
Фото: ашық дереккөз
Аталған жарыс АҚШ Ұлттық ұланының ұйымдастыруымен сержанттар құрамының кәсіби шеберлігін бағалау мақсатында өткізіліп келеді. Биылғы байқауға Америка Құрама Штаттарының жеті штатынан, сондай-ақ Фиджи, Гуам, Тонга және Филиппин елдерінен келген әскери қызметшілер қатысты. Қатысушыларға әскери фитнес тесттен бастап, тактикалық дайындық, жауынгерлік медицина, топография, патрульдік тапсырмалар, сондай-ақ М-240В пулеметі, М-4 винтовкасы, М-17 тапаншасымен атудан бастап 12 келілік жүкпен 28 шақырымдық марш-бросокқа дейінгі күрделі сынақтар ұсынылды.
Өткізілген сынақтар барасында отандастарымыз ерекше нәтижелерімен көзге түсті. Атап айтқанда, сержант Дархан Аслан 800 метр қашықтықты 2 минут 5 секундта жүгіріп өтіп, байқау тарихында бұрын-соңды болмаған рекорд орнатты. Бұдан бөлек, ол 28 шақырымдық марш-бросокты 3 сағат 39 минутта аяқтап, төзімділік пен рухтың жарқын үлгісін көрсетті.
Ал гвардия сержанты Рауан Тоқтарбеков қару-жарақпен атудан барынша дәлдік танытып, «Үздік мерген» атағына ие болды. Ол АҚШ армиясы қолданатын қару үлгілерінен оқ атуда үздік нәтиже көрсетіп, арнайы сертификатпен марапатталды.
Генералдық штабтың сержанттар құрамымен жұмыс басқармасының аға нұсқаушысы, штаб-сержант Беглан Бейсалиев жарыстың жоғары деңгейде өткенін атап өтті:
«Қатысушылардың көпшілігі – тәжірибелі әскери мамандар. Соған қарамастан, біздің сержанттар өздерінің кәсіби шеберлігін, рухын, дайындық деңгейін нақты іспен дәлелдеді. Бұл — Қазақстан армиясы үшін үлкен мақтаныш,» деді ол.
Байқау соңында сарбаздар мәреге мемлекеттік Тумен жетіп, халықаралық аренада ел намысын қорғап шықты. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бұл жетістік – сержанттар құрамының жүйелі дайындығы мен халықаралық тәжірибеге ашықтығының нәтижесі.
Арайлым МЫРЗАХАН, ЕҰУ 2 курс студенті