Көшербай атасының қасында жүріп еңбектің бейнеті мен зей­неті болатынын бала кезінде саналы түрде түсіне қой­мағанымен, тек еңбекпен мақ­сатына жететініне сенімді болды. Білікті маман бол­ғанынан бастап, жұ­мыстың, қыз­меттің, үлкен-кіші лауа­зымның жауапкершілігін сезініп, түйсініп өсті. Қандай қызмет істесе де, тың­ғылықты, тиянақты болып, нәти­жеге қол жеткізіп жүруге ұмтылды. Үйрете жүріп, үйрене беруді есінен шығармады.

Өз дәуірінің адам тану, қоғам тану, адамдармен жұмыс істеу мек­тебі болған жастар одағы – комсомол мектебінің жақсы жақтарын бойына сіңірді.

Мемлекеттік тәуелсіздігімізге қол жет­кізген алғашқы жылдардан мем­лекетшіл жас жігіт Қырымбек Көшербаев қоғамның қайшылықты жағдайларының бел ортасында жүрді.

Бұрынғы басқарушы компартия, со­циалистік догматикалық экономика жүйесінен бас тартып, жаңа басқару жү­йесін қалыптасты­рып, бүкіл өмірімізге реформа жүргізу міндеті тұрғанда, сол реформаларды бастаған Нұрсұлтан Назарбаев әріп­тестерінің қатарында болып, түбегейлі өзгерістер жүргізіп, ел тұрмысын жақ­сартуға білек сыбанып, бел буып қажы­май, талмай нәтижелі еңбек етті.

Ең сындарлы жылдарда біріккен Білім, мәде­ниет, денсаулық сақтау министр­лігін, Батыс Қазақстан, Маң­ғыстау, Сыр өңірі – Қызылорда облыстарын халық талабына сай басқарып, ел тұрмысының сапасын көтеріп, үлгілі, өнегелі еңбек етті. Әкім қызметінің үлгісін көрсетіп, беделін көтерді.

Қырымбек Елеуұлының баста­ма­шылдығымен елді мекендерге газ отын жүргізу, жолдар, көпірлер, аурухана, мектептер, мәдениет, театр ғимараттарын салдыру, тарихи ескерткіштерді, әсіресе Жәңгір хан мен Дәулеткерейдің кесенеле­рін тұрғызу, Бөкей ордасының кешенін қалпына келтіру сияқты еңбектерінің әрқайсысы бір-бір баянға арқау болатын құнды дүниелерді күрделі жөндеулерден өткізіп, халық игілігіне жаратқа­нын, сондай жұмыстарға сол кезде де, бүгін де елдің, қоғамның ри­зашылығын айтуымыз да орынды болар еді.

Мемлекеттік тәуелсіздігіміздің ерекше рәмізі, айшықты көрсет­кіші сана­латын көршілес мемлекеттермен ше­каралық келісімдер туралы сөз көтер­генде, солтүстік­тегі көршіміз – Ресей­мен шекара­лық келісімдердің аса жо­ғары маңыздылығын түсінбейтін адам жоқ шығар. Қырымбек Елеуұлын Ресей­ге қазақтың елшісі деп жібергенде Нұр­сұлтан Әбішұлы осы жұмысты Көшер­­баевтың елдегі тәжірибесі, шетел лауазымды тұлғаларымен қарым-қатынасы, тең дәрежеде сөйлесе алатын білі­мі, қабілеті, өткірлігі, өтімділігі, тап­қырлығы ескерілгенінен де хабарымыз бар. Оған қоса ертеден мәскеулік достары да аз болмады.

Мемлекет тарапынан Қырым­бек Елеуұлына жүктелген Қазақстан­­ның Ресеймен 7562 шақырым шекара­лық келісіміне бірнеше жыл бойы көптеген келіссөз жүргізу нәтижесінде 2004 жылы Н.Назар­баев пен В.Путин қол қойды. Осы орайда айта кететін бір жағдай – бұрын кеңес одағы кезінде Ресеймен арадағы шекара бір мемлекеттің ішіндегі республикалар арасындағы әкімшілік шекара болған. Енді екі мемлекет арасындағы тең құқықтық шекара мәртебесіне ие болды.

