Форум • Кеше

Елімізде ғылым саласы бойынша HR-форум өтті

60 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен еліміздің ғылыми және жоғары білім беру ұйымдарына арналған республикалық HR-форум өтіп, оған өңірлерден ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының адами ресурстарды басқару жөніндегі мамандары, HR саласының сарапшылары, университет басшылары және оқытушылар қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елімізде ғылым саласы бойынша HR-форум өтті

Ауқымды шараның салтанатты ашылуында Ғылым және жоғары білім министрлігінің Персоналды дамыту және басқару департаментінің директоры Айнұр Мырзабекова министр Саясат Нұрбектің құттықтау хатын оқып берді.

«Бұл форум – еліміздің білім және ғылым жүйесіндегі HR саласын дамытуға, заманауи кадрлық саясатты жетілдіруге бағытталған маңызды алаң. Қатысушылар арасында тәжірибе алмасуға, үздік практикаларды бөлісуге және адами капиталды басқарудың жаңа тәсілдерін бірлесе айқындауға мол мүмкіндік беретін игі бастама. Адами ресурстар кез келген ұйымның табысты дамуының негізі. Сондықтан кадр саясатын тиімді жүргізу, дарынды мамандарды тарту мен ұстап қалу, олардың кәсіби дамуына жағдай жасау – біздің ортақ міндетіміз», делінген хатта.

фото

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректорының міндетін атқарушы Еркін Шажаұлы Дүсіпов өз сөзінде форумда адами капиталды дамытудың жаңа тәсілдері, кадрлық үдерістерді заманауи талаптарға сай бейімдеу жолдары талқыланатынын атап өтті.

Шара барысында баяндамашылар жоғары оқу орындарындағы HR-менеджменттің өзекті мәселелерін көтеріп, академиялық ортадағы кадрлық процестерді цифрландыру, кадрлық резерв қалыптастыру, тиімді мотивациялық механизмдер мен оқытушыларды кәсіби тұрғыда қолдау тетіктерін жетілдіру жолдарын ұсынды.

«Форумға ведомстволық жоғары оқу орындары шақырылып, 63 университеттен 78 адам келді. Шарада қатысушылар тәжірибе алмасып, еңбекпен қамту саласындағы бар мәселелерді талқылады, кадр мамандарын толғандырған, соның ішінде біліктілік талаптары мен университеттердің академиялық еркіндігінің таралу деңгейіне қатысты сұрақтар қойды. Біз кері байланыс алып, маңызды сұрақтар қойдық, болашақтағы өзара іс-қимыл жолдарын айқындадық», деп атап өтті QyzPU HR-департаментінің директоры Юлия Микропуло.

Кездесу аясында Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің HR-департамент директоры Еркін Тастанқұлов өз пікірін білдірді.

«Форумға арнайы келгеніме өте қуаныштымын. Бүгінгі республикалық HR-форум – Конституцияда көрсетілген адами ресурстардың маңыздылығына негізделген, жоғары деңгейде ұйымдастырылған маңызды іс-шара. Елде сапалы білім жүйесін қалыптастыру үшін ең алдымен адами капиталды дамытуымыз қажет. Қазіргі таңда жоғары оқу орындарының деңгейі біртіндеп артып келеді. Егер біз технологиялық дамудан қалыс қалғымыз келмесе, адам ресурстарымен тікелей жұмыс істейтін мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған шараларды жүйелі түрде өткізіп тұруымыз керек. HR саласының өкілдерінің біліктілігін арттыру арқылы біз сапалы білім беретін білікті мамандарды жұмысқа тартуға жол ашамыз», деді.

Қазақстанның білім және ғылым жүйесі үшін маңызды оқиғаға айнаған HR-форум еліміздегі жоғары оқу орындарында кадрлық әлеуетті стратегиялық дамыту мен HR-тәсілдерді жаңғыртуға мүдделі кәсіби мамандарды біріктірді.