
Алайда ұлы тұлғалардың өмірін бей-берекет қаузап, алып-қашпа әңгімелер өрбитіні секілді, Шоқанның да қыршын тағдырына, атқарған еңбектеріне, өліміне қатысты ауық-ауық қауесет пен долбарға құрылған лепестер көп. Солардың қатарына Шоқанның ғұмыры, әсіресе оның қайтыс болу себептеріне байланысты неше түрлі дабыра сөздер бар. Бірсыпыра жұрт Шоқанның бес томдық шығармаларында жинақталған қыруар деректерді, кейіннен табылған мұрағат мәліметтерін елемей, хабардар болмай, зерделемей-ақ, дәйексіз долбарларға бой ұратындай болып көрінеді. Содан ба екен: «Шоқанға у берген, атып кеткен, ол 1865 жылы туберкулезден көз жұмған жоқ, орыстың құпия қызметінің адамы болғандықтан, астыртын түрде одан кейін де өмір сүрген», деген дақпырт әңгімелер оқтын-оқтын желпілдеп тұрады.
Тіптен: «Шоқанның туберкулезден қайтыс болғаны туралы уәж ол өлгеннен кейін жиырма жылдан соң ғана айтыла бастады, Ресейдің құпия қызметі Шоқанға у беріп (немесе атып) өлтіргенін ақтау үшін осындай өтірікті әдейі ойлап тапқан», деген қауесетті де естуге (оқуға) мәжбүр болып жүрміз. Оны «ақиқат» ретінде төндіріп айтушылар, Шоқан қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай-ақ Санкт-Петер-борда шыққан «Орыс географиялық қоғамының 1865 жылғы қорытынды есебінде» Ф.Р.Остен-Сакен және «Сибирский вестник» газетінде Н.М.Ядринцев сынды ғалымдардың қазанамалары жарияланғанын, полковник А.К.Гейнстің 1865 жылғы күнделігінде оның туберкулезден көз жұмғаны жайында жазылғанын, сірә, білмесе керек (Уәлиханов Ш. Шығармалар жинағы, 5 т. 1985: 275, 276, 272 б.).
Шын мәнінде, ғылыми деректер Шоқанның өкпе дерті – туберкулезден, қазақша айтқанда «өкпе құрты ауруынан» көз жұмғанын дәйектеді. Бұл ретте Шоқанның жан досы, құрдасы, әйгілі шығыстанушы ғалым Григорий Потаниннің естелігіне назар аударсақ та жеткілікті. Алаш көсемдері – Әлихан, Ахмет, Міржақып сияқты ұлы тұлғаларымыз: «қазақты туғанындай жылы көреді», «қазаққа Потаниннің аты ардақты», деп аса жоғары бағалаған осы қадірлі ғалым, әйгілі саяхатшы кадет корпусында оқып жүрген кездің өзінде, Шоқанның бойында өкпе ауруының нышандары болғаны жөнінде жазып кеткен. «Шоқан жаз сайын ауылына барып, қымыз ішіп, оңалып қайтып жүрсе де, кадет корпусын өкпе туберкулезі (чахотка) белгілерімен бітірді... Петербордың ауа райы оның онсыз да әлсіз денсаулығын төмендеткені сонша, дәрігерлер оны емделмесең болмайды, деп туған жеріне қуғандай етіп жіберді», дейді ол (Сонда: 363; Валиханов Ч.Сочинения. – СПб., 1904. ХХVІІІ б.). Шоқанмен Петерборда, Омбыда тығыз аралас-құралас болған ғалым Н.Ядринцевтің де айтары осы. Шоқанды 1863 жылғы қыстыгүні Омбыда көрген кезінде: «Оның денсаулығының әлсіздігі, өкпесінің дертті (чахоточный) екені анық байқалатын. Соған қарамастан ол тағы да Петерборға баруға жиналып жүрді», – деп науқасын нақтылап көрсетеді (Сонда: ХХХVІІІ б.; Уәлиханов Ш. 1984. 1 т. 98 б.).
