
Айтысқа жиналған жұрт орталық фойесіндегі өңірдің өнер мен мәдениет саласындағы жетістігіне арналған көрмемен танысты. Көрме төріне «Алтын домбыра» сайысында үш мәрте озық шыққан Сыр жүйрігі Мұхтар Ниязов пен былтырғы сайыста жерлестерін қуантқан Мейірбек Сұлтанханның, жыл басында жас ақындар арасындағы «Күміс домбыра» айтысында үздік деп танылған Бексұлтан Орынбасардың табысы – қос алтын, бір күміс домбыра қойылды. Мың орындық залға сыймай, сөз додасын түрегеп тұрып тамашалағандар көп болды.
Мемлекет және қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахманов төрағалық еткен қазылар алқасының құрамында Қазақстанның Еңбек ері, Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ғалым Жайлыбай, Мәдениет саласының үздігі, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов, сондай-ақ айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мэлс Қосымбаев болды. Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтай жүргізген сөз додасында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорданың ел байтағы атанған кезеңінің 100 жылдығы асыл мұрамыз айтыспен басталып жатқанын жақсы ырымға балайтынын айтты.
«Мемлекет басшысы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда келесі, V отырысты Сыр бойында, кезінде қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынды. Алқалы жиында қабылданған бұл тарихи шешім аймақ жұртшылығының мерейін асқақтатты. Бұл – біз үшін зор мәртебе, Президентіміздің өңірімізде атқарылған жұмысқа берген оң бағасы деп білеміз. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, бірлік пен ұлт тұтастығының алтын діңгегіне айналған қасиетті Сыр өңіріне келген қадамдарыңыз құтты болғай!», деді облыс басшысы.
Елдің әр өңірінен жиналған 12 ақын бақ сынасқан айтыста әр жұпқа тақырып беріліп, ел алдына бірінші Мейірбек Сұлтанхан мен шығыстың шаң жұқтырмас жүйрігі Рүстем Қайыртай шықты. Сөзін заманында бар қазаққа қадірі бөлек Құнанбайдың Сырға сапар шеккенінен бастаған Мейірбек ежелгі ізбен келіп отырған қарсыласына сәттілік тіледі. «Саған да бөтен емес Сырдың елі, сөйлей бер сахнада сарсаң болмай» деген Мейірбекке Рүстем түйдектете жауап берді.
Келесі жұп – Жансая Мусина мен Мақсат Ахановқа берілген тақырып Шәмші Қалдақовтың 95 жылдығы болды. Тақырыпты әдемі әзілмен әдіптей таратқан ежелгі қарсыластардың өнері көпті тәнті қылды. Айтысты «Үш дәуірдің астанасы – Сыр елі, мұнда адам бақытты өмір сүреді» деп аяқтаған Жансая мен Мақсаттың өнері тең бағаланды. Ақтөбеден келген Нұрбол Жауынбаев пен шымкенттік Нұрмахан Жақыпбектің сөз сайысы да залдағы жұртты бір серпілтіп тастады.
Сыр елінің мақтанышы Мұхтар Ниязов пен айтыс сахнасына ұзақ үзілістен кейін қайта оралған Сара Тоқтамысованың, Бекарыс Шойбеков пен Дидар Қамиевтің, Аспанбек Шұғатай пен өнердегі жолын жаңа бастаған Злиқа Наурызалина арасындағы сөз сайысын тапжылмай тамашалаған жұрт дәстүрлі өнерге қапысыз құрмет танытты.
Таңнаң кешке дейін жалғасқан аламан айтыстың бас жүлдесі Сара Тоқтамысоваға бұйырды. І орын Мейірбек Сұлтанханға, II орын Мұхтар Ниязовқа, ал III орын Рүстем Қайыртай мен Мақсат Ахановқа берілді. Жансая Мусина мен Бекарыс Шойбеков арнайы жүлдемен марапатталса, Дидар Қамиевке, Аспанбек Шұғатайға, Злиқа Наурызалинаға, Нұрбол Жауынбаев пен Нұрмахан Жақыпбекке 500 мың теңгеден сыйақы табысталды.
Қызылорда