Заң мен Тәртіп • 03 Маусым, 2025

Жаңа заңға бір жыл толады: тұрмыстық зорлық тыйылды ма?

120 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

2024 жылдың 15 сәуірінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған маңызды заңға қол қойды. 16 маусымнан бастап күшіне енген бұл құжат елдегі отбасылық зорлық-зомбылықпен күресте жаңа кезеңнің бастауы болды. Енді жеңіл дене жарақаты мен ұрып-соғу әрекеттері тек әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілікке жатады. Жаңа заңның шеңберінде агрессорға қатысты бұрын болмаған шектеулер: үйден уақытша шығару, алкогольден тыйым салу, міндетті психокоррекциялық курстардан өту сынды шаралар енгізілді. Еркектер неге айрандай ұйып отырған отбасының шырқын бұзып, сүйіп қосылған жарына озбырлық көрсетеді? Тұрмыстық зорлық-зомбылық не себептен туындайды? Жаңа заң қабылданған бір жылға жуық уақыттың ішінде отбасындағы зорлық-зомбылық қаншалықты азайды? Egemen.kz тілшісі журналистік зерттеу жүргізіп көрді.

Жаңа заңға бір жыл толады: тұрмыстық зорлық тыйылды ма?

Фото: Ашық дереккөз

Қорған болар отбасы неге қорқыныш ошағына айналды

 

Отбасындағы тыныштықтың бұзылуына себеп болатын нәрсе көп. Еркектің жұмыссыз қалуы, күйбең тірлікте қаржылық қиындықтың туындауы, несие қамытынан құтыла алмау, ағайын арасындағы алауыздық, ене мен келіннің басының бірікпеуі айта берсе жетіп артылады. Көп жағдайда осындай тұрмыстық қиындықтарға төтеп бере алмаған отағасы ащы суға салынып, арақ деген әзәзілмен дос бола бастайды. Арақ жүрген жерде азғындық пен айқай-шу бірге жүретіні белгілі. Ер-азаматының тірлігіне көңілі толмаған әйел, әйелдің сөзін көтере алмаған еркек. Мұның соңы күштінің әлсізге күш көрсетуімен аяқталады. Бір рет әйеліне қол көтерген еркек одан кейін өзін тоқтата алмайды. Әйелін ұрып,аузын жаптыруды әдетке айналдырады. Күйбең тірлікпен қатар көзсіз қызғаныш та әлімжеттікке себеп болып жатады. Ашуға ерік берудің соңы әйелін өлтіріп тынуға дейін апарып жатқаны өкінішті.

Соңғы кездері жылдар бойы күйеуінің қылығына шыдап, төзіп, ашу-ызасын ішіне жинап келген әйелдердің де бір мезгілде көтеріліп, жұбайын пышақтап, балталап өлтіріп қоятын жағдайлар да белең алып келеді. Отбасындағы сыйластық пен сенімнің жоғалуы, бір кездегі аяулы жанның қолынан ажал құшуға себеп болып жатыр. Әке мен ананың бірі қара жер қойнына, екіншісі түрмеге тоғытылып, шиеттей бала өмірлік күйзеліс пен жетімдіктің зардабын тартып қалып жатыр.   

 

Шенеуніктер неге әйеліне күш көрсетеді

Жоғарыда отбасындағы зорлық-зомбылыққа тұрмыстық тауқымет, ақшаның жетіспеуі, несиенің көптігі себеп болатынын айттық. Десекте, елімізде жалақысы жоғары, бизнесі бар, жағдайы жақсы, елге танымал, билікте жоғары лауазымдарды иеленіп, мінберлерде жалынды сөздер сөйлеп жүрген азаматтардың да отбасындағы бет бейнесі өзгеріп, агрессорға айналып, әйелдерін ұрып-соғып, тіпті өлтіріп қоғам назарын өздеріне аударып жүргендері жетерлік. Танымал шенеунік Қуандық Бишімбаев өз әйелінің өліміне себепкер болғаннан кейін ғана жылдар бойы табу болып келе жатқан тақырып талқыға салынып, сең қозғалып, жоғарыда аталған заңның қабылданғаны белгілі.

Билік өкіліне артылар сенім – тек мемлекеттік қызметтегі міндетпен өлшенбейді. Ол отбасы үлгісін, адамгершілік қасиетті, заңға мойынұсынуды да қамтиды. Алайда кейбір шенеуніктер бұл сенімді жеке үстемдікке айналдырып, отбасына зорлық көрсетіп келген. Мәселен,  Марат Айтенов, Сәкен Мамаш сынды шенеуніктердің әйелдеріне күш көрсету фактілері әлеуметтік желілер мен медиа кеңістікте кеңінен талқыланды. Бұл деректер қоғамдағы стереотиптерді шайқап, «зорлық тек кедейдің үйінде болады» деген түсініктің жалған екенін көрсетті.

Психолог не дейді

Психолог Сая Бақимованың айтуынша, адам билікке ие болған сәттен бастап, оның ішкі бақылау тетіктері әлсірей бастайды. Егер оның айналасындағы орта зорлықты байқамай, үнсіз қолдап тұрса, ол өз әрекетін «қалыпты» көреді. Оның айтуынша, зорлық-зомбылық пен биліктің арасында тығыз байланыс бар.

