
Суретті түсірген – Наталии Портнягиной
«Айбар» жобасына жататын шағын күзет кемесін оралдықтар 16 мамыр күні Шаған өзенінің Жайыққа құяр сағасындағы арнайы айлақта салтанатпен шығарып салды. Жаңа кеме теңізде ел шекарасын күзетіп қана қоймай, контрабанданың жолын кеседі, заңсыз балық аулаушыларды құрықтайды. Корабльдің ұзындығы – 27,3 метр, ені – 6,62 метр. Заманауи байланыс және навигация қондырғыларымен жабдықталған кеменің жылдамдығы – сағатына 38–40 узел, бұл шамамен 70–75 км/сағатқа тең. Бір сапарында 600 милге дейін, яғни 1 мың шақырымға дейін жүре алатын кеме 15 адамға арналған.
«Бұл іс-шараның мәні ерекше, себебі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялағаны оның маңызын арттыра түседі. Жаңа кеменің іске қосылуы – білімі мен шеберлігі елдің қорғаныс әлеуетінің негізі саналатын инженерлердің, дизайнерлердің, кеме жасаушылардың, жұмысшылардың жұмысының айқын нәтижесі. Бұл жоба қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлес қана емес, сонымен қатар мемлекеттің дамуындағы жұмысшы мамандық иелерінің рөлін мойындаудың айқын үлгісіне айналмақ. Бұл кеме мемлекеттік шекарамызды күзетуге және қорғауға арналған. Осының арқасында заңсыз кеме қатынасына, контрабандалық операцияларға, рұқсатсыз балық аулау, шекараны заңсыз кесіп өту және басқа қауіп-қатерге тосқауыл қойылады», деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.
«Семей» кемесі – отандық мамандардың көпжылғы еңбегінің тағы бір жемісі дейді мамандар. 1941 жылы негізі қаланған Оралдағы «Зенит» зауыты – еліміздің қорғаныс өнеркәсібі кешеніндегі негізгі кәсіпорынның бірі. Тәуелсіздік жылдары мемлекеттік қорғаныс тапсырыстарын тұрақты орындап, жоғары технологиялық қайықтар мен «Сұңқар», «Бүркіт», «Барыс», т.б арнайы мақсаттағы кемелерді шығарған зауыт ұжымы осы «Семей» кемесін 2 жылдан аса уақыт ішінде құрастырып шыққан.
Бүгінгі салтанатты сәтті пайдалана отырып, кемені жобалауға, құрастыруға және жабдықтауға атсалысқан барлық қызметкерге шын жүректен алғысымды білдіргім келеді. Сіздердің кәсіби шеберлігіңіздің, адал еңбегіңіз бен жоғары жауапкершілігіңіздің арқасында бүгін еліміздің игілігіне қызмет ететін тағы бір кемені суға жіберіп отырмыз», деді Н.Төреғалиұлы.
Суретті түсірген – Мәди Ғұбайдуллин
Жаңа кеменің капитаны аға лейтенант Жеткерген Айдаров 2022 жылы Ресейдің Балтық әскери-теңіз институтын бітіріп, Маңғыстауда шекара қызметінде шыңдалған сардар екен.
«Бұл – шапшаң қимылды, су жаңа техникалық құралдармен жабдықталған кеме. Мұнда «Адунок» деп аталатын қашықтан басқарылатын автоматты зеңбірек орнатылған. Кеме бортында шағын катеріміз де бар, бұл теңіздің тайыз жерінде қолдануға керек», дейді капитан.
«Зенит» зауытының бас директоры Қыдыржан Мұқанов бұған дейін «Айбар» жобасына жататын екі кеме жасалғанын, олар теңіздегі қызметін абыроймен атқарып жүргенін айтады. «Семей» кемесінің ерекшелігі – кеме экипажы 10 күнге дейін еш жерге соқпай жүре алады. Алты балдық дауылға шыдас береді. Зауыт директоры қазіргі таңда судағы сыйымдылығы 750 тонналық көпбейінді кеме жасалып жатқанын хабарлады. Ол келесі жылы пайдалануға берілмек.
Батыс Қазақстан облысы