
фото: odbtomsk.ru
Денсаулық сақтау министрлігі апта сайын ел аумағындағы аурушаңдық деңгейі мен жаһандық жағдайға мониторинг жүргізіп отыр.
«Жыл басынан бері COVID-19-дың 362 жағдайы тіркелді. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылық деңгейі 3,4 есеге төмендеген, өлім жағдайы тіркелген жоқ. Ауру жеңіл түрде өтіп жатыр, пациенттер амбулаториялық жағдайда ем қабылдап жатыр», делінген хабарламада.
Айта кетейік, елімізде вирустың айналымы мен мутацияларына тоқсан сайын қадағалау жүргізіледі. Биыл анықталған барлық жағдайларда – 100% көрсеткіш бойынша – Омикрон нұсқасы тіркелген. Атап айтқанда, JN.1 тармағы және оның LF.7.1.3, LP.8.1, LF.7.6 пен KP.3.1.1 қосалқы түрлері анықталған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, сәуір мен мамыр аралығында әлемде 23 164 расталған жағдай тіркелген. Қазіргі уақытта жаһандық деңгейде Омикронның LP.8.1, JN.1, NB.1.8.1 және басқа да нұсқалары айналымда жүр.
Дамира ТӨЛЕГЕН
ЕҰУ студенті