Құрыш қаланың «ақылды» қондырғылары
Құрыш қала бүгінде өндірістің жаңа тынысын ашты. Соның айқын мысалы – заманауи технологиялық тәртіпке негізделген «Қазпромалюминий» ЖШС. Дәстүрлі металлургияның қағидаларын сақтай отырып, цифрлық шешімдерді өндірісіне батыл енгізген кәсіпорын өңірдің индустриялық келбетін қалыптастырады.
Зауыттағы өндіріс диаметрі 127 миллиметрлік алюминий билеттерден басталады. Цилиндр пішінді металл құймасы алдымен револьверлік пеште 460–480°C-қа дейін қыздырылады. Бұл – металды балқыту емес, оны қалып арқылы өткізуге икемдеу. Бас инженер Иван Половинкиннің айтуынша, үдерісті қарапайым ет тартқыш қағидасымен түсіндіруге болады: жоғары қысыммен қозғалған шток металды арнайы матрица арқылы итеріп шығарады. Қандай қалып орнатылса, дәл сондай профиль алынады.
Престен шыққан сәтте температурасы 500 градустан асатын профильдер 24 метрге дейін созылады. Кейін металл ішкі кернеуден арылып, геометриялық дәлдігі қалпына келтіріледі. Айына 350 тоннаға дейін дайын өнім шығаратын зауытта 6060 және 6063 маркалы қорытпалар пайдаланылады. Бұл қоспалар тоттануға төзімділігімен әрі беріктігімен ерекшеленеді.
Кәсіпорын өнімдері құрылыс индустриясында кең сұранысқа ие. Ғимарат қасбеттері, көше жарықтандыру жүйелері, интерьерлік әрлеу элементтері – бәрі де Теміртаудан жөнелтіледі. Астанадағы бірқатар нысанның конструктивтік элементтері осы зауытта дайындалған. Қазір жергілікті қамту үлесі 61 пайызды құрайды. Зауыт директоры Олжас Жамбыл алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, өңірлік үлесті арттыруды мақсат етіп отыр.
Цифрландыру зауытта тек технологиялық үдерістерді оңтайландырумен шектелмейді. Мұнда жасанды интеллект өндірістік қауіпсіздіктің негізгі құралына айналған. Экструзия үдерісі жоғары қысыммен жүретіндіктен қауіпсіздік мәселесі бірінші кезекте. Осыған байланысты кәсіпорында Computer Vision жүйесі енгізіліп жатыр. Жүйе жұмысшының каскасы, қорғаныс қолғабы мен арнайы киімінің бар-жоғын автоматты түрде анықтайды. Қауіпті аймаққа рұқсатсыз жақындау тіркелсе, дыбыстық белгі беріліп, өндіріс желісі тоқтайды.
Алдағы кезеңде предиктивті талдау жүйесін іске қосу жоспарланып отыр. Бұл жабдықтың тозуын болжап, ақаудың алдын алуға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде өндірістің тоқтап қалу тәуекелі азайып, тиімділік артады.
Осылайша, Теміртаудағы бұл зауыт дәстүрлі металлургия мен озық технологияның үйлесімін көрсетеді. Құрыш қаланың жаңа индустриялық бет-бейнесі – дәл осындай жаңашыл өндірістер арқылы қалыптасып келеді.
Өнеркәсіптің «жедел жәрдемі»
Өңірдегі «Транзит» компаниясының негізінде құрылған «Teleport 3D» бүгінде отандық өндіріс орындары үшін шын мәніндегі өнеркәсіптің «жедел жәрдеміне» айналды. Себебі ірі зауыттарда қымбат қондырғының бір ғана бөлшегі істен шықса, тұтас желі тоқтап, кәсіпорын орасан шығынға ұшырайды. Бұрын мұндай жағдайда шетелден қосалқы бөлшекті айлап күтетін. Ал қазір Даниил Рощупкин жетекшілік ететін инженерлер тобы жасанды интеллект пен аддитивті технологияларды ұштастырып, мәселені санаулы күннің ішінде шешіп береді.
