
Киіз үй алдындағы қазақ қызы
Қытайдағы қазақтар қоныстанған Құмыл, Баркөл өңірлеріне ат басын бұрған олар жол бойында қазақ ауылына кездеседі. Қыстауда отырған қазақ ауылының жағдайын өз көзімен көреді. Одан әрі құлдилап, Үрімжіге қарай бет алған тұста үш жиһанкез жылқышыларды жолықтырады. Олардың одан кейінгі сапары Үрімжіде жалғасады.
«Үрімжінің оңтүстік қақпасында мұсылмандардың саны мол. Мұнда батыстық үлгідегі сауда үйлері де баршылық. Олар негізінен ноғай, дүнген, чанту және орыстарға тиесілі. Сауда алаңында қазақтардың да бәсі жоғары болып тұр. Бір қазақ азаматы былғары баумен беліне дейін келетін кең қой терісінен жасалған шалбар киіп алыпты. Оның тұмағы жарқыраған гүлді матадан тігілген, мойын, құлақ және бетті қорғайды, қапсыра байланған және бүркіт қауырсындарымен қапталған». Авторлар кітапта өздері көрген қазақ бейнесін осылай суреттейді.
Олардың ендігі сапары Шәуешек арқылы Сібір аумағында жалғасады. Осы жолда үш жиһанкез кеңестік Қазақстаннан Қытайға қарай босып бара жатқан қазақтарды кездестіреді.
«Ресей тарапынан болған аштыққа тап болған олар ауа көшіп барады. Кеңес өкіметі көшпелі өмірді қаламайды. Ал қазақтар оларға бағынғысы жоқ. Шаруалар ұжымдық ауыл шаруашылығы жүйесіне мойын бұрғысы келмейді. Олардың қарсылығы күшейген сайын, мал саны азайып, аштық жайлады».
Халқымыздың тағдырын, санын, өмірін біржола өзгерткен алапат аштық туралы жиһанкездер осылай сыр қозғайды. Ауа көшіп, елінен босып бара жатқан жұртқа кездескенін жазып, бір кездегі солақай саясаттың қателігі туралы жазады.
Кітаптың келесі бетінде авторлар киіз үйдің алдында тұрған жанары мұңлы қазақ қызының суретін жариялайды. Ешқандай сілтемесіз берілгеніне қарағанда, өздері түсірген сурет болуы керек.
«Біз бірнеше босқынның қасынан өтіп, оңтүстікті бетке алдық. Жолдың шетінде қатты әлсіреген бір адам отыр. Пиотрден (арбакештің аты) аштықтан әлсіреген шығар деп сұрадым, ол «иә» деп жауап берді. Оған бір үзім нан бердік. Ол орнынан тұрып, тағзым етті. Кездескен тағы бір адамның тектінің тұқымы екенін түсіндік. Ол инженер екен. Архангелдің солтүстігіндегі бір лагерьде жылдар бойы тұтқында болыпты. Өліп-талып жүріп, қашып құтылып, Түркістан өлкесіне табан тірепті. Төрт күннен бері нәр татпағаны шындық. Жол бойы оның көрмеген азабы жоқ».
Бұны авторлар 1932 жылы 21 қыркүйек күнгі естелігінде жазыпты. Осыдан бір ғасыр бұрынғы алапат ашаршылықтың ұлт тарихындағы зардабы ауыр. Сонау Батыс әлемінен еліміздің территориясына келіп, ашаршылықтан босқан елдің қиын сәтін көрген авторлардың бұл жазбасы біз үшін аса құнды дерек.