
Суретті түсірген – Қымбат Иманғали
Жұмысшы мамандықтары жылына орай ұйымдастырылған байқауға аймақтың әр түкпірінде балдан бұлақ ағызып отырған омарташылар келіп қатысты. Омарта ұстап отырған шаруалардың қатары көп болғанымен, кейінгі жылдары бал арасын асылдандыру сынды жұмыстар кенжелеп қалған. Ол туралы арашылар сан рет айтқан. Алайда тоқымдай жері тоқсан түрлі гүлге толы шығыста бал арасының бабын үйрететін мектеп жоқтың қасы.
Ара – құдіретті жаратылыс. Олардың жасайтын алты қырлы ұяшықтарының өзі – жұмбақ құбылыс. Ал ондаған шақырымнан көзге көрінер-көрінбес бал тасуы – нағыз еңбекқорлық. Жұмысшы ара бар-жоғы 35–40 күн ғана өмір сүрсе, сол уақыт ішінде тірнектеп жинаған балы жарты шай қасыққа да толмайды екен. Ал омартаның патшайымы бес жылға дейін өмір сүреді.
Сөйтіп, бір күнге созылған омарташылар байқауында шеберлік сағаттары өткізілді, бал таңдаудың сан түрлі жолы айтылды. Бірі химиялық заттар дамыған заманда жақсы бал таңдау оңай емес десе, енді бірі оңтайлы жолдарын нұсқады.
«Жақсы бал таңдау үшін майлыққа бір тамшысын тамызып көруге болады. Егер бал жайылып кетсе, сапасыз. Қоп-қою болып орнында қалса, еш ойланбастан сатып алуға болады», дейді катонқарағайлық омарташы Валентина Кәсенова.
Айта кетерлігі, омартадан бал ғана өндірілмейді. Одан басқа адам ағзасына пайдалы ондаған түрлі өнім бар. Балауыздан бастап, гүлдің түйіршікті тозаңына дейін қолжетімді. Перга, прополис те мың да бір ауруға ем.
Іс-шара соңында қазылардың шешімімен 45 жылдан бері бал шайқап отырған Игорь Свиринский жеңіске жетіп, 150 мың теңгенің сертификатына ие болды. Ардагер омарташы бүгінгі таңда 400 ұя ұстап отыр. Сондай-ақ шарада өңірдің бірқатар омарташысы ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен және Құрмет грамотасымен марапатталды.
Шығыс Қазақстан облысы,
Глубокое ауданы