Компанияның басты артықшылығы – жеке бір бөлшекті басып шығару емес, толық инженерлік циклді игеруінде. Тапсырысты қабылдаудан бастап, есептеу, цифрлық модельдеу және өндіріске енгізуге дейінгі үдеріс бір орталықта жүзеге асады. Бұл ретте жасанды интеллект инженердің сенімді серігіне айналған.
Кәсіпорын әзірлеген арнайы ЖИ-агент детальға түсетін жүктемені, температуралық режімді және жұмыс ортасын бірнеше секундта сараптайды. Ең маңыздысы – жүйе интернеттегі жалпылама деректерге емес, компанияның ішкі базасындағы қатаң мемлекеттік стандарттарға сүйенеді. Соның нәтижесінде есептеу дәлдігі 99 пайызға дейін жетіп, тапсырысты өңдеу мерзімі үш есе қысқарған.
Цех жұмысы кері жобалау технологиясына негізделген. Яғни бұзылған бөлшек жоғары дәлдіктегі сканер арқылы зерттеліп, оның цифрлық нұсқасы жасалады. Инженерлер әлсіз тұстарын жетілдіріп, жаңартылған үлгіні өндіріске енгізеді. Мұнда стандартты полимерлермен қатар, авиация мен ғарыш саласында қолданылатын карбон және шыны талшықты композициялық материалдар пайдаланылады. Геометриялық дәлдігі жоғары мұндай бөлшектер күрделі конвейерлер мен сорғы стансаларындағы металл тетіктерді алмастыра алады.
Компанияның қызмет ауқымы да кең. Мұнай-газ және тау-кен саласына арналған ірі механизмдерден бастап, тұрмыстық еттартқыштың тісті бұрандасына дейін әзірлейді. BMW автокөліктерінің шам корпустары мен Halyk Bank банкоматтарына қажетті арнайы қондырмалар да осында жасалады. Бүгінде кәсіпорын еліміз бойынша 5 мыңнан астам серіктеспен жұмыс істейді, ал цифрлық платформаны әлемдегі 96 елдің пайдаланушылары қолданады. Әсіресе америкалық пайдаланушылар көп. Олар қолданушылар саны жағынан төртінші орынға шығуы – отандық өнімнің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін айғақтайды.
Аддитивті технологиялардың әлеуметтік маңызы да айқын. Компания өткен жылы жақ сүйегіне жасалған күрделі операцияға қолдау көрсетіп, компьютерлік томография деректері негізінде жоғары дәлдіктегі хирургиялық шаблон дайындаған. Бұл дәрігерлерге операция барысын нақты жоспарлауға мүмкіндік берді. Сондай-ақ медицина студенттеріне арналған адам миының бөлшектелген макеттері әзірленген.
Протез пайдаланатын жандар үшін 3D-сканерлеу арқылы сау аяқтың пішінін қайталайтын эстетикалық қаптамалар дайындалады. Бұл темір өзекті жасырып қана қоймай, табиғи көрініс береді. Тапсырыс берушінің қалауына қарай түрлі түсті өрнекті нұсқалар ұсынылады.
Бар-жоғы 11 инженерден құралған ұжым Қарағандыдан бастап, әлемдік нарыққа жол тартты. Халықаралық ISO 9001 сертификатын иеленіп, Германияның DDT компаниясының ресми дилері атанған кәсіпорын өнімдерінің ел ішіндегі қамту үлесі 80 пайызға жетіп отыр.
Қысқасы, екі бағыт, бір мүдде: бірі – цифрлық инженерия арқылы өндірістің үздіксіздігін қамтамасыз етсе, екіншісі – дәстүрлі металлургияны интеллектуалды басқару жүйесімен толықтырып отыр. Осындай жобалар отандық индустрияны жаңа сапалық деңгейге көтереді.
Қарағанды облысы