Өнер • 03 Маусым, 2025

«Әпкемен» әрленген мерейтой

60 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының актрисасы, режиссер, «Парасат» орде­нінің иегері Нұрлыгүл Жұбатова мерейтойын Дулат Исабе­ков­тің «Әпке» қойылымындағы басты рөлімен атап өтті.

«Әпкемен» әрленген мерейтой

Суретті түсірген – Мәди ҒҰБАЙДУЛЛИН

Нұрлыгүл Өтемісқызының сахналық ғұмыры Орал театрымен бірге жасасып келе жатыр. Өнер ұжымының белді мүшесі, Мәде­ниет саласының үздігі атанған сахна шебері талай мәрте халықаралық, респуб­ликалық байқаулардың бас жүлдесін жеңіп алған.

Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Сердеш Қажымұратов қойған «Әпке» пьесасы бұ­дан ондаған жыл бұрын Орал театрының сахнасында қо­йылып, көрермен көңілі­нен шыққан болатын. Нұр­гүлдің қайраткерлік болмысын, қажырлы да қайсар мінезін ашатын осы қойылымды мерейтой иесі қайта «тірілтті». 10 жылдан кейін актриса «Қа­мажай» рөліне қайта оралып, көрерменмен қауышты. Бұл кеш — театрсүйер қауым үшін де, сахна үшін де ерекше сәтке айналды. Актрисаның жүрек­тен шыққан шынайы ойыны көрер­менге ерекше әсер сыйлады.

«Қойылымды 10–12 жыл бұрын да тамашалап едім. Бірақ бүгін жаңадан көргендей болдым. Актриса өз рөлін жар­қы­ратып ойнады, нағыз об­раз­ға ену де­генді көрсетті. Оның ойнағаны рөлдегі әпке ме, шы­найы әпке ме, ажырату қиын. Тұтас қойы­лымды өзінен тартып, басты рөлді сомдау де­геннің не екенін көрсетті. Нағыз актриса екенін тағы да мойындатты» дейді қойы­лымды көріп шыққан Светлана Бақышева.

Мерейтой аясында актриса­ның өнер жолы бейнеленген ша­ғын көрме, деректі фильм көрсетілді. Ал кеш соңында Батыс Қазақ­стан облысы әкі­мінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев сахнаға шығып, өнер шеберіне құрмет көр­сетті. Облыс басшысының атынан құттықтау айтып, мерейтой ие­сі­нің иығына шапан жапты. Театр қайраткерлері одағы Батыс Қа­зақ­стан облыстық филиа­лының төрағасы Эль­мира Мақашева ұйым жетек­шісі, Қазақстанның Ха­­лық әртісі Тұңғышбай Жаманқұ­лов­­тың атынан құттықтау хат тапсырды.

 

Батыс Қазақстан облысы