
Домбыра пішіндес орталық
«Облыстағы мәдениет саласын дамытуға ерекше назар аудару қажет. Қалада мәдениет орындарының көбірек болғаны жөн. Атырау қаласында дарынды жастар үшін мәдениет және шығармашылық орталығын салуды тапсырамын. Оны қазақ күй өнерінің алыбы – Құрманғазының атымен атауды ұсынамын», деді Президент.
Мұнайлы шаһардағы концерт залының құрылысы 2010 жылы басталған еді. Құны – 3 млрд 681 млн теңге. Бірақ қабырғасы әйнекпен көмкерілген концерт залының құрылысы 2012 жылы күрт тоқтады. Жергілікті әкімдік «сақалды» құрылысқа айналған нысанды қайта жаңғыртуға инвестор іздеді.
Атырауға шетелдік инвесторлар келіп, құрылысы тоқтап қалған нысанмен танысты. Бірақ неге екені белгісіз, қалталы инвесторлар жергілік әкімдікпен келісім жасаған жоқ. Кейін әкімдік өкілдері концерт залының нысанын сауда орталығына айналдыруды көздеді. Бұл қадам тағы да аяқсыз қалды.
Президент тапсырмасынан кейін құрылысы 10 жылдан астам уақыт тұрып қалған концерт залы бұзылды. Енді оның орнына жаңадан мәдениет орталығын салуға ұмтылыс байқалып отыр. Алайда мұнайлы шаһарға көрік беруі мүмкін жаңа нысанның құрылысы қашан басталатыны әзірге айтылған жоқ.
Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиевтің ұсынған ақпаратына қарағанда, жаңа нысанның жобалық-сметалық құжаты сараптамада жатыр. Жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес концерт залы мен тарихи-өлкетану музейін біріктіретін мәдениет орталығы үш блокке бөлінеді.
Бірінші блокте 1 200 орындық концерт залы мен бөлме қарастырылыпты. Мұнда көрермендерге арналған үлкен вестибюль, фойе мен кулуарлар, буфеттер болады. Екі конференц-залы орналасады. Оның бірі – 100, екіншісі 50 орындық. Сондай-ақ 40 орынға есептелген VIP зал, оркестрге арналған сахна, өнер ұжымдарының дайындық жасайтын бірнеше залы мен дыбыс жазу студиясы ашылады.
Екінші блокке тарихи-өлкетану музейін орналастыру жоспарланып отыр. Кешен құрамына сандық және ғылыми кітапхана, ғылыми зертхана, шеберханалар мен мұрағат, қор, көрме, экспозициялық және мәжіліс залы кіреді.
Мәдениет орталығының үшінші блогі өзгеше болғалы тұр. Бұл – алдыңғы екі блокте бір-бірімен жалғастыратын домбыра пішініндегі бақылау алаңы. Мұнда кассалық галерея, лифт пен баспалдақ алаңы бар фойе орналасады. Әр блокте әкімшілік, қосалқы бөлмелер қарастырылған.
Резиденциядан лагерьге дейін
Президент сондай-ақ 5 өңірдегі ресми қонақтарға арналған резиденцияларды балалардың қажеттілігіне беруді тапсырған еді. Сондай резиденцияның бірі Махамбет ауданындағы Аққайың ауылында орналасқан. Бұрын мұнда ресми қонақтарды қабылдауға арналған үй болған.
Жайық өзенінің оң жағалауындағы резиденцияға жақын маңнан «Атырау-Орал» тасжолы өтеді. Оның жанында шағын жағажай, үлкен алма бағы, тікұшақ қонатын алаң бар. Өзенге дейін асфальт жол төселген.
Облыс әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиевтің мәліметінше, бұрынғы резиденцияны балалар лагеріне лайықтау көзделіп отыр. Нысан 200 орынға есептелген. Лагерьді «Жас дарын» деп атау ұйғарылыпты.
«Балаларға арналған лагерьді пайдалануға беруге дайындау, жер теліміне қатысты құжаттарын рәсімдеу жұмысы аяқталды. Нысанда газ бен су құбырының желісі жоқ. Соған байланысты оны пайдалану тек электр энергиясы есебінен мүмкін болады. Бірақ бұл экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Лагерьді жыл бойы, тиімді пайдалану мақсатында одан әрі жаңғырту, оның ішінде газ, сумен қамтуға инженерлік желілер жүргізу, жатын корпустарын, асхана мен басқа да құрылыстарды кеңейту, балалардың бос уақытын өткізуге арналған қосымша нысан салу жолымен қалыпты жай-күйге келтіру жоспарланып отыр. Бұл жұмысты 2025 жылдың бірінші жартысында жүргізу, жиһаз бен басқа құрал-жабдықтарды жаңарту көзделген», деп мәлімдеді Р.Жұмағазиев.
Бұрынғы резиденцияның нысаналы мақсатын өзгерту де қолға алынып жатыр. Осы мақсатта арнайы құжаттар топтамасы дайындалған.
Аққайыңда алаңдайтын мәселе көп
Бұрынғы резиденция орналасқан Аққайың – Бейбарыс ауылдық округінің құрамындағы елді мекен. 2006 жылға дейін Сорочинко аталған еді. Кейінгі 35 жылдан бері тұрғындар саны едеуір азайыпты. Мәселен, 1989 жылы елді мекендегі тұрғындар саны 174 адам болған. 1999 жылы 130 адам, оның ішінде 60 ер, 70 әйел адам тұрған. 2009 жылы 89 адам (46 ер, 43 әйел) қалған. Еліміздегі 2021 жылғы санақ қорытындысымен ауылда 78 адамның тұратыны есепке алынған екен. Бір қызығы, ерлердің саны әйелдерден екі есеге көп болып шыққан.
Бейбарыс ауылдық округінің әкімі Сейілбек Зұлхашевтің дерегіне қарағанда, қазір Аққайыңда 80 адам тіркеліпті. Алайда нақты тұратындардың саны – 25 адам.
«Бұл елді мекен Атырау қаласынан шамамен 30 шақырым қашықтықта орналасқан. Бейбарыс ауылынан төте жолмен жүрсе, қашықтық бес шақырымдай болады. Мұнда өткен жылы фельдшерлік-акушерлік пункт салынды. Әзірге пайдалануға берілген жоқ. Ауылда су, жарық, газ желілері бар. Ауызсу Жайық өзенінен алынады. Тұрғындарға берілер алдында су тазарту қондырғысында сүзгіден өткізіледі. Бірақ ауылдағы 12 отбасы ғана судың ақысын төлейді. Сол себептен жазғы су құбырын жүргізу тиімсіз болып отыр», дейді С.Зұлхашев.
Аққайың ауылына қоғамдық көлік қатынамайды. Елді мекенде мектеп пен балабақша, күнделікті тұтынатын азық-түлік, өзге де қажеттілікті сататын дүкен жоқ.
«Тұрғындардың бәрінде дерлік жеке көлік бар. Азық-түлікті, өзге де қажет заттарды Бейбарыс ауылынан, Атырау қаласынан әкеледі. Ауыл тұрғындары қой мен сиыр ұстайды. Көкөніс пен бақша дақылдарын екпейді», дейді округ әкімі.
Мемлекет басшысы берген тапсырманың мұнайлы өңірдегі жай-күйі осындай.
Атырау облысы