Шоқанның 1864 жылдың соңы мен 1865 жылдың басындағы қыс мезгілінде генерал Г.А.Колпаковскийге жазған хаттарынан, оның бойын меңдеп, күннен-күнге асқына түскен өкпе дертінің өршу барысын байқау қиын емес. 1864 жылғы 2 желтоқсанда Колпаковскийге жазған хатының соңында ол: «Менің кеудем ауырып жүр. Істеген жақсылығыңыз болсын, маған құстыратын бір майдәрі немесе кеудемдегі іріңді босататын (тек сүлік емес) және тер шығаратын бірдеңе беріп жібере алмас па екенсіз», деп өтініп сұрайды (Уәлиханов Ш. Шығармалар жинағы, 5 т. 1985: 166 б.).
Ал 1865 жылы ақпанның 19-ы күні жазған хатында (Шоқанның әзірге бізге белгілі жазбаларының ішіндегі ең соңғысы) оның халінің нашарлай түскені тіптен анық байқалады. Ол соның алдында ғана Семей облысының әскери губернаторы қызметіне ауысқан Колпаковскийге: «Сіз кеткен кезде маған суық тиіп жүр еді: кеудем мен тамағым ауыратын. Тамағыма назар аудармай, кеудеме ем жасағам, енді кеудем жазылған сияқты болғанымен, жұтқыншағымның ауырғаны сонша, асты әзер жұтамын, дауысым тіптен шықпай қалды. Верныйға жетуге жолдың ауырлығы мен жайлы көліктің жоқтығы мүмкіндік бермегендіктен, мен өзімді қазақтың құшнаш-емшісінің қолына тапсырдым. Оның не дәрі ішкізіп жатқанын бір құдайдың өзі білсін. Әйтеуір қол қусырып өлгеннен гөрі осы дұрыс», деп ауыр науқасы жайынан хабардар етеді (Сонда: 174).
Ғалым соңғы хатын қинала жазғанын байқау қиын емес. Зерттеушілер осы хатта Шоқанға тән әдеттегі жорға қолтаңбаның ізі әзер танылатынына қарап-ақ, туберкулез дертінің өрши түскенін бағамдауға болады дейді (Валиханов Э. // Сб. мат. Чокан Валиханов и современность, 1988: 316. Шоқан Колпаковскийге жазған соңғы хаттарындағы өкпесінің іріңдегені, жұтқыншағының ауыратыны, тамақты әзер жұтатыны, дауысы шықпай қалуы – дәрігер мамандардың пікірінше, туберкулездің белгілері. Әдетте көктем шыға өршитін сол құрт ауруы ақыры 1865 жылы 10 сәуірде Шоқанды да алып тынды...
Шоқан 1864 жылдың маусым айының соңында полковник Черняев басқарған Әулиеата жорығынан Алматыға оралып, шілденің басында Омбыға қарай шыққанымен, жолшыбай ұлы жүздің албан руының аға сұлтаны Тезек Нұралиннің Алтынемел бекеті маңындағы ауылына жеткен кезде, науқасына байланысты аялдағаны, ақыр соңында сонда ұзағынан тұрақтап қалғаны белгілі. Осында ол Тезек төренің немере қарындасы Айсары арумен отау құрады.
Шоқан өмірінің соңғы кезеңіне қатысты ауық-ауық бой көрсетіп қалатын қауесеттер қатарына – оның ақырғы айларының осы Алтынемел төңірегінде қалай өткенін (1865 жылдан кейін де ғұмыр кешу мүмкіндігін) сан-саққа жүгіртіп долбарлайтын алып-қашпа әңгімелерді жатқызуға болады.
Бұл ретте мәселенің әу баста – оның туыс інісі поручик Сұлтанғазы (Ғази) Уәлиханов есімімен шатастырылудан туындағаны ғылыми ортаға біраздан белгілі.