Сондай-ақ Қырымбектің баста­ма­сымен Мәскеуде Абайға, Әлияға, Мәншүкке, Омбыда Шоқан Уәлихановқа, Петерборда Жам­­былға, Волоко­ломскіде Бауыр­жан Момыш­ұлына, Томда Қа­ныш Сәтбаевқа ес­керткіш қойыл­ды.

Жоғарыда айт­қан сөз­дерімнің еш мадағы, мақ­тауы жоқ. Ол – лауазымды мем­лекеттік қызметкер ретінде ел алғысына ие болған кәдімгі қарапайым жан. Бірақ ондай мемлекеттік еңбек әркімнің үлесіне тие бермейтіні де бар. Тиген күннің өзінде абыройға ие болуы да оңай шаруа емес. Қырымбек өз тұсында аянбай еңбек еткені де, ел алғысына ие болғаны да ақиқат.

Қырымбек Елеуұлы талай қай­шы­лықтар мен сәт­сіздіктерді де басынан өткізді. Оның себептерін талдап жатудың бүгін қажеті жоқ. Сынақсыз қызмет болмайды. «Сүрін­бейтін тұлпар жоқ». Мәселе – сол сынақтардан өтуде.

Біздің Қырымбек сол сынақ­тардан азаматтық арын сақтап өтіп, ұлтына қыз­мет етуін абыроймен жалғастырып келеді.

Қырымбек Елеуұлы еліміздің Мем­лекет­тік хатшысы қызметін­де болған жылдары Президент Қасым-Жомарт Кемел­ұлының ар­найы тапсырмасымен Саяси реп­рессиялардың құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысын жүргізді.

Лауазымды қызметкерлер ат­қаратын талай қиын жұмыс бар. Бірақ хал­қы­мыздың басына түс­кен саяси қуғын-сүргін, ашаршылық тағы басқа нәубеттер тарихымыз­дың ең ауыр жолдарын ашу да, анықтау да қиынның қиыны.

Президент тапсырған осы қиын жұ­мысты да Қырымбек Елеу­ұлы абыроймен атқарып шығып, оның қыр-сыр­ларына арналған «Зұлмат» деген кі­тап шығарды. Кітап толығымен бұрын ашыл­маған құпия деректер. Жан түршігерлік оқиғалар. «Зұлматты» жайбарақат оқу мүмкін емес. Жазықсыз құр­бандарға тағзым. Ұрпаққа сабақ.

Ұрпағының өсіп-өнуін өз өмі­рінен артық қойып, оның болашағы үшін басын тігіп, жанкештілік­тен тартынбаған бабаларымыз қаншалықты қатаңдықпен болса да, сана сапасын бүгіндік баршы­лықтан жоғары көріп, «тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады», немесе «Бір ұл бар – әкесіне жете туған, бір ұл бар әкесінен өте туған, бір ұл бар – кері жү­ріп, кете ту­ған», деген сөзді ерте заман­да-ақ айтып қойған.

Бұл аталы сөздің барлығы да ұрпақтан ұрпақ мықтырақ болып келіп, ұлттың сапасы көтерілсін деген ниеттен туындаған тілек екені де белгілі.

Елдік тарихымызда өз дәуірінде ұлттың мәртебесін беріктеп, намыс туын кө­тер­ген әулеттер, отбасылар, жеке ба­тыр­­лар жеткілікті. Бірақ көптік қыл­майды.

Сондай ұлтқа, келешек ұрпаққа үлгі- өнеге бола алатын қазақтың бір әулеті Көшербай ұрпағы дер едім.

 

Қуаныш СҰЛТАНОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері