Айбын • 23 Мамыр, 2025

Сардарлардың біліктілігі қандай?

50 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Әлемдегі қазіргі аумалы-төкпелі, алмағайып кезеңде еліміздің қорғаныс қабілетін күшейту – күн тәртібінде тұрған көкейкесті мәселе. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 5 мамырда болған Бүкілармиялық кеңесте сөйлеген сөзінде жауынгерлік дайындық жүйесін жетілдіру қажеттігіне тоқтала келіп: «Қазіргі заманда әбден машықтанған сарбаздар ғана тиімді ұрыс жүргізе алады. Сондай-ақ сардарлардың біліктілігі айрықша рөл атқарады. Әсіресе, орта және төменгі буындағы басшылардың кәсіби дайындығы жоғары болуы шарт», деп атап айтқан еді.

Сардарлардың біліктілігі қандай?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Расында да мерзімді әскери қызметке алынған жас сарбаздар үшін тікелей бастықтары – иықтарына қос жұлдызды погон таққан офицерлердің һәм взвод командирлерінің білімділігі мен біліктілігі, талапшылдығы мен қамқорлығы өте маңызды.

Бұл ретте жоғары әскери оқу орындарымен қатар, азаматтық жоғары оқу орындарының (ЖОО) әскери кафедраларына жүктеліп отырған міндет те салмақты. Себебі армиямызда кешегі кеңес заманының сарқыншағындай сақталып қалған «жарғылық емес қатынастар» деп аталатын әлімжеттік пен тәртіпсіздік мәселесі әлі де талай бозбаланың бойына үрей ұялатып, олар әскерден жалтару амалы ретінде әскери кафедрасы бар университеттерге оқуға түсіп жатыр. Мұны жақсы білетін ЖОО  басшылары әскери кафедра ашуды қосымша табыс көзі санайды. Кейінгі сегіз жыл ішінде 16 ЖОО-да әскери кафедра ашылғаны – соның айғағы. Студенттердің жартысына жуығы ақылы негізде оқитынын ескерсек, университеттер үшін әскери кафедралар талапкер санын көбейтіп, табыс табу көзіне айналып кеткені анық. Оның үстіне, әскери кафедрасы жоқ ЖОО-ларға түскен жас жігіттер де басқа университеттердің әскери кафедраларында ақылы негізде оқып, әскерге бармаудың жолын тауып жүр. Қорғаныс министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде 41 ЖОО-да әскери кафедра жұмыс істейді. Олардың 16-сы – мемлекеттік, 15-і – жекеменшік университеттер. Ал кеңес одағы кезінде Қазақстандағы ЖОО-лардың небәрі 12-сінде ғана әскери кафедра бар еді.

Әлемнің жетекші елдерінде де армияны нығайтуда азаматтық ЖОО-лардағы әскери даярлық жүйесі ерекше рөл атқарады. Мәселен, АҚШ-та 600-ден аса азаматтық ЖОО-да немесе барлық университеттің шамамен 20 пайызында әскери даярлық пәні оқытылады. АҚШ Қарулы күштері офицерлер корпусының шамамен 70 пайызы – ЖОО-лардың әскери даярлық курстарын аяқтаған түлектер. Жыл сайын әскери даярлық курстарын бітірген жастардың 50 пайыз­дайы тұрақты әскери бөлімшелерге әскери қызметке шақырылады. Әсіресе азаматтық ЖОО-лар даярлайтын тар бейінді мамандар – дәрігерлер, физиктер, химиктер, инженерлер, сондай-ақ әскери барлау мамандары АҚШ қарулы күштерінің қатарына жиі алынады.

АҚШ-тың азаматтық білім ұйым­дарындағы офицерлер даярлау жүйесі бойынша колледждерде екіжылдық, ал университеттерде төртжылдық оқу мерзімі қарастырылған. Екіжылдық оқыту бойынша резерв офицерлерін даярлағанда мемлекет оларға ақы төле­мейді. Төртжылдық бағдарламамен білім алушылар стипендия, кітаптар мен оқу құралдарын сатып алуға, көлік шығынын жабуға арналған төлемдермен, тамақпен қамтамасыз етіледі. Бұған айтарлықтай қаржы бөлінеді. Егер курсант келісімшарт талап­тарын орындамаса, онда одан офи­церлерді даяр­лау жүйесі бойынша жұм­салған барлық қаржы мемлекет қазынасына қайтарылып алынады. Осыған ұқсас жүйе Ұлыбритания мен Францияда да енгізілген.

Алдыңғы қатарлы Қарулы күштерге ие басқа мемлекеттердің кейбіріндегі ЖОО-ларда әскери кафедра жоқ. Мы­салы, Ресей Федерациясында 2019 жылдан бастап университеттердің әскери кафедралары жабылып, олардың базасында Қорғаныс министрлігінің 33 Әскери оқу орталығы (ӘОО) құрылған. Қазір олардың жалпы саны 120-ға жеткен. ӘОО-ларда 60 мыңдай студент оқып жүр. Олар ЖОО-да азаматтық мамандықпен қатар әскери мамандық та алып шығады. РФ ӘОО-ларының ерекшелігі – оларды бітірген түлектерге келесі үш жыл ішінде келісімшарт бойын­ша әскери қызмет атқару міндеті жүктеледі. Оған келіспеген жағдайда түлектің ӘОО-да оқуына жұмсалған қаражатты өтеуіне тура келеді. Себебі ӘОО-да оқу РФ мем­лекеттік бюджетінің есебінен тегін жүр­гізіледі.

Біздің елде де әскери кафедраға оқуға қабылданған студенттер «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңға сәйкес офицерлік лауазымдарда екі жыл әскери қызмет өткеру туралы міндеттеме қабылдайды. Әскерге шақырылып жатқан запастағы офицерлер саны кейінгі жылдары біршама көбейтілді. Нақты айтсақ, 2022 жылы Үкіметтің «Запастағы офицерлерді әскери қызметке шақыру туралы» қаулысына сәйкес небәрі 190 запастағы жас офицер әскери қызметке шақырылды. 2023 жылы әскери қызметке шақырылуға жататын запастағы офицерлердің саны 635-ке жеткізілді. 2024 жылы запастағы 600 офицер армияға аттанды. Биыл бұл көрсеткіш 915-ке жеткізілді. Запас­тағы офицерлер, негізінен, Қарулы күштерде, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінде, Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланында және Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімшелерінде қызмет етіп жүр.

Шынтуайтында, запастағы офицерлер армияда және өзге әскери бөлімшелерде сардарлар жетіспегендіктен әскери қызметке шақырылады. Бұл – әскері­міздегі офицер лауазымының беделі әлі де жеткіліксіз екенімен де байланысты кемшілік. Мысалы, еліміздегі әскери оқу орындарына құжат тапсырған талап­керлер саны 1 орынға 2 адамнан да кел­мейді. Ал бауырлас Түркияда 1 орын­ға орташа 450–500 талапкерден келеді екен. Сондықтан да Наполеон Бонапарт­тың «Өз әскерін асырағысы келмейтін халық жат әскерді асырайды» де­ген әйгілі сөзін жадымызда ұстап, армия­мыздың күш-қуатын арттырудан, соның ішінде офицерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартып, беделін арттырудан қаржы аямауымыз қажет. Жуырда сенатор Дархан Қыдырәлі осы тақырыпта Үкіметке депутаттық сауал жолдап, онда мектептердегі бастапқы әскери даярлық және офицерлер даярлау жүйесін жетілдіру мәселелерін сыни тұрғыдан көтерді. Үкіметтің оған берген ресми жауабында: «Әскери білімнің жоғары деңгейде танымал болмауы оны алу кезіндегі қиындықтармен және сын-қатермен, сондай-ақ азаматтардың әртүрлі санаты үшін экономикада анағұрлым сұранысқа ие мамандықтар бойынша мемлекеттік және жеке гранттардың болуымен байланысты. Осыған байланыс­ты әскери қызмет пен әскери білімнің беделін арттыру аясында Жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудің 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді (Үкіметтің 24.11.2023 ж. № 1039 қаулысы)» делінген. Алайда Сенат депутатының: «Әскери кафедралар түлектерінің саны – 120 мың. Жыл сайын 7 мың түлек бітіріп шығатынын ескерсек, алдағы 10 жылда олардың саны тағы 70 мыңға артады. Әскерге адам жетіспейді дейміз, сонда запастағы офицерлер мен сержанттар саны қатардағы сарбаздан көп болып кетпей ме?» деген сауалы жауапсыз қалыпты. Әрине, бұл арнайы ғылыми зерттеу жүргізіп, соның негізінде ғана  тиісті шешім қабылдайтын мәселе де болар.