
Әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбада Шандақсор су қоймасының жиегінде өліп жатқан балықтарды байқауға болады. Оны жергілікті тұрғындар түсірген.- Жағаның бәрі толған өлі балық. Алабұға, аққайран, көксерке, шортан және басқа да балықтар әлдебір жағдайда қырылып жатыр.
Жағажайды күлімсі иіс басып тұр. Бұл жағдай суға микросфераның араласып кетуінен болуы мүмкін. Себебі су жиегі көбіктеніп, микросфераны жағаға алып шығып жатқанын көріп тұрмыз. Су жануарлары содан уланған,-деп баяндайды бейнежазбаны түсіруші адам.
Анықтағанымыздай, Шандақсор су қоймасы №2 Екібастұз ГРЭС стансасының жанында, Солнечный кентіндеорналасқан орын тепкен. «Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» РММ-нің Павлодар облысы бойынша балық инспекциясы бөлімінің басшысы Самал Темірболатованың айтуынша, аталған оқиға бойынша облыста комиссия құрылған.
-Бүгін біздің мекеменің, экология, төтенше жағдайлар, ветеринарлық, санитарлық қызмет органдарының мамандары аталған су айдынына кетті. Олар көлдегі жағдайды зерделеп, судан сынама алды. Сынамалар одан әрі зертханаға жіберіледі. Төтенше жағдай экологиялық немесе санитарлық факторлардан туындауы ықтимал. Біздің алдын ала болжамымыз - стансадан ыстық су құйылып, су жануарлары содан қырылуы ықтимал. Бірақ бұл болжам ғана. Балықтардың жаппай қырылуына өзге де жайттар ықпал етуі мүмкін,-дейді Самал Темірболатова.
Шандақсор су қоймасында екі пайдаланушы бар. Бірі – ГРЭС-2 кәсіпорны болса, екінші бөлігінде – жануарлар дүниесін пайдаланушы жеке кәсіпкер орналасқан. Кәсіпкер әр күзде балықтандыруды жүзеге асырады әрі жыл сайын бөлінген лимит бойынша балық аулайды.
Өткен жылы 53 тонна балық аулаған. Мұнда шортан, көксерке, сазан, оңғақ, табан, мөңке, аққайран, алабұға және тағы басқа балық түрлері бар. Бірақ су шекаралары арасында ешбір бөгет немесе қоршау орнатылмаған. Стансадан тазартылып шығатын сулар Шандақсорға тұтасымен араласып кетеді.
Павлодар облысы