«Иә, бұл билікпен байланысты. Адамда алдымен агрессияға бейімділік болады. Сосын ол осы ішкі күйін іске асыру үшін билікке ұмтылады. Яғни билік – мақсат емес, құрал. Ол құрал арқылы өз үстемдігін, ішкі агрессиясын заңсыз болса да ақтауға, жүзеге асыруға тырысады» дейді психолог.

Зорлық-зомбылық құрбандарына жиі қойылатын бір сұрақ бар «Неге кете салмайды?» Психологтың айтуынша, бұл сұрақтың астарында зорлықтың мәнін түсінбеу, оның күрделілігін бағаламау жатыр.

«Адамдар арасындағы қарым-қатынас – өте күрделі құбылыс. Бәрі ақ пен қарадан тұрмайды. Бір адамға неге шыдайды деп айту – дұрыс емес. Өйткені көп әйел үшін қарым-қатынаста тек зорлық жоқ, өзге де байламдар бар: ортақ естеліктер, бала, әлеуметтік қысым, материалдық тәуелділік. Кеткісі келсе де, барар жері, басар тауы болмағасын шыдап жүргендері қаншама. Егер өз үйі, тұрақты табысы, әлеуметтік қолдауы болса, ажырасу статистикасы қазіргіден әлдеқайда жоғары болар еді», дейді психолог.

Мамандар кейбір әйелдер тіпті өздерінің зорлық көріп жүргенін мойындамайтынын атап өтеді. Өйткені зорлықтың өзі оларға «махаббат», «қызғаныш», «тәрбие» ретінде көрінуі мүмкін. Осылайша жәбірлеуші өзінің әрекетін бүркемелейді, ал жәбірленуші қалыпты жағдай ретінде қабылдайды.

 Заң қабылданғалы зорлық-зомбылық азайды ма

ІІМ өкілдері жаңа заңның күшіне енуі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты статистиканың айтарлықтай төмендеуіне себеп болғанын айтады.

ІІМ-нің сауалымызға берген жауабына сүйенсек, 2024 жылы 16 маусым мен 31 желтоқсан аралығында тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 40 012 хабарлама келіп түскен. Бұл көрсеткішті сәйкес кезеңімен салыстырсақ 28%-ға азайған. Ал 2023 жылы 16 маусым мен 31 желтоқсан аралығында 55 453 хабарлама түскен.

Сонымен қатар, ІІМ биылғы жылдың басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 22 322 хабарлама келіп түскенін мәлімдеді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20%-ға төмен (2024 жылдың 4 айында – 28 189).

Мемлекет бұл мәселені жүйелі шешу үшін нақты шараларды қолға алып отыр. 2025 жылдың басынан бастап 32,2 мың жанжалқой әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардың ішінде 11,5 мыңы қамауға алынған. Бұл көрсеткішті 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырсақ  әкімшілік жауапкершілікке 35 083 адам тартылып, тек 5,9 мыңы ғана қамауға алынғаны белгілі болды. Бұл құқық бұзушыларға қатысты қатаң шаралар қабылдана бастағанын көрсетеді.

Агрессорлармен түзету жұмыстары жасалды

«Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл шеңберінде Ішкі істер министрлігі еліміздегі 70 дағдарыс орталығымен (оның ішінде 59-ы баспанамен қамтамасыз етілген) бірлесіп жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл орталықтардың 50-і тек тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсетуге маманданған. 2025 жылдың басынан бері 2 мың әйел аталған орталықтарға жіберіліп, олардың 320-сы баспанаға орналастырылды», деп хабарлады министрлік өкілдері.

Осы уақытқа дейін елімізде агрессорларға қатысты негізінен жазалау шаралары қолданылып келді. Алайда бұл тәсілдің тиімділігі төмен екені байқалған. Себебі жәбірленушілерге көмек көрсетілгенімен, агрессорлармен нақты түзету жұмыстары жүргізілмеген. Осыны ескере отырып, Ішкі істер министрлігі Фридрих Эберт қорының әдістемелік қолдауымен «ODARA» халықаралық құралын енгізу бойынша пилоттық жоба жүргізді. «ODARA» – Канадада әзірленген және тұрмыстық зорлық-зомбылық тәуекелін бағалауға арналған жүйе (Ontario Domestic Assault Risk Assessment). Жоба 2023 жылғы наурыздан бастап 2025 жылғы қаңтарға дейін жүзеге асырылды.

Нәтижесінде, отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтар мен азаматтардың қайталама өтініштерінің саны 15%-дан 7,9%-ға дейін төмендеді. Сонымен қатар, мүдделі мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар арасында тиімді ведомствоаралық өзара іс-қимыл жолға қойылды. Психологиялық түзету курсынан өткен агрессорлардың отбасыларында жанжалдар қайталанбаған.

Жоба аясында жиналған мәліметтер негізінде ІІМ 2025 жылғы 22 қаңтарда №50 бұйрықпен қазақстандық ұлттық стандартты бекіткен. Бұл әдістеме құқық қорғау органдарына қайталама құқық бұзушылық жасау тәуекелі жоғары тұлғаларды уақтылы анықтап, алдын алу шараларын қабылдауға мүмкіндік береді.

 Түйін

Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықты тоқтатуға бағытталған заң қабылданып, тұрмыстық зорлық саны азайғанына қарамастан, бұл мәселе әлі де өзекті.  Жаңа заң аясында енді агрессор — лауазымы қандай болса да, заң алдында бірдей жауап береді. Ал жәбірленуші үшін «үндемей көне сал» емес, «қорғалуға құқығым бар» деген жаңа парадигма қалыптаса бастаған.