Сұлтанғазы – Шоқанның атасы Уәлі ханның бәйбішеден туған ұлы, әкесінен қалған хандық тақты бере қоймадың деп орыс билігіне реніш артып, ақыры оның соңы саяси сенімсіздікке ұласып, Березовке (Қайыңтұраға) жер аударылған аға сұлтан Ғұбайдолланың немересі еді. Бұл да, Омбы кадет корпусын 1859 жылы корнет шенімен аяқтайды. Батыс Сібірдің генерал-губернаторы Гасфорт кіші Уәлихановты өзіне адъютант етіп алады. Алайда Гасфорт 1861 жылы доғарысқа шығып кеткесін, оны басқа қызметке ауыстырып жібереді. 1863 жылы наурыз айынан бастап, генерал-майор Колпаковскийдің қарамағында қызмет ете бастайды. Содан полковник Черняев басқарған Әулиеата жорығына қатысады. Осы жылдары ол Алтынемел маңындағы Тезек ауылына, Шоқан ағасы тұрған кезде соғып, Айсарының сіңлісі Қарашашқа үйленіп, ағасы Шоқан сияқты аға сұлтан Тезектің ауылында тұрып қалады. Осы тұста Ресей билігі Тезек төре мен күйеу баласы Сұлтанғазы екеуіне Жетішәр билеушісі Жақыпбекпен байланыс орнатты, қарамағындағы елді Құлжаға көшіріп әкетуге үгіттеді, жергілікті халық арасында шырық бұзатын зиянды әңгімелер таратты деген айыптар тағылып, олар алты ай абақтыға да жабылады. Кейін 1869 жылы бұлар жазадан құтылады.
Жоғарыдағы Сұлтанғазы Уәлиханов пен Тезек төреге патша өкіметі тарапынан сенімсіздік тудырған осы жайт бірқатар зерттеушілер тарапынан Шоқан атына да ауық-ауық телініп қалатыны неліктен деген сауалға келейік. Біз оған әуелде себепкер болған бір кілтипан – Шоқанның бес томдық шығармалар жинағының 1968 жылы шыққан төртінші томының 444-446 беттерінде жарияланған «Түркістан генерал-губернаторының әскери министрге хабарламасы» және «Бас штаб бастығының әскери министрге мәлімхаты» атты, алғашқысының жазылған уақыты 1865 жылдың 11 ақпаны, кейінгісі 1865 жылдың 7 сәуірі деп қате көрсетілген қос құжат дер едік.
Ал мәселенің анығына келсек, назарға алынып отырған бұл қос құжат 1865 жылы емес, одан төрт жыл кейін – 1869 жылға қатысты деректерге саяды. Шоқанның төртінші томы (1968 ж.) дайындалып жатқанда «1869» деген санның көне құжаттарда көмескі болып көрінген соңғы «9» таңбасы (шамасы техникалық себептерге байланысты) «5» санына байқалмай ауысып кеткен. Яки құжаттардағы «штабс-ротмистр Уәлиханов» деп жазылған адам – Шоқан емес, Ғази (Сұлтанғазы) Болатұлы Уәлиханов болатын (Сонда: 690-691).
Жылы қате көрсетіліп кеткен осы қос құжаттың 1865 жылға сәйкеспейтін тұстары мұнымен ғана шектелмейді. Мәселен, ондағы Түркістан генерал-губернаторы деген лауазымның өзін-ақ алалық. Құрамына Жетісу және Сырдария облыстары енетін бұл жаңа генерал-губернаторлық 1867 жылғы 11 шілде күні ғана құрылған. Батыс Сібірдің генерал-губернаторы А.П.Хрущов туралы да солай. Ол бұл қызметке 1866 жылғы 28 қазанда тағайындалған. Сондай-ақ «штабс-ротмистр Уәлихановты Жетісудан басқа жаққа ауыстыру туралы» әскери министр Д.А.Милютинге мәлімхат жазған Бас штаб бастығы генерал-адъютант, граф Ф.Л.Гейден де бұл қызметіне 1866 жылдың басында ғана тағайындалған болатын.
1867 жылдың қарашасынан штабс-ротмистр шенін алған Ғази Уәлиханов, осы құжаттарда айтылғандай, оның атына қатысты туындаған күдіктерге байланысты, арнайы пәрменмен 1869 жылғы шілде айының басында өзінің туыстары мекендейтін Ақмола облысына күштеп ауыстырылады.
