
«Әдебиет және өнер» порталына Түркі мәдениеті және мұрасы қорынан берілген мәліметке сәйкес, бұл мәдени жиын Қазақстан мен Қырғыз Республикасының ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдіктерінің ұйымдастыруымен өткен. Іс-шара ортақ өнеріміз арқылы тарих, тағдыр табыстырған туыстас халықтар екенімізді таныта отырып, айтыстың ғажайып қасиеттерін насихаттауды көздейді.
Еуропаның түрлі елдерінде тұратын қазақ және қырғыз диаспоралары бас қосқан айтыс сөз шеберлерінің мақамды шумақтарына, мазмұнды ойларына, ұтымды сөз қағысуларына толы болды.
Екі елдің арда ақындары – Аманжол Әлтай (Қазақстан) және Мирлан Самыйқожо (Қырғызстан) жүргізген айтыста Парламент Мәжілісінің депутаттары Нұртай Сабильянов пен Жанарбек Әшімжан, Қырғыз Республикасының Жогорку Кенеш депутаты Шайырбек Ташиев, «Манас» театрының басшысы Нұрбек Талантбеков және басқа да танымал тұлғалар қазылық етті.
Сөз жарысында «Қос бәйге» (бөлісілген жүлде) қағидатына сәйкес, Гран-при Айбек Қалиев пен Азамат Болғонбаевқа табысталды. I орын дипломдары Дидар Қамиев пен Ақматбек Сұлтанұлына, II орын Мейірбек Сұлтанхан мен Амантай Құтманалиевке, ал III орын Абай Жолмағамбетов пен Мақсат Құлиевқа бұйырды.