Бір айта кетерлік нәрсе, Шоқанның 1968 жылы шыққан 4-томын-дағы бұл құжаттардың жылы қате көрсетілгендігі – өз кезінде көзі қарақты зерттеушілердің дәлелдеуі арқасында түзетілген де болатын. Сол себепті де Ш.Уәлихановтың бес томдық шығармалар жинағының 1984–1985 жылдарда жарық көрген екінші академиялық басылымына (жауапты редакторы Ә.Марғұлан) Шоқанға қатысы жоқ бұл деректер енген жоқ. Алайда алғашқы бес томдыққа абайсызда кіріп кеткен осы қос қате дерекпен ғана танысу мүмкіндігін алған (яғни оның кейіннен түзетілгенін білмейтін) шоқантануға қызығатын кей зерттеушілер әлі де оны Шоқанға қатысты шын ақиқат ретінде қабылдап, кәдімгідей сеніп жүр. Жылы абайсызда қате берілген сол құжаттарға байланысты өрбіген алып-қашпа әңгімелер ауық-ауық белең беріп қалады. Шоқанға қатысты нағыз ақиқат осындай деген сыңайдағы пайымдаулар айтылады, отызға жетпей өкпе құрты ауруынан (туберкулезден) қыршын кеткен ұлы ғалымымыздың қазасына күмән келтіріледі. Ол туралы да қаншама ғылыми дәйектердің, естеліктердің бар екені есепке алына бермейді, оның өлімін сан-саққа жүгіртушілер әлі де ұшырасып қалады...
Шоқанға қатысты кейінгі кезде байқалған жаңа қауесеттің бірі – «одан ұрпақ қалыпты-мыс» деген долбардың шыға бастағаны дер едік. Оны қуаттаушылардың жорамалынша, Шоқан көз жұмғанда, Айсары «аяғы ауыр болған-мыс, содан аға сұлтан Шыңғыстың тапсырмасымен Шоқанның інісі Жақып оны Сырымбетке алып келгеннен кейін босанып, Мәлік атты ұл туыпты-мыс», делінеді. Сол долбарға сүйенген Мәліктің тараған ұрпақтардың бірі, оның шөбересі болып келетін Дулат Мәліков дейтін азамат, кейінгі жылдары өздерін Шоқаннан тарадық, деген уәжге кәдімгідей иланып, көнекөздер айтыпты-мыс, жазып кетіпті-міс дейтін қолхат қағаздарды тапқанын алға тартып, оларды ақпарат құралдарында жариялауға көше бастапты. Оның айтуына қарағанда, бұл «шындық» біраз зерттеушілер тарапынан қолдау тауып отырған көрінеді. Осы қолпаштауларға сүйенген Д.Мәліков мырзаның биылдан бастап өз жорамалын дәлелдемек ниетпен ғылыми конференцияларда баяндама жасауға кірісіп кеткенін де көз көрді.
Ал бұл мәселенің анығы қалай дегенге келсек, әуелі академик Ә.Марғұланның Шоқанның бес томдық шығармалар жинағында (1961, 1984) өкпе құрты дертімен арпалысып, беті бері қараудан күдер үзген Шоқанның әкесіне: «Қажыдым, күшім бітті, қан-сөлім кетіп, құр сүйегім ғана қалды, кешікпей жарық дүниеден кетермін. Менің аяулы туыстарым мен достарыммен көрісуді тағдыр жазбай тұр. Бұл менің соңғы хатым. Қош болыңыздар, баршаңызды құшағыма алдым... Жетісуға келіп, бейшара Айсарыны елге алып қайтыңыздар, оны мархабатты қамқорлығыңыздан шет қалдырмаңыз» деп хат жолдағаны айтылады. Ұлының ақырғы тілегін орындау үшін Шыңғыс сол 1865 жылдың жазында Көкшетаудан екінші ұлы Жақыпты бас етіп, Тезек төренің ауылына бір топ кісі жібертеді. Олар Алтынемелге жеткесін Шоқанның басына қыштан күмбез орнатуға араласады. Содан соң Жақыптың дімкәстанып қалуына байланысты, ол сонда бір айдай аялдауға мәжбүр болып, жазылған соң ғана Айсарыны төсек-орнымен ел жаққа алып қайтады.
Жақыптар Алтынемелде жүрген шақта, Қазақ даласы мен Түркістан өлкесін басқарудың жаңа жүйесін жобалау жөнінде полковник А.К.Гейнс басқарған комиссия аға сұлтан, полковник Тезек Нұралиннің күзеуде отырған ауылына келіп, Айсарының отауына арнайы бас сұғып, Шоқанның мезгілсіз қазасына қатты қайғыратындарын білдіріп, шын қамығудан туған көңіл қоштарын айтады. Гейнс сол сапар барысында жүргізген күнделігінде Айсарының «реңі өте қайырымды екен», деп атап өтеді және бұл естелікте Жақыптың Айсарыны Сырымбетке алып қайтуына қатысты: «Қазақтың әмеңгерлік дәстүрі бойынша, Айсарыға қайнысы Жақып үйленуі керек. Жеңгесін алып қайтуға бір айдай бұрын келген Жақып осында науқастанып қалуына байланысты, өзінің жазылғанын күтіп жатыр екен», дейтін дерек те бар. Бұл күнделікке ескі күнтізбемен есептегенде 1 қараша күні түскен сөйлемдер. Онда «Жақып жақын күндері жолға шыққалы отыр» деген сөз жоқ, «денсаулығы дұрысталғанын күтіп отыр», делінген. Яки, қайтар жолға шығар болса, қарашаның ортасына таман ғана (жаңа күнтізбемен қарашаның соңында) аттануы мүмкін.
Осы ретте жоғарыда тілге тиек болған Шоқанның Колпаковскийге жазған соңғы хатына қайырыла назар аударуға тура келеді. 1865 жылғы 19 ақпан күні жазылған ол хатта Шоқан өзінің «қатты науқастанып жатып қалғанын» хабардар етіп еді ғой. Ақыры ол содан оңалмай, 1 ай, 22 күннен кейін бақиға аттанды. Енді есептеп көрелік. Осы хат жазылған ақпан айының соңынан – Гейнс пен Гутковскийдің Айсарыға көңіл айтқан 1 қарашаға дейін арада 8 айдан астам уақыт өтіпті. Егер Айсарының аяғы ауыр болса, айы-күні жақындап, екіқабат екені анық байқалып тұратын уақыт қой. Алайда Гейнс күнделігінде Айсарының аяғы ауыр екені туралы бірауыз сөз жоқ, ондай қалде болса, міндетті түрде атап көрсетілер еді.
1895 жылы атақты шығыстанушы Н.Потанин Көкшетау өңіріне ғылыми сапармен келген кезінде өзінің жан досы Шоқанның ауылына арнайы соғып біраз күн қонақ болады. Оның сол сапар туралы жазған «Соңғы қазақ ханзадасының киіз үйінде» атты тамаша мақаласы бар. Ол жайлауда отырған Шыңғыс сұлтанның ауылына жеткенде Жақыппен кездесіп жақын араласады. Потанин Шыңғыс сұлтанның 85 жасқа келсе де әлі бақуатты екенін, 52 жыл бірге ғұмыр кешкен бәйбішесі Зейнептің жеті-сегіз жыл бұрын өмірден өткенін, үш жылдай бұрын төсек жаңғыртқанын жазады. Потанинді Шыңғыстың үлкен үйіне ертіп кіргенде «Шыңғыс сұлтан төрге жайғасыпты, оң жағында бәйбішесі, оның қасында Шәукібай қыз шай құйып отырды», деп жазады (Сонда: 320 б.). (Шәукібай – Жақып пен Айсарыдан туған қыз, Шәукібай – еркелетуден туған есім. Шын аты – Рабиға). Ауыл жайлаудан қайтып Сырымбеттегі ата қонысқа қарай беттеген кезде, Потанин Шыңғыстың анасы Айғаным ханша салдырған орданы арнайы барып көреді. Бұл үлкен үйде Шыңғыс сұлтан кенже ұлы Қоқыштың отбасымен, қосалқы (флигель) үйде үшінші ұлы Мақы, Жақыптың ажырасқан әйелі (яки Айсары) оның балаларымен (с его детьми) және молда тұрады, деп жазады (325 б.). Осы жерде Айсарының балаларының Жақыптан туғаны «с его детьми» деп ап-анық көрсетіліп тұр емес пе!?
Бұл орайда Шоқан ғұмыры мен шығармашылығының теңдесі жоқ бас білгірі, атақты академик Әлкей Марғұлан жазған даусыз айғақты да қосып айтуға тура келіп тұр. Әлекеңнің 1958 жылы Сырымбетке арнайы барып, көзі қарақты қариялармен әңгімелесу арқылы қағазға түсірген, 1982 жылғы 2 сәуір күні «Қазақ әдебиеті» газетінде «Шоқан туралы естеліктер» деген атпен жарияланған, кейіннен Әлекеңнің 14 томдық шығармалар жинағының 2011 жылы шыққан 10-томына «Шоқан туралы оның ұрпақтарының жарқын естелігі» (173-201 б.) атауымен енген күнделік-мақаласындағы құнды деректер Айсарының Шоқаннан екіқабат болуына қатысты долбарды біржола жоққа шығарады. Өкінішке қарай, біздің орыс тілді шоқантанушыларымыз Ә.Марғұланның қазақ тілінде жазған қаншама іргелі еңбектерін, қазақша жазылған басқа да терең зерттеулерді, кітаптарды оқи алмайтындықтан, көп нәрседен кемшін, мақұрым қалып жүретіні шындық.
Сырымбетке ғылыми іссапармен арнайы келген Әлкейдей кемеңгер тұлғамызға көп дерек берген адамның бірі – сол кезде жасы тоқсанға таяп қалған Құлыш ақсақал (Жақыптың ұлы) екен. Ол кісінің айтуынша: «Жақып Айсарыны алып келу үшін Жетісуға 25 адаммен бірге барған. Олардың ішінде Имантай Сәтбайұлы, Сәдуақас, Жолтабардың Мұқаны сияқты жігіттер болыпты. Айсарыны Алтынемелден елге қарай (қараша айының соңында – Ж.Б.) алып шыққанымен, қыс ауасында жылжу қиындық туғызғасын, жолшыбай Баянауылдағы нағашысы Шорман ауылында қыстап, жаз шыға ғана елге жетіпті... Айсары Жақыптан үш бала туған. Мариям, Мәлік, Рабиға... Жақыптың үш әйелі болған, үлкені Ману – Тұрлыбектің қызы, екіншісі Ғалия – керей Өсіптің қызы (Құлыштың анасы), үшіншісі – Айсары. Ол кісі ұзын бойлы, сұңғақ, сабырлы, салмақты адам екен. Бірақ Айсарының өмірі өзге әйелдеріндей асқақ емес, бағыныңқы болған. Шыңғыстың тірі күнінде Айсары оның аяулы қамқорлығына бөленген, одан кейін еншісі Шоқанның кенже інісі Қоқышпен (Нұрмұхаммед) бірге болыпты» (Марғұлан Ә. Шығармалары. X том. 192 б. 2011). Бұл деректен Айсарының Сырымбетке келесі жылы жазға қарай, Шоқан көз жұмғаннан бір жыл өткеннен кейін ғана жеткені нақтыланады. Мәлік ұрпағымын дейтін азамат тарапынан айтылып жүрген «елге аяғы ауыр болып келді» деген дақпырттың төркіні осы жайтқа орай туындауы кәдік. Яки Айсары Мәлікке жүкті болып келіпті-міс деген долбарды Шоқанмен байланыстырудың еш қисыны жоқ. Егер Айсары елге екіқабат күйінде келді деген әңгіме рас болған күннің өзінде, оның ол перзентті Жақыптан көтергені шүбә тудырмайды...
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ортасында Сырымбетке барған алғашқы іссапарымызда 1958 жылы академик Ә.Марғұланға көп құнды дерек айтқан Құлыш қарияның ұлы Қайролла ақсақалдың өзімен әңгімелескеніміз де бар. Ол кісіден біз де: «Шоқаннан ұрпақ қалды ма?» деп сұрағанымызда: «Қалған жоқ. Айсары әмеңгерлік салтымен Жақыпқа шыққаннан кейін, одан Мәриям, Мәлік, Рабиға атты перзенттер көрді», деп нақтылап айтқан болатын. Қайролла ақсақалдың ол жауабы біздің Шоқан туралы жазған үлкенді-кішілі кітаптарымызда жарияланып та жүр.
Ұлы Шоқанның күрделі тағдыры, қыршынынан қиылған ғұмыры, сірә да, түгесілмейтін тұңғиық тақырып. Ол туралы қанша ғылыми, әдеби шығармалар жазылса да аздық етпейді. Алайда олардың Шоқан өміріне, өліміне қатысты оқта-текте ұшырасып қалатын кей қауесеттерге бой алдырмай құрылғанын қалар едік.
Жарылқап БЕЙСЕНБАЙҰЛЫ,
жазушы, шоқантанушы, филология ғылымдарының